Медицина • Бүгін, 07:23

Күрделі операция сәтті аяқталды

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Саңыраулық диагнозының асқынған түріне шалдыққан 13 жастағы бала «Жап-жарық әлемнің үнін естимін бе?» деген бір үміт, бір үрейдің жетегінде операция жасатты. Мұндай операция түрі Қарағандыда алғаш рет орындалып, өңір медицина саласында тарихи оқиға тіркелді.

Күрделі операция сәтті аяқталды

Өңірде алғаш рет ауыр дәрежедегі саңы­рау­лық диагнозы қойыл­ған балаға кохлеарлық имплантация операциясы сәтті жасалды. Бұл – аймақта жоғары технологиялы медициналық көмектің жаңа кезеңге көтерілгенін көр­се­тетін көшелі жетістік. Жоға­ры дәлдікті талап ететін күр­де­лі хирургиялық операция Қа­ра­­ған­ды қаласындағы Көп­бейін­ді облыстық балалар ауру­ханасын­да өтті. Кохлеарлық имплантация – есту аппараттары көмектеспейтін балаларға дыбысты, сөйлеуді, қоршаған ортаны естуге мүмкіндік беретін заманауи медициналық әдіс. Балалар оториноларингологиясында мұндай операциялар аса күрделі әрі жауапты саналады.

Бұған дейін кохлеарлық имп­лантация тек Астана мен Алматы қалаларында ғана жасалып келген. Қарағанды облысында алғаш рет аталған опе­ра­цияның сәтті өтуі – өңір меди­цинасының әлеуеті артқа­нын, салалық мамандардың кәсіби дең­гейі жаңа белеске көтеріл­ге­нінің дәлелі.

Операцияны өңірде орын­дау­ға жүйелі дайындық жұ­мыс­­­тары алдын ала жүр­гі­зіл­ді. Қарағанды облысы әкім­­­дігінің қолдауымен зама­науи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған ірі ба­лалар ауруханасы салын­ды. Сонымен қоса, ЛОР-бөлім­шесінің меңгерушісі, емдеу­ші дәрігер, сурдопедагог Ресейдің Санкт-Петербург, Мәс­кеу қалаларында арнайы тағылымдамадан өтіп, Израиль­дің Хайфа қаласында кох­леарлық имплантация жүр­гі­зу жөнінде кәсіби білікті­лігін арттырды. Бұл қадам өңір­де жоғары технологиялы меди­ци­на­лық көмекті толық көлемде көрсетуге жол ашып отыр.

– 2024 жылы кохлеарлық имплант орнатуға арналған арнайы аппараттар сатып алынды. Жыл соңына қарай операциялық микроскоп жеткізіліп, толыққанды техникалық база қалыптасты. Операция жасалған баланы ұзақ мерзімді оңалту кезеңі күтіп тұр. Операциядан кейін сурдолог пен логопедтің қатысуымен жүйелі оңалту жұмыстары жүргізіліп, импланттың қызметі кезең-кезеңімен бақылауда болады. Бұл баланың болашақта дыбыс­ты естіп, сөйлеуді меңгеруіне, қатарластарымен еркін араласып, жалпы білім беретін мектепте оқуына мүмкіндік береді, – деді көпбейінді облыстық балалар ауруханасының директоры Арғын Бидайбаев.

Мамандардың айтуынша, алғашқы операция постлингвальды саңыраулық диагнозы қойылған 13 жастағы балаға жа­салған. Операция сәтті өтті, нау­­қастың қазіргі жағдайы қа­лыпты.

Астана қаласының штаттан тыс бас балалар оториноларингологі, операциялық бөлімшенің мең­ге­ру­­шісі Арман Амангелдіұлы­ның айтуынша, бұл – өңір бала­ларына меди­циналық қызметтің қолже­тім­ді­лігін арттыратын маңызды қадам.

– Кохлеарлық имплантация жоғары технологиялы ме­ди­ци­налық қызметтер қата­рына жатады. Мұндай операцияның өңірде алғаш рет жасалуы балаларды басқа қалаларға жіберу қажеттілігін азайтады. Егер бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасса, операция саны артып, қызмет өңірдің мұқтаж балаларына толық қолжетімді болады, – дейді ол.

Жөн, жақын уа­қытта облыс­та тағы 10 балаға кох­леарлық имплантация жасау жоспарланып отыр. Бұл да болса өңірде балаларға көрсетілетін жоғары технологиялы медицина­лық көмектің тұрақты түрде дамып келе жатқанының тағы бір айғағы. Кохлеарлық имплантация – тек медициналық операция ғана емес, баланың өмір сүру сапасын түбегейлі өзгертетін мүмкіндік. Кеншілер қаласында бас­талған бұл тәжірибе өңір ме­ди­цинасының әлеуетін арттырып қана қоймай, жүздеген отбасына үміт сыйлайтын игі бастама ретінде де бағалы болып отыр.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар

Тәртіпті тізгінші

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:58

Жұмыс орны және өңірлік карта

Аймақтар • Бүгін, 09:55