Фото: Көлік министрлігі
Техникалық тексеру нәтижесінде кейбір вокзалдар апатты жағдайда екені анықталған. Мұндай ғимараттар бұзылып, олардың орнына заманауи жаңа вокзал кешендерінің құрылысы басталған.
«Бағдарлама аясында вокзал аумақтары кеңейтіліп, инженерлік жүйелер жаңартылады. Сондай-ақ ғимараттардың қасбеттері мен ішкі көрінісі, күту залдары мен жолаушылар платформалары жөнделеді. Санитарлық жағдай мен қауіпсіздік деңгейі де жақсартылады. Жобаны іске асыру вокзалдардың өткізу қабілетін арттырып, көлік қызметінің сапасын жақсартуға және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға қолайлы жағдай жасайды», делінген Көлік министрлігі таратқан хабарламада.
Жөндеу жұмыстарын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қаражаты есебінен облыстық әкімдіктер таңдаған мердігер ұйымдар жүргізіп жатыр.
Вокзалдарды қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін жолаушылар заманауи күту залдарын, жаңартылған ақпараттық және навигациялық жүйелерді пайдалана алады.
Айта кетейік, ел аумағында қалыптасқан қолайсыз ауа райына байланысты «Жолаушылар тасымалы» компаниясы қосымша пойыздарды іске қосты.