Таным • Бүгін, 08:40

Жыланнан – жылқыға

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұқым қазақ қана емес, жер беті жабылып бір жылдың басын қақшып тастап, жаңа 2026 жылдың күнтізбелік парағына үмітпен көз жіберіп тұр.

Жыланнан – жылқыға

Бір күн, бір апта, бір ай емес, бір жылмен қош айтысып, жаңа аспанға жаутаң-жаутаң қарайды. «Аспан болған соң, ашығы жақсы» дейтін Оралхан Бөкей. Аллаға шүкір, алаш баласының аспаны ашық, ел аман, жұрт есенде жылдың жаңа күнтізбесімен есен көрісті. «Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын» дейтін халқымыз бұл жылы да әр қиынға қарманары сөзсіз. Бейбіт елдің берекесі үшін жыл түгілі ай туғанда бата қылатын ел бұрынғы әдетінен жазбаса, алмайтын асу жоқ.

Басқа басқа, қазақ бала­сының өткен жылға өкпесі жоқ шығар. Қайта елдің ішкі, сыртқы жағдайы бұрын­ғысынан гөрі реттеліп, жаһан­дық даму тетіктерін дер кезін­де қолға алып жатқан сияқты­мыз. Жа­санды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл са­ла­да жастар жаңалықты үдетіп келе­ді. Шетел­дегі қазақ ғалымдары «Отан­дас ғалымдар» форумында тұң­­ғыш рет Астанада бас қосты. Олар қашанда мемлекетіміздің да­муы­на мүдделі екенін білдіріп, қол­дан кел­генін аянбайтынын мәлімдеді.

Жалғыз Отанымыз Қазақ­стан дейді және қызмет етуге дайы­н. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің алпауыт елдерінің көшбасшыларымен келіссөздер жүргізіп, халықаралық аренада беделге ие болды. Атап айтқанда, Қытай, Жапония, Ресей, АҚШ және Еуропалық одақпен «Орталық Азия +» форматында саммиттер өткізді. Ташкентте Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII консультативтік кездесуіне қатысты. «Барлық алпауыт мемлекеттер Қазақстанның маңызын сезінді және мойындады. Еуропа елдері мен Жапония саяси және экономикалық байланыстарды нығайтуға ниет білдірді, – деп жазды ресейлік журналист Леонид Млечин.

а

Елдің етегі қымталып, сырты бүтін­деле түскені өз алдына, өрісі кеңігені осындайда білінеді. Сәйкесінше, ішкі ахуал да тұрақты. Елдігіміздің бір сипаты хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойында білінгендей. Ұлылар мекені Семейге әр облыс хал-қадерінше бір-бір нысаннан салып беруді кемеңгердің тойында ырым етіп, қадасын қағып бас­тап кеткен аймақтар да бар. Халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымы қалап, мемлекет ұйғаруымен Ақтау бір жыл бойы түркі әлемінің мәдени астанасы рөлін атқарды. Онда түбі бір түркі елдерінің мәдениеті мен ортақ мұралары қайта жаңғырып, көшпелілер өркениетінің туы желбіреді де тұрды. Жыл басынан соңына дейін 30-дан астам халықаралық іс-шара жүзеге асыпты. Мұнда мемлекетіміздің түркі елдері бірлігін нығайтуға бағытталған тұрақты мәдени саясаты айрықша рөл атқарды. Президенттің мәдениет, ғылым мен білім, жастар алмасуы салаларындағы нақты бастамаларға негізделген түркі интеграциясы жөніндегі ұстанымы бүкіл түркі әлемінде кең қолдау тауып, жоғары бағаланды. Ақтауда жүзеге асқан ТҮРКСОЙ жобалары сол баста­малардың нақты нәтижеге айналып, бауырлас ха­лықтарды бұрынғыдан да жақындастыра түскенін көрсетті. Бұл туралы Түркі мем­лекеттері ұйымы Ақса­қалдар кеңесінің төрағасы, Түркияның көрнекті қайраткері Бинали Йылдырым сөйледі:

«Қазақстан – Түркі әлемінің тұрақты­лығын қамтамасыз етіп тұрған тірек елдердің бірі ғана емес, оның қуатты орталығы. Түркі мемлекеттері ұйымын­дағы конструктивті рөлі, экономикалық орнықтылығы, бай мәдени мұрасы және тұрақты дамуы Қазақстанды Түркі елдерінің арасында көшбасшы деңгейге көтеріп отыр», деді ол Маңғыстауда өткен «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының жабылу салтанатында. Ел көлемінде бұдан да басқа елеулі оқиғалар өтіп, ниетіміз бен пейіліміз бір арнаға тоғысқанын термелеп түбіне жетпесіміз анық. Айналып кел­генде, жалғыз-ақ тірек мынау: «Бетеге кетсе, бел қалар, бектер кетсе, ел қалар, берекең кетсе нең қалар?» деген бабалар өсиеті. Демек, басты олжа – берекеміздің қашпағаны. Жүгіміз аумай, жүніміз жығылмай 2026-ға аяқ бастық. Ашық аспан астында жұртымыз тайлы-тұяғымен азаттықтың 35-жылын бастап жіберді. Әрі қарай өрісімізді кеңейтеміз десек, талаптыға Тәңірінің әрбір күні – құт-қазына.

P.S. Қаншама ізгі үміт пен нұрлы тілек, жарқын ой мен жақсы ниет келген жылдан қайыр күтіп, береке тілейді. Әр үміт пен ақ тілеуді бір-бір ұшқынға баласақ, жаңа жылда туған жұлдыздармен қоса жарқырап, жердің бетін қаншалықты жарықтандыра түсерін, әттең біз көрмейтін шығармыз. Бірақ түйсінуге болатын құбылыс. Қысты күнгі тымықта толған айдың астын кезсеңіз, әрбір көбелек қар өз алдына жарқырап ұшқын атарын көрген шығарсыз. Қар екеш қардың өзі сөйткенде, сіздің ізгілік жерде қалар ма? Талаптыға қанат бітіретін Тәңірі бар ғой. Ізгілікпен еткен әрекеттің түбі игілікке айналмай қоймайды. Жаңа күн мен айдан, жылдан жақсылық күтіп жасампаздық жолын бетке алатыны содан болса керек ұлтымыздың.

Келген жыл келісті һәм жемісті болғай!

Соңғы жаңалықтар