Білім • Бүгін, 08:12

Бір жүйе – сан сауал

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бізде көбіміз баса мән бере бермейтін бір сала бар. Бұл – мектепке дейінгі оқыту сатысы. Мұның маңызы – барлық білім жүйесінің іргетасы саналатынында. Бала оқу ошағына барамын дегенше дайындығы дұрыс болса, ол соғұрлым мектепте, одан кейін университетте қиналмайтыны кәдік. Сол себепті де ата-аналар балаларын балабақшаға неғұрлым тезірек орналастыруды қалайды. Дәл осы мәселе бізде толық шешімін тапты ма, биылға жүктелген міндет түпкілікті орындалды ма?

Бір жүйе – сан сауал

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Биыл мектепке дейінгі ұйым­нан орын алу механизмін­де елеулі өзгеріс болды. Негізі, атал­ған өзгеріс былтыр басталған болатын. Дәлірек айтсақ, еліміздегі бала­бақшалар былтырдан бастап вау­черлік қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшіріле бастады. Бұл қандай қаржыландыру? Жоғары білім жүйесіндегі мемлекеттік тапсы­рысты орындау тәртібіне ұқсайды. Мыса­лы, грантты ұтып алған талапкер қай жоғары оқу орнын таңдайды, сол университетке мемлекет қара­жат­ты жібереді. Осы тәсілмен енді мем­лекет ваучер арқылы ақшаны балабақшаларға емес, балаға береді. Биыл мектепке дейінгі оқыту жүйесіне қол жеткізудегі негізгі жұмыс  осы жаңа механизмнің барлық балабақшаға енгізілгені болды. Бүгінге дейін жаңа жүйеге 5 231 мектепке дейінгі ұйым қосы­лып, 726 мың балаға ваучер беріл­ген.

Жаңа механизм неге енгізілді? Бұған дейінгі индиго жобасы қоғамда көп сынға ұшырады. Қолданушылар оның жемқорлыққа құрылғанын айтып жиі шағымданатын. Одан балабақшаға келмейтін балаға да қаржы алып отырғандар анықталған. Соның кесірінен орын ала алмай жататын. Одан қалды көбі орын әпергіштерге жем болған жағдайлар да жиілеген. Осыған орай ваучерлік қаржыландыруға көшірілді. Қазіргі нәтижеге зер салсақ, әуелде қанатқақты режімде сынақтан өткізілген жоба­ға бүгінде 20 қала, 16 ауданнан балабақшалар қосылды. Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манар Адамова өткен аптада: «Жыл басынан бері 21 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделіп, жаңа ваучерлерді қаржыландыруға мақсатты түрде бағытталды. Бұл жүйе балабақша тізіміндегі «жансыздар» мен жалған жазбаларды анық­тауға мүмкіндік берді, сондай-ақ балабақша кезегін айтарлықтай қысқартты. «Ақша баламен бірге жүреді» қағидасымен жұмыс істейтін жаңа бастама ата-аналарға таңдауды өздеріне жасауға және балабақшаны ауыстыруға да жағдай жасап отыр. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретін адал бәсе­келестік тудырады», деп есеп берді.

Қолданушылар не дейді? Жаңа жүйені сынап жатқандар да, мақ­тау­шылар да көп. Осыған қарағанда, жетістігі де, жетілдіретін тұстары да баршылық. Мысалы, ваучерлік қаржыландыруға қатысты жазбаға жүйені қолданып көргендер түрлі пікір қалдырған. Соның бірін берсек, бір ата-ана: «Жаңа жүйе бойынша мен қолымда ваучер бола тұра тікелей өзім таңдап тұрған балабақшаның күту парағына кезекке тұра алмаймын. Себебі күту парағы бір балабақшадан екіншісіне ауысуға арналған. Фактіге келетін болсақ, маған ваучер алғаннан кейін 2 күндік мерзімім күйіп кетпес үшін қай жерден орын табылады, сол жерге баланы тіркеуім керек. Содан кейін ғана менің балам үшін күту парағына тұру мүмкіндігі ашылады. Ваучер алған сәттен бастап неге мен өзім таңдаған балабақшаға күту парағына тұра алмаймын? Мен орын жоқ екенін түсініп тұрмын, өзім қалаған балабақшаны күтуге дайынмын деп тұрмын», деген.

Ал екінші бір ата-ана: «Ваучерлік қаржыландыруды сынап жатқандар көп екен. Жаңа жүйе керісінше маған ұнады. Бұрынғыдай таңмен көзіңді тырмалап ашып, орынға таласпайсың. Орынның бәрі кезектен тыс тұрғандарға кетіп қалмайды, тең бөлінеді. Қысқасы, әділ жүйе. Иә, өте ыңғайлы екен. Әлде биыл біраз ата-ана ваучерлік жүйені түсінбей, кезек аз болды ма, әйтеуір таңдаған балабақшамызға орындар бірінен кейін бірі келді, тіпті қайсысын таңдайтынымызды білмей қалдық. Төрт балабақшаға дейін таңдай алатының, әсіресе «Бұл балабақшаны алайын ба?» деп ойлануға 24 сағат беретіні жақсы екен. Бұрынғы индиго нағыз жемқорлық жүйе еді. Талай адам «орын алып береміз» деген көмектескіштерге жем болды. Ал қазіргі жүйеде ешкім де араласа алмайды. Жүйе орындарды автоматты түрде өзі жібереді. Ең бастысы, ваучерің болса, күту парағында тұрсаң болды», деп оң пікір білдірген.

Тапсырма. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін. Осы іске жеке бизнесті тартып, қолдау­дың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржы­ландырудың ваучерлік тәсілін ойлас­тыру қажет. Ата-аналар кез келген бала­бақшаны таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады», деді.

Нәтиже. Республикадағы мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлік жүйеге көшті. Бұл қадам кезектілікті 44%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Президент қойған міндеттің орындалуына келсек, кезектегі 2–6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 95,9 пайызға жетті. Ата-аналар мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады, алайда таңдаған балабақшаға қол жеткізу үшін басқасына бара тұруға мәжбүрлейтін жағдайлар бар, бірден өзіңе ұнаған ұйымға орын босағанын күту мүмкіндігі жоқ.

Түйін: жаңа болған соң, әрине, сан сауал санада сайрайды. Сұрақтың болғаны да дұрыс, соның тиімді шешімін табу жүйені жетілдіреді. Бұл жылдағы басты бастамаға қысқаша тоқталдық, әрісі, иә, жұмыстың ендігі сапасы жаңа жылға жүк.

Соңғы жаңалықтар