Саясат • Бүгін, 09:10

Азық-түлік қауіпсіздігі – жіті бақылауда

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Онда азық-түлік қауіпсіздігі мен негізгі азық-түлік өнімімен өзін-өзі қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі нарықты мұнай өнімімен толықтыру мәселесі қаралды.

Азық-түлік қауіпсіздігі – жіті бақылауда

Еліміз екінші жыл қатарынан рекордтық дәнді дақыл өнімін жинап отыр. 2025 жылы жалпы алым 27,1 млн тоннадан асты. Майлы дақыл өнімі алғаш рет 4,8 млн тоннаға жетті. Картоптың жалпы өнімі 2,9 млн тонна. Бұл өткен жылғы деңгейден 300 мың тонна артық. Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Азат Сұлтанов атап өткендей, дәнді, бұршақты, майлы және көкөніс өндіру көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толықтай жауып, экспорттық әлеуетті қалыптастырады.

Биыл негізгі азық-түлік баға­сының динамикасына әлемдік баға конъюнктурасы мен логис­тикалық шығын секілді сыртқы фактор айтарлықтай әсер етті. Ең жоғары баға қысымы ет және сүт өніміне, сондай-ақ майға әсер етуі жалпы әлемдік тенденцияға сәйкес келеді. ФАО мәліметіне қарағанда, қарашадағы ет бағасы индексі 124,6 тармақ, май мен май 165%, сүт өнімі 137,5%. Биыл сиыр еті бағасының өсуі айқын көрінді. Бұл ішкі нарықтағы бағаны ұзақ жылдар бойы ұстап тұру кезіндегі сыртқы нарықтағы жоғары сұранысқа байланысты.

Жыл ортасынан бастап мем­лекеттік реттеуге жататын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақтандырыл­ды. Кейінгі алты апта қатары­нан ӘМАТ бағасының орташа индексі нөлдік деңгейде сақталып отыр. Баға мемлекеттік реттеу шаралары кешені мен нарықты тікелей қанықтыру есебінен тежелді. Оның қатарында негізгі позицияларға (тұз, жұмыртқа, картоп, күнбағыс майы) баға белгіленіп, тірі малды әкетуге тыйым салынды. ІҚМ еті экспортын квоталау бойынша отандық өндірушілермен меморандумдар жасалды.

Отандық тауар өндірушілер өнімін қолдау үшін Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын отандық өндіріс тауарына сөре кеңістігінің кемінде 30%-ын беруге міндетті ішкі сау­да субъектілерінің шеңберін кеңейтті. Осы жылдан бастап талап тек сауда желілеріне ғана емес, сонымен қатар барлық ішкі саудадағы шамамен 760 мың шаруашылық жүргізуші субъек­тілерге де қолданылады.

Мал шаруашылығын дамыту үшін 2026 жылы саланы дамытудың Кешенді жоспарын жүзеге асыру басталады. Құжат мал шаруашылығының барлық бағыты бойынша айналым қаражатына жеңілдікпен несие беруді, асыл тұқымды мал басын сатып алуды қаржыландыруды, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын дамытуды және саланы кадрмен қамтамасыз ету шараларын көздейді.

Отырыста импортқа тәуелді­лігі басым азық-түлік өндірісінің тұрақты өсуі атап өтілді. Кейінгі 11 айда ірімшік пен сүзбе өндірісі – 48,5 мың тоннаға (+8,7%), қант – 142,2 мың тоннаға (+18%), құс еті – 337,1 мың тоннаға (+3,3%), шұжық өнімі – 71,7 мың тоннаға (+6,9%), балық өнімі 65,2 мың тоннаға жетті (+9,5%).

Импортқа тәуелділіктен то­лық арылу үшін инвестициялық жоба­лар жүзеге асырылып отыр. Құс шаруашылығында жалпы қуаттылығы жылына 241 мың тонна ет болатын 167,9 млрд теңге сомаға 2028 жылға дейін аяқталатын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қант саласында 2026 жылы Жамбыл облысында қуаттылығы тәулігіне 8 мың тонна шикізат болатын Zhongkai Guoyuan (Anhui) қант зауытының құрылысы басталады. Алматы облысында «Qazaq Arab Sugar» инвесторымен бірінші кезеңде осындай қуатты зауыт салу туралы келісімге қол қойылды.

Ірімшікпен, сүзбемен және шұжық өнімімен қамтамасыз етуді ұлғайту үшін 2026 жылы 35,1 млрд теңге сомасына сүтті қайта өңдеу бойынша 10 жобаны және 32,8 млрд теңге сомасы­на етті қайта өңдеу бойынша 14 жобаны жүзеге асыру жоспар­ланып отыр. Шикізат базасын Сол­түстік Қазақстан облысы­ның тәжірибесін тираждау шеңберінде құрылатын жаңа тауарлы сүт фермалары (ТСФ) қамтамасыз етеді. Жалпы қуаттылығы жылына 540 мың тонна сүт өндіретін 95 ТСФ қаржы­ландырылып, оның ішінде 53 ферма пайдалануға берілді.

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешені өнімінің экспорты өсіп келеді. Өсімдік шаруашылы­ғын­да экспорт көлемі құндық мәнде 2,3 млрд доллар, 41,2%-ға арт­ты. Өсу бидай, күнбағыс майы, мал азығы, арпа және зығыр тұқымы секілді дәстүрлі экспорттық позициялар есебінен қамтамасыз етілді. Мал шаруашылығында экспорт 25,7%-ға өсіп, 222,6 млн долларға жетті.

Сыртқы нарықта отандық АӨК өніміне сұраныс тұрақты сақта­луда. Экспорттық жеткізі­лімнің 80%-дан астамы топ-10 импорттаушы елдің есебінен қалыптастырылады. Бұл ретте Орталық Азия, Қытай және Ресей елі, сондай-ақ Таяу Шығыс пен Еуропа мемлекеті негізгі нарық болып қала береді.

«Біздің міндетіміз – дәстүрлі нарықтағы позицияны нығайтып қана қоймай, жаңа перспективаны белгілеу есебінен экспорт аумағын дәйекті түрде кеңейту», деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Ол үшін сыртқы сауда-логисти­калық инфрақұрылым құры­лып, экспортты қолдау құралы кеңейтілуде. Қазақстан­дық өнім­ді ілгерілету үшін БАӘ, Моңғо­лия мен Индонезияны қосқан­да, бірқатар елмен ЕАЭО-ның еркін сауда туралы келісімі есебі­нен қосымша жағдай жасалған.

Экспортты қаржылық және инсти­туционалдық қолдау Экс­порттық-кредиттік агенттік және «QazTrade» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Жыл басынан бері АӨК өнімін экспорттаушыларға шамамен 119 млрд теңге қолдау көрсетілді. Экспорттық акселерация бағдарламалары мен сауда-экономикалық миссиялар жүзеге асырылып, олардың қоры­тындысы бойынша экспорттық келісімшарттар жасалады.

Отырыста ішкі нарықты мұнай өнімімен қамтамасыз ету мәсе­лесі де қаралды. Мұнай өң­деу саласын дамытудың 2025–2040 жыл­дарға арналған тұжырым­да­ма­сы әзірленген. Ол мұнай өң­деу көлемін 2025–2032 жылдары жы­лына 18 млн тоннадан 30 млн тон­наға, 2040 жылға қарай 40 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді.

Соңғы жаңалықтар