Қоғам • Бүгін, 08:20

Классикалық мәдениет тұлғалары

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлт мәдениетінің биігін әлемге танытқан дара тұлғалар уақыт өткен сайы­н биіктей түседі. Қазақ өнерінің қос алыбы – ән әлемінің хас шебері Ермек Серкебаев пен кино кеңістігінің классигі Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуының ЮНЕСКО аясында атап өтілуі – соның айқын дәлелі.

Классикалық мәдениет тұлғалары

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Бұл – бір елдің ғана емес, күллі адамзат мәдениетінің ортақ қазынасына айналған өнер иелеріне көрсетілген жоғары құрмет. Себебі ЮНЕСКО шеңберінде мерейтойлардың аталып өтуі – тұлғаның еңбегі ұлттық деңгейден асып, жаһандық маңызға ие болғанын білдіреді. Ермек Серкебаев пен Абдолла Қарсақбаев дәл осындай биікке көтерілген, қазақ руханиятының алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлер.

Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев – қазақтың кәсіби вокал өнерін әлемдік деңгейге шығарған бірегей дауыс иесі. Әншінің баритон үні – тек техникалық шеберлік емес, ұлттың мінезін, болмысын, ішкі жан тебіренісін жеткізген құдіретті дауыс. Қазақ опера өнеріндегі Абай, Қожағұл, Серке сынды бейнелер әнші орындауында жаңа көркемдік биікке көтерілді. Ол сахнада ән айтқан жоқ, халықтың тағдырын, тарихын, арманын сөйлетті. Сондықтан да Ермек Сер­кебаевтың өнері – уақытпен шектелмейтін рухани мұра.

Ал Абдолла Қарсақбаев – қазақ кино­сының жүрегіне айналған есім. Оның туын­дылары қарапайымдылығымен терең, шынайылығымен қымбат. Әсіресе «Менің атым Қожа» фильмі – бірнеше буынның санасына сәуле түсірген, адамгершілік пен адалдықты дәріптеген мәңгілік шығарма. Қарсақбаев кино арқылы қазақ баласының болмысын, ауыл өмірінің философиясын, ұлттық тәрбиенің мәйегін нәзік юмор мен үлкен жүрек арқылы көрсете білді. Режиссер камераны тек техника ретінде емес, адам жанына үңілетін құрал ретінде қолданды.

Ал қос тұлғаның шығармашылығын біріктіретін ортақ қасиет – шынайылық пен ұлттық рухқа адалдық. Олар өз заманында да, бүгін де көрермен мен тыңдар­манын жоғалтқан жоқ. Себебі нағыз өнер уақыттан биік тұрады. Тоқетерін түйгенде, Ермек Серкебаевтың үні мен Абдолла Қарсақбаевтың кино тілі – қазақ халқының жан дауысы. Сол дауыс бүгінде ЮНЕСКО мінберінен естіліп, адамзат мәдениетінің ортақ әуеніне айналуы – ұлтымыз үшін зор мәртебе. Бұл мерейтойлар өткенге тағзым ғана емес, болашаққа сеніммен қараудың жарқын нышаны.

Соңғы жаңалықтар