Қысқы спорттағы жеңіс
Жыл басында Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындары жалауын желбіретті. Жарысқа 32 Азия елінен 1000-нан астам спортшы қатысты. 7 ақпанда түңлігі түрілген ақ аламан 14 ақпанда мәресіне жетті. Ел сенімін арқалап барған 137 спортшымыз 4 алтын, 9 күміс, 7 қола медаль олжалады. Биатлон, керлинг, ски-альпинизм, хоккей, шорт-трек, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, фристайл-акробатика, тау шаңғысы сайысы, мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрлерінен бақ сынады. Тек жеті спорт түрінен ғана медаль бұйырған қыз-жігіттер жалпы есепте төртінші сатыны місе тұтты.
Қытай спортшылары 32 алтын, 27 күміс, 26 қола медаль иеленіп көш бастаса, 16 алтын, 15 күміс, 14 қола жүлде алған Оңтүстік Корея спортшылары екінші сатыға тұрақтады. Үштікті 10 алтын, 12 күміс, 15 қола жүлде бұйырған Жапония спортшылары түйіндеді.
Харбиндегі дүбірлі додада Әнұранымызды алдымен шорт-тректен ерлер командасы шырқатты. 5000 метрге эстафеталық сайыста Әділ Ғалиахметов, Айбек Нәсен, Абзал Әжғалиев, Глеб Ивченко, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев қара үзіп, ел мерейін асырды. Фристайл-акробатика тартысында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов синхронды секіру сынында үздік нәтиже тіркеп, қысқы Азия ойындарының чемпионы атанды. Қанжығамызға үшінші алтын медальды биатлоннан Владислав Киреев бөктеріп берді. Ол 10 шақырым қашықтыққа спринттік жарыста үздік шықты. Хоккейден ерлер құрамасы іріктеу кезеңдеріндегі қарсыластарын айқын жеңіп, финалдық айқаста Жапония құрамасын 5:0 есебімен еңсеріп, мәртебемізді асырды.
Харбинде өткен ақ Азиаданың күміс медалін шорт-тректен Ольга Тихонова, Яна Хан, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов еншіледі. Саңлақтар 2000 метрге аралас эстафетада күміс жүлдені қанағат тұтты. Конькимен 100 метрге жүгіруде Евгений Кошкинге де күміс медаль бұйырды. Шорт-тректен Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Зейнеп Құмарқан, Алина Әжғалиева, Мадина Жанбосынова бастаған әйелдер құрамасы 3000 метрге эстафеталық жарыста күміспен күптелді. Фристайл-акробатикадан Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев, Асылхан Асан аралас командалар тартысында күміс медаль еншіледі. Биатлоннан Вадим Куралес 10 шақырымдық спринтте күмісті місе тұтты. Шаңғы жарысынан еліміздің әйелдер құрамасы (Ксения Шалыгина, Камила Елғазинова, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина) 4×5 шақырымдық эстафетада күміс медаль иеленді. Биатлоннан ерлер құрамасы 4×7,5 шақырымдық эстафетада күміс медальды қанағат тұтты. Александр Мухин, Әсет Дүйсенов, Кирилл Бауэр, Владислав Киреев бастаған жігіттер алтынға сынық сүйем жетпеді. Хоккейден әйелдер құрамасы Оңтүстік Кореяны 3:0 есебімен еңсеріп, күміс медальды иеленді.
Қысқы Азия ойындарының қола жүлдесін фристайл-акробатикадан Аяна Жолдас иеленді. Қазақ спортындағы саңлақтардың ізін басқан жас талант жаһандық додадағы алғашқы медалін иеленді. Синхронды секіруде Ардана Маханова мен Аяна Жолдастың өнерін қазылар қола жүлдеге лайық деп бағалады.
Конькимен жүгіруде Кристина Силаева, Дарья Важенина, Надежда Морозова командалық спринтте қола медаль олжалады. Шаңғы жарысында Олжас Климинге 10 шақырым қашықтыққа еркін стильде жүгіруде қола медаль бұйырды. Ерлер эстафетасында Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин, Владислав Ковалев 4×7,5 шақырымдық тартыста қола медаль алды. Биатлоннан әйелдер құрамасы 4×6 шақырымдық эстафетада қола медаль еншіледі. Команда сапындағы Дарья Климина, Арина Крюкова, Ольга Полторанина, Елизавета Белецкая барын салғанымен алтынға қол жеткізе алмады.
Мәнерлеп сырғанау сынында Михаил Шайдоров 246,01 ұпай жинап, қола медаль олжалады. Жалпы, Михаил биыл басқа да бірқатар беделді сайыста топ жарды. Ол Оңтүстік Корея елінде өткен Төрт құрлық чемпионатында үздік шықты. Одан кейін АҚШ-тың Бостон қаласында өткен әлем чемпионатында күміс медаль олжалап, келесі жылы өтетін қысқы Олимпиаданың лицензиясына ие болды.
Қысқы Азия ойындарында спортшыларымыздың жалпы есепте төртінші сатыға тұрақтауы тәуір-ақ нәтиже. Десе де кей спорт түрлерінен саңлақтар жанкүйер күткен межеден көріне алмады.
Боксшылар – жылдың үздігі
Биыл жүлде жаудырған боксшыларымыз болды. Астанада «World Boxing» ұйымы әлем кубогінің кезеңін өткізді. 30-дан астам елден 300-ге тарта боксшы жиналып, елорда төрін дүбірге бөледі. Еліміздің боксшылары бұл сында 8 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль еншіледі.
Осы ұйым қоңыр күздің басында Англияның Ливерпуль қаласында әлем чемпионатының отын маздатты. Біздің қыз-жігіттер жалпы есепте көш бастап, қазақ боксының мерейін асырды. Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Наталья Богданова, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай әлем чемпионы атанды. Париж жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай Ливерпульдегі әлем чемпионатының финалында сүрініп, күміс медальды місе тұтты. Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова қола жүлде иеленді.
Биыл бокстан әлем чемпионаты екі рет өтті. Халықаралық бокс федерациясы (IBA) көктемде Сербияның Ниш қаласында бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жалауын желбіретті. Елдос Сайдалин баптап барған бұрымды боксшыларымыз бұл аламаннан 3 алтын, 2 күміс, 1 қола еншілеп қайтты.
IBA ерлер арасындағы әлем біріншілігін қараша айында біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткізді. Жігіттеріміз 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен оралды.
Боксшыларымыз Азия чемпионатынан да орасан олжамен оралды. 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы құрлық додасын Таиланд елі ұйымдастырып, Бангкоктан жігіттер 2 алтын, 5 күміс, 6 қола медаль еншіледі. Ал 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің Азия чемпионаты Иорданияның Амман қаласында өтіп, қазақ боксының ізбасарлары 6 алтын, 13 күміс, 4 қола медаль иеленді. 17 жасқа дейінгі боксшылардың құрлық додасы да Амманда ұйымдастырылды. Жалынды жастарымыз 10 алтын, 2 күміс, 9 қола медаль олжалады. Бұған қоса Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Азия ойындарынан боксшылар 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медальмен оралды.
Қазақ боксының тарихында екі дүркін әлем чемпионы атанған спортшылар саусақпен санарлық қана еді. Нақты айтқанда, Серік Сәпиев пен Назым Қызайбайдың еншісінде екі дүркін әлем чемпионы атағы бар еді. Сол межеге биыл Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов ат байлап, екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Туризм және спорт министрлігі Жылан жылын қорытындылап, «Үздік – 2025» сыйлығын саңлақтарға табыстағанда еліміздің бокс федерациясы үздік ұжым деп танылды.
Ислам ынтымақтастығы ойынындағы олжамыз
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен VI Ислам ынтымақтастығы ойындарына қатысқан 97 спортшы 56 медаль еншіледі. Жарыстарда 57 елдің спортшылары бақ сынады. Біздің саңлақтар 16 спорт түрінен сайысқа түсті. Атап айтқанда жеңіл атлетика, киберспорт, семсерлесу, гандбол, джиу-джитсу, дзюдо, каратэ, жүзу, үстел теннисі, таеквондо, ауыр атлетика, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, ушу, муай-тай сынды спорт түрлерінен жүлдеге таласты. Еншімізге 15 алтын, 20 күміс, 21 қола медаль бұйырды.
Спортшыларымыз бұған дейін де Ислам ынтымақтастығы ойындарына қатысып, бәйгелі болған. Дегенмен биылғы доданың дәрежесі өзгеше. Өйткені кейбір спорт түрінен алғаш рет алтын медаль бұйырды. Мәселен, дзюдо күресінен Аруна Жангелдина алғашқы алтынды тарту етсе, үстел теннисінен Кирилл Герасименко жекелей сайыста, ерлер командасы топтық тартыста чемпион атанды. Муай-тай спортынан Тұрар Дүйсеханның, семсерлесуден ерлер командасының алтыны да алғашқы олжамыз. Сонымен қатар джиу-джитсу сайысында отандастарымыз үш алтын иеленді. Эр-Риядтағы дүбірлі додада гандбол, ушу сынды спорт түрлерінен де бірінші рет медаль бұйырды.
Тұңғыш әлем чемпионы
Биыл таеквондоршылар еңкейген еңсесін тіктеді. Ересектер арасындағы әлем чемпионы қытайдың Уси қаласында өтті. Нодира Ахмедова мен Айдана Құмартаева қола жүлде иеленіп, тарихи нәтижені жаңғыртты. Қыздарымыз ересектер арасындағы әлем чемпионатының жүлдесін соңғы рет 2007 жылы иеленген еді. Арада 18 жыл аунағанда жаһандық доданың медалі бұйырды.
Жеңісті сапарды жастарымыз жалғады. Кения елі ұйымдастырған жастар арасындағы әлем чемпионатында Бейбарыс Қаблан (87 кг) мен Батырхан Төлеуғали (87 кг) топ жарды. Тамерлан Тілеулес (63 кг) қола жүлде еншіледі. Таеквондодан ұлттық құрама үздіктері өзге де халықаралық сайыстарда олжа салды.
Халықаралық сайыстар – шыңдалу мектебі
2025 жылы елімізде ірі халықаралық спорттық жарыстар да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бокстан, сондай-ақ фристайлдан әлем кубогі кезеңдері өтсе, дзюдодан «Grand Slam» турнирі жалауын желбіретті. Бұдан өзге бірқатар олимпиадалық спорт түрлерінен халықаралық жарыстар өтті. Астанада алғаш рет Азия Паралимпиялық комитетінің конференциясы мен Бас ассамблеясы ұйымдастырылып, еліміздің Азиядағы инклюзивті спорт орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.
Алматының «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығып, әлемдегі тегеурінді футбол клубтарымен тартысқа түсті.
Дзюдо күресінен биылғы әлем чемпионаты Мажарстанның Будапешт қаласында өтті. Өкінішке қарай ерлер көрсете алмаған қайсарлықты әйелдер бәсекесінде Әбиба Әбужақынова (48 кг) танытты. Бұған дейін жаһандық доданың екі дүркін қола жүлдегері атанған ару бұл жолы финалға дейін барлық қарсыласын қоғадай жапырды. Қазақ спортының тарихында дзюдо күресінен әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақ қызы тарихи нәтижеге қол созым қалғанда сүрініп, күмісті місе тұтты. Осы спорт түрінен жастар арасындағы әлем чемпионы Перуде өтіп, Дана Әбдірова да күміс медаль иеленді.
Шорт-тректен Қытайдың Бейжің қаласында өткен әлем чемпионатында Денис Никиша 500 метрде күміс жүлде олжалады. Ол былтырғы әлем чемпионатында да күміспен күптелген болатын.
Садақ атудан еліміздің ұлттық құрамасы әлем чемпионатынан қола медальмен оралды. Виктория Лян, Адель Жексенбинова, Роксана Юнусова блоктық садақ атудан командалық тартыста жүлде иеленді. Бұл спорт түрінен бізге әлемдік аламанның медалі 1997 жылдан бері бұйырмай келген еді.
Күрес түрлерінен де тарихи нәтиже тіркелген жыл болды. Грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 кг) Хорватияның Загреб қаласында Көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. 1999 жылдан бері уысымызға түспей келген алтын медаль бұйырды. Еркін күрестен ересектердің әлемдік додасында Асылжан Есенгелді (61 кг), былтыр әлем чемпионы атанған Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Ризабек Айтмұхан (97 кг) қола медальды қанағат тұтты. Жастар арасындағы әлем чемпионатында Едіге Қасымбек алыптар арасында топ жарса, қыздар бәсекесінде Шұғыла Өмірбек чемпион атанды.
Семсерлесу сайысынан әлем чемпионатында ерлер құрамасы алғаш рет жүлдеге қол жеткізді. Командалық тартыста Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов, Кирилл Проходов қола медаль иеленді.
Әлемдік рейтингіде көшбастаушылар қатарында тұрған Елена Рыбакина Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен WTA қорытынды турнирінде жеңімпаз атанды. Финалдық тартыста біздің теннисші әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы екі сетте ұтты. Е.Рыбакина ел спортының тарихында бұл турнирдің алғашқы жеңімпазы атанды.
Көркем гимнастикадан Ақмарал Ерекешова жастар арасындағы әлем чемпионатынан 2 алтын, 1 күміс медаль еншіледі. Бұған дейін де бұл сайыста бізге әлем біріншілігінің жүлдесі бұйырмай келген еді.
Нысана көздеуден Мысырдың Каир қаласында өткен әлем чемпионатында 50 метр қашықтықтан үш қалыптан ату сайысында Александра Ле, Арина Малиновская, Елизавета Безрукова үштігі қола медаль иеленді. Ерлер арасында 25 метрден тапаншамен атуда Никита Чирюкин, Кирилл Федькин, Артем Кабаков қола жүлде олжалады.
Рекордты тіркеген Сурдлимпиада
Қараша айында Жапонияның Токио қаласында XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары өтті. Елімізден барған спортшылар 8 алтын, 4 күміс, 13 қола медаль жеңіп алып, 81 елдің арасында жалпы есепте 9-сатыға тұрақтады. Есту қабілетіне зақым келген спортшылардың төрт жылда бір айналып соғатын тартысында қыз-жігіттер бұрын-соңды бұйырмаған орасан табысқа кенелді. Сайысқа қосылған 78 спорты спорттың сегіз түрінен сынға түсіп, абыройымызды асырды. Әсіресе сурдо дзюдодан белдесуге шыққан балуандар жоғары жетістікке қол жеткізіп, 5 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль иеленді. Еркін күрестен 1 алтын, 1 күміс, 3 қола, грек-рим күресінен 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль бұйырды.
Жеңіл атлетикадан 1 алтын, 1 қола, таеквондо сайысынан 3 қола жүлде еншімізге жазылды. Үстел теннисінен ерлер құрамасы командалық сында қола медаль олжалады. Бұған дейін Сурдлимпиада ойындарынан мұндай нәтиже бұйырмаған еді. Саңлақтарымыз ел спортының деңгейін паш ете білді.
Біз сайыпқыран саңлақтарымыздың қадау-қадау жетістіктеріне ғана тоқталдық. Келер жыл да дүбірлі додаларға толы болмақ. Ел абыройын асқақтатар спортшыларға сәттілік серік болсын дейміз.