Қарағанды облысында жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру және қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Үлгілі жүргізуші» науқаны ұйымдастырылды. Іс-шара аясында патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтап, жолдағы «жүгенсіз» жүргізушілерге үлгі көрсетіп жүрген азаматтарды тоқтатып, алғыс білдіріп, сыйлық табыстады.
Осындай құрметке ие болғандардың бірі – отыз жыл бойы көлік тізгіндеп жүріп, бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған Светлана Швачкина. Ол осы уақыт ішінде айыппұл арқаламаған, бірде-бір жол-көлік оқиғасына қатыспай, ереже де бұзбаған. Полиция қызметкерлері мұндай көрсеткіштің сирек екенін атап өтті.
Светлана Швачкина – тек тәжірибелі жүргізуші ғана емес, қоғам белсендісі әрі ұстаз. Бүгінде ол Қарағанды қаласындағы №95 мектеп гимназиясында жас инспекторлар үйірмесін басқарып, оқушылардың жол қауіпсіздігіне қатысты білімін арттырумен айналысады.
«Қазір қала жолдарында көлік көп, қарбалас та аз емес. Осындай жағдайда ең бастысы – сабыр мен жауапкершілік. Жолдағы мәдениет адамның ішкі мәдениетін көрсетеді. Сондықтан да балаларға қауіпсіздік негіздерін мектеп қабырғасынан бастап түсіндіру өте маңызды», дейді үлгілі жүргізуші Светлана.
Оның айтуынша, жас инспекторлар үйірмесіне қатысатын балалар жол белгілерін танып-біліп қана қоймай, арнайы іс-шараларға қатысып, полиция қызметкерлерімен бірлесіп, жолда жүру ережелерін насихаттауға атсалысады. Бұл – болашақта саналы, тәртіпті жүргізушілердің қалыптасуына ықпал ететін бастама.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің дерегінше, акция басталғалы бері тек облыс орталығында 100-ге жуық жүргізушіге дәл осындай құрмет көрсетілген. Жол сақшылары жүргізушілерді тоқтатып, олардың жол ережесін сақтау деңгейін тексеріп қана қоймай, қауіпсіздік жөнінде кеңес беріп, алғысхаттар табыстауда.
Ізгі жоба «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылған. Оның басты міндеті – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қала көшелеріндегі тәртіпті нығайту және жүргізушілердің назарын жол қауіпсіздігінің маңызына аудару.
«Ережені қатаң сақтаңыздар! Жылдамдықты асыру – үлкен қатер. Қарсы бағытқа шығу – көптеген қайғылы жағдайдың себебі. Жолда өзіңмен бірге отырған жолаушылардың ғана емес, бейтаныс адамдардың өмірі де сенің шешіміңе байланысты», деді тәртіпті жүргізуші.
Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сұңғат Абылқас мұндай іс-шаралар жүргізушілердің тәртіп сақтауға деген ынтасын арттырып қана қоймай, қаладағы жалпы жол мәдениетінің жақсаруына ықпал ететінін атап өтті.
Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері өңір жолдарында мас күйінде көлік басқару және медициналық куәландырудан өтуден бас тартудың 220 дерегі тіркелген. Сондай-ақ 73 жүргізуші жалған мемлекеттік нөмір қолданған, 53 адам көлік жүргізу құқығынан айырылса да рөлге отырған. Бұған қоса заңсыз жолаушы тасымалдаудың 53 фактісі, жолдың қарсы бағытына шығудың 133 дерегі анықталған.
Жүргізуші қауым мұндай игі бастама көпшілікке ой салып, әсіресе жас буынның жол қозғалысына деген көзқарасын жақсартатынына сенеді. Акция жыл соңына дейін жалғасады. Полиция әркез халықты жолда сақ болуға шақырады. Жол қауіпсіздігі – кездейсоқтыққа жол бермейтін аса жауапты сала, ал Светлана Швачкина сияқты жүргізушілер – шын мәнісінде де қауіпсіз жолдың кепілі.
Қарағанды облысы