Қант диабеті жеңіл-желпі қарайтын ауру емес. Оның салдары мүгедектікке, тіпті өлімге апаруы мүмкін. Емделіп, күтінбегеннің салдарынан соқырлық, бүйрек жеткіліксіздігі, жүрек-қан тамыры аурулары, аяқтың ампутациясы секілді қарапайым жұрт мүлде күтпеген асқынулар пайда болуы ықтимал. Бүгінде еліміз көлемінде қант диабеті диагнозы қойылған диспансерлік есепте 558 мың адам, оның ішінде 6 мыңнан астам бала тұр. Барлық тіркелген пациенттердің 95%-ы (530 000 адам) 2 типті қант диабетімен ауырады.
Елде дәл осы диагнозбен есепте тұрған науқастарға инсулиндердің кең спектрі тегін ұсынылады. Әрбір пациент жергілікті емханадан ақысыз дәрігер кеңесін ала алады. Өз учаскесінде тұрақты бақылауда тұрады. Асқынулар байқалса, мамандандырылған көмек алады. Пациенттерге инсулиндерден бөлек, инъекциялық қантты төмендететін препараттар, инсулинді жеткізу құралдары мен өзін-өзі бақылау құралдарын (тест жолақтары, глюкометрлер, помпалар, шығын материалдары, т.б.) қоса алғанда, өмірлік маңызды дәрілердің кең тізбесі ұсынылады.
Негізі қант диабеті жоғары шығынды шығыстардың ондығына кіреді. Оны емдеуге мемлекет жылына шамамен 46 млрд теңге жұмсайды. Бұл дәрі-дәрмек саласын қаржыландыруға бөлінген соманың 22%-ын құрайды. Қант диабетімен ауыратын бір пациентке жылына жағдайдың ауырлығына байланысты 618 мың теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Барлық мұқтаж адамдарды қамтамасыз ету, өсіп келе жатқан қажеттіліктерді жабу мақсатында келер жылдың қаңтарынан бастап қант диабетін қаржыландыру МӘМС жүйесі арқылы іске асады. Сондай-ақ қаңтар айынан қант диабетін ерте анықтауға арналған скрининг науқастардың МӘМС-тегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі. Демек, қант диабетінің диагностикасы еліміздегі әрбір тұрғынға қолжетімді болады.