Тағзым • Бүгін, 08:25

«Керуендей бұ дүниеге аз күн қонып...»

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақта «қазаға сабыр жолдас» деген тәмсіл сөз бар. 2025 жыл алаш руханияты тау тұл­ғаларынан айрылып, қабырға қайыстырған сан қайғыға сабыр етуге мәжбүр болды. Жылыстап өте шыққан жылан жылында біз қандай алыптардан көз жазып қалдық?

«Керуендей бұ дүниеге аз күн қонып...»

2025 жылдың 9 қаңтары күні классик қаламгер, әдебиет тарихын сан ғасырға тереңдеткен ғалым, халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған ша­ғында АҚШ-тың Мерилэнд штатында көз жұмды. Әдеби ортаны алғашқы туындыларымен мойын­датып, саналы ғұмырын сөз өнеріне бағыштаған алып тұлғаға мұхиттың арғы жағынан топырақ бұйырды. Қазақ жұртшылығы Мағауиннің қазасынан ес жиып үлгермей жатып, арада үш күн өткенде абайтанушы ғалым, филолог, профессор Мекемтас Мыр­захметұлы 95 жасында бақиға бет түзеді. Алаш бұқарасы Абай шығармаларын жаңа қырынан талдап, ғылыми айналымға енгізген абыз ақсақалмен қимай қоштасты.

Ақпан айының 22-жұлдызында әдебие­тіміздің ұжданы һәм айбары саналатын классик жазушы, әлем елдерінде пьесалары сахналанған драматург, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков 84 жасында мәң­гілік мекеніне көшті. 11 нау­рызда Нұрғиса Тілендиевтің жары, «Құлагер», «Алты жасар Ал­памыс», «Қоштасқым келмейді», «Жамбылдың жастық шағы» секілді көркем фильмдерде әртүрлі рөл­дерді сомдаған актер, «Қайран менің Нұрекем», «Қараталым», «Махамбет баба» атты ән-күйлер жазған сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дариға Тілендиева, ал, 19 наурызда «Қазақ кəдесі», «Қазақ мінезі», «Қазақ таныған гүлдер», «Қазақ аспан есебі» сынды кітаптардың авторы, этнограф Болат Бопай дүние салды.

Жылан жылының 22 сәуірінде қазақ әдебиетінің тағы бір алып бәйтерегі құлап, халқымыз классик қаламгер, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидан айырылды. 28 сәуірде 85 жастағы көрнекті фольклортанушы, Ұлттық Ғылым академия­сының академигі, филология ғылым­дарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов бақилық бол­ды. 10 мамыр күні 81 жасқа қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек дүниеден өтті.

Сондай-ақ қазақ бұқарасы 22 мамырда елімізге белгілі журналист, спорт комментаторы Диас Ахметшәріп, 10 маусымда жазушы, аудармашы, публицист Мақсот Ізімұлы, 17 шілдеде «Алмас қылыш» фильміндегі Керей хан рөлін сомдаған белгілі актері Қайрат Кемалов, 18 шілдеде Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын, драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай, 21 шілдеде белгілі журналист, жазушы, отандық ақпарат кеңістігінде өз қолтаңбасын қалдырған Мұхтар Түмен­бай, 4 тамызда ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев, 21 тамызда қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ағымсалы Дүзелханов, 23 тамызда «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі, белгілі журналист Айгүл Аханбайқызы, 30 қазанда журналист, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұрат, 11 қарашада көрнекті мәдениет қайраткері, филолог, әдебиет сыншысы, режиссер және сценарист Ғалым Доскен, 15 қарашада «Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова, 18 қара­шада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музы­калық драма театрының негізін қалаушылардың бірі Рымкеш Омарханова мен фельдшер Ұлдана Мырзуан (Астанада көп­қа­батты үйдің қаптамасы құла­ғанда азаматтарға жедел жәрдем көрсетуге барып, ауыр жара­қат алып, қаза тапты), 3 желтоқсанда көрнекті қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым ака­демия­сының академигі, еліміз­дегі диалектикалық логика мек­тебінің негізін қалаған Жабайхан Әбділдин, 21 желтоқсан-да кеңестік және қазақ­стандық кино және театр актері, КСРО халық әртісі, Қазақ­станның мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімов, 26 желтоқсанда «Менің атым – Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған белгілі актер, сценарист, кинодраматург Нұрлан Сегізбаев сынды тұлғалардан айрылып, қара жамылды.

Әйгілі Мәшһүр Жүсіп бір жоқтауында: «Кеуендей бұ дүниеге аз күн қонып...» депті. Расы солай-ау.

«Өнерліге өлім жоқ» дейтін қазақ халқы биыл жүз жылдықтарда бір туатын Алаштың осындай азаматтарын ақтық сапарға аттандырып, жылан жылының жылнамасын жапты.

Соңғы жаңалықтар

Алматыға кіру ақылы бола ма?

Аймақтар • Бүгін, 11:34