Қоғам • Бүгін, 09:50

Қамқорлық аясындағы игілікті істер

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертіс–Баян өңірінде халықтың аз қамтылған, әлеуметтік осал топтарын қолдаудың тұтас жүйесі жұмыс істейді. Биыл бұл салада ауқымды істер атқарылып, жұрт көңіліне жағатын бастамалар жөнін тапты.

Қамқорлық аясындағы игілікті істер

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ла­малар басқармасының мәлі­метінше, атаулы әлеуметтік көмекті аз қамтылған 2 663 отба­сы (11 606 адам) алады. Өңірде қазіргі уақытта 11 089 көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алып отыр. Аймақта 29,8 мың мүгедек адам тұрады. Әлеуметтік оңалту мақ­сатында мүгедектігі бар адамдар техникалық көмекші құралдармен, әлеуметтік қызмет­термен қамтылған.

– Биыл мүгедектігі бар тұлға­лар 23,3 мың өтініш беріп, оның 21,6 мыңы орындалды. Атап айтқанда, 2 282 протездік-орто­пе­дия­лық бұйым, 784 кресло-арба, 1 396 тифлотехникалық, 516 сур­до­техникалық құрал, 11,8 мың міндетті гигиеналық құрал берілді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 2 792 адамға санаторий-курорттық емдеу қызметтері көрсетілді. Бірінші топтағы 1 544 мүгедекке жеке көмекші, 441 адамға есту қабілеті бұзылған ымдау тілі маманының қызметтері көрсетіліп отыр, – деді басқарма басшысының орынбасары Әлия Рахымова.

Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқытуға жұмсалатын шығындарды тоқсан сайын 8 АЕК мөлшерінде өтеу көзделген. Жыл басынан 23,9 млн теңге сомасына 483 балаға төлем жүргізілген. Сонымен қатар жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімімен мүге­дек­тігі бар адамдарға әлеу­меттік төлем­дер түрінде әлеуметтік қолдау көр­сетіліп келеді. І, ІІ топ­тағы мүгедектігі бар 16,1 мың адам, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар жалпы сомасы 619,5 млн теңгеге әртүрлі төлеммен қамтылған.

Павлодар қаласында үкімет­тік, өңірлік деңгейде бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жұмыспен қамту, кәсіп­кер­лік­ті дамыту бағдар­ла­малары – қысқамерзімді курстар, гранттар, жеңілдетілген несиелер жүздеген адамның кәсіп ашуына негіз болған.

Мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту бағытына да баса мән беріліп отыр. Биыл осындай азаматтарға коммуналдық тұрғын үй қорынан 58 пәтер берілген, оның ішінде көп­ба­ла­лы отбасылар саны – 27. Тұр­ғын үй бағдарламалары аясында 115 азамат кредиттік тұрғын үй сатып алған.

Екібастұз қаласында 336,9 млн теңге сомасындағы атаулы әлеу­меттік кө­мек 636 отбасына берілген. 335 отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілсе, «Қамқорлық» қайы­рымдылық акциясы шең­берін­де халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адам­дарға (отбасыларға) жалпы сомасы 65 млн тең­геге материалдық, қаржылай қол­дау­лар жасалған. Кеншілер қаласы­ның билігі биыл кезекте тұрған 31 азаматты тұрғын үймен қамтамасыз еткен. Одан бөлек, 79 пәтер бөлуге «Отбасы банк» АҚ-ға құжаттар жөнелтілген.

Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовтың сөзінше, мұқтаж шаңырақтарды қолдау өз деңгейінде жүргізіліп келеді. Бұл өңірде 154 көпбалалы отбасы, 566 мүгедектігі бар азамат, 60 мүгедектігі бар бала, табысы кедейлік шегінен төмен 37 отбасы тұрады.

– Биыл аз қамтылған отбасы­лар­ға көмір сатып алуға 6,3 млн теңге, мүге­дек­­тігі бар адам­дарға коммунал­дық қызмет шы­ғын­да­рын өтеуге (571 адам­ға) 8,9 млн теңге қаражат бөлдік. І, ІІ топ мү­гедектігі бар 360 адамға, мүге­дек­тігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы 7 млн теңгеден астам біржолғы жәрдемақы берілді. Жалпы биыл 27,2 млн теңгеге көмек түрлері көрсетілді, – дейді әкім.

Аудан кәсіпкерлері мұқтаж аза­­мат­тарға тұрақты түрде қайы­рым­­дылық көмегін көрсетіп келеді. Ағымдағы жылы олар қатты отын, азық-түлік, мал азығы түрінде 13 млн теңгеден астам қолдау жасаған. Бір ғана «789 KZ» ЖШС басшысы А.Каркенова 4 пәтерді сатып алып жөндеп, оларды мұқтаж отбасыларға берген.

Шарбақты ауданы да баспанамен қамту тұрғысынан алдыңғы орыннан көрінді. Мұнда биыл 110 адам жаңа баспанаға ие болды. Оларға арнап үш көппәтерлі үйлер тұрғызылып, жанынан спорт алаңдары, балаларға арнал­ған ойын алаңдары салынды. Бұл игіліктер адами капиталды дамы­туға, халықтың жайлы өмір сүруі­не арналған.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Елден кіндігін үзбеген…

Қоғам • Бүгін, 12:12

Перу дәрігерлері сиам егіздерін ажыратты

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 11:30