Аймақтар • Бүгін, 09:33

Білімнің кеңейген кеңістігі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Абай елінің аспанға лақтыр­ған бөркі жерге түскен жоқ. Айналасы бір аптада бірнеше нысан ашылып, ел игілігіне берілді. Шын мә­нінде облыс орталығы – қарт Семейдің бойына қан жүр­гендей түлей түсті. Соның бірі – Оқушы­лар сарайы.

Білімнің кеңейген кеңістігі

Көпшілік көптен күт­кен Оқу­шылар сарайы жөнінде облыс әкімі жуыр­да Астанада өткен бри­финг­те, одан кейін облыстық Білім басқармасының басшысы, ғалым Бауыржан Ердембеков те сөз қозғап, «биыл пайдалануға беріледі» деген еді. «Апырай, қалай үлгерер екен?» деген күмән болған. Бірақ айтылған уәде орындалды. Нысанның ашылуы Семей жұртшылығын ерекше қуанышқа бөледі. «Адамның бір қызығы бала деген» деп хакім Абай айтқандай, бала қуанса – ата-ананың да көңілі тебіренбей тұрмайды.

Оқушылар сарайының ашылу салтанаты да айрықша өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, Оқу-ағар­ту министрінің орынбасары Шы­нар Ақпарова, «BI Group» ком­паниясының негізін қалаушы Бауыржан Исабаев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академия­сының президенті Ғалия Дәулетова және қала жұртшылығы қатысты. Ашылу рәсімінде аймақ басшысы бұл нысан өңірдің білім беру инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жоба екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақы­ры­бындағы биылғы тамыз конфе­ренциясының пленарлық отырысында: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік сая­сат­тың негізгі басымдығы болып қала береді», деп айрықша атап өткен болатын. Бұл нысан спорт­тық-сауықтыру, көркем-эстети­калық, ғылыми-техникалық, гумани­тар­лық бағыттары бойынша балалар мен жасөспірімдерге үлкен мүм­кіндіктері бар даму бағдарын беретін бірегей орталық болары сөзсіз. Оқушылар сарайы өңірі­міздегі қосымша білім беру ұйым­дары үшін әдістемелік орта­лыққа айналып, педагогтер мен оқу­шы­ларға арналған түрлі іс-шара­лар өткізілетін болады. Мемлекет басшысы арнайы тапсырмасымен құрылысы басталған жаңа Оқушылар сарайы Абай облысы құ­рылғаннан бергі салынып біт­кен тұңғыш әлеуметтік нысан болып отыр. 2023 жылы басталған бұл жоба Премьер-министрдің 2024–2026 жылдарға арналған жол картасына енгізілген. Алайда қаржылық қиындықтарға байланыс­ты құры­лыс тоқтап қалған болатын. Биыл Үкіметтің қолдауымен 7,6 миллиард теңге қаражатты бөлдіріп, құ­ры­лысы қайта жанданды. Бүгін міне елі­міздегі оныншы Оқушылар сарайы­ның ашылуына жиналып отырмыз. Оқушылар сарайының орна­ласқан жеріне байланысты, бала­лардың қауіпсіздігі мен ыңғай­лы кіріп-шығуы үшін арнайы жаяу жүр­­гіншілер көпірін салуды жоспар­лап отырмыз. Қазір аталған көпірдің жобалық-сметалық құжат­тары әзір­лену үстінде. Осы игі іске үлес қос­қан барлық әріптеске, серік­теске алғыс айтамын!», деді облыс әкімі.

Осылайша, облыс әкімі әсем ғимараттың қалай салынғанын, оның қандай маңызы барын айтып берді. Сонымен бірге салтанатты жиында Оқу-ағарту министрінің орынбасары Шынар Ақпарова жаңа нысанның өңір оқушыла­рына берері мол екенін жеткізді.

Білім басқармасының мәліме­тін­ше, ғимараттың құрылысы 2023 жылы басталған. Нысанның жалпы ауданы – 9 800 шаршы метр. Сарай 500 ба­лаға арналған, ауысыммен 1 500 оқу­­­шыға дейін қабылдай алады.

Заманауи үлгіде салынған ғима­раттың сыртқы көрінісі де көз тар­тады. Ал ішінің салтанатын санап тауыса алмайсыз, балаға керек­ті­­нің бәрі осы жерден табылады. Мәсе­­­лен, екі бассейн, хореография, шы­­ғыс жекпе-жегі, фитнес, үстел тен­­нисі залдары, үстел ойындары, во­­кал және аспаптық музыка, дыбыс жазу, мүсін және ART сту­дия­лары, хореография, актерлік шебер­­лік, сәулет өнері, сондай-ақ VR технологияларын қолданатын ойын түріндегі имитациялық оқы­ту кабинеттері жұмыс істеп тұр. Ғы­лы­ми-техникалық бағыт аясында авиа­модельдеу, жаңартылатын энер­гия көздері, аквапоника және гидро­поника, нейрозертхана және нейро­роботтехника, 3D-басып шы­ғару және модельдеу (M-TECH), бағ­­дар­­ламалау, видеография және кино, жаратылыстану ғылымдары бойын­ша зертханалар, сондай-ақ астро­номиялық обсерваториясы  бар. Ба­лалардың жан-жақты дамуы­на жағ­дай жасау мақсатында психо­логия­лық қолдау бағытында сенсор­лық бөлме мен сөйлеу тілін дамыту кабинеті ашылған. Сонымен қатар тари­хи-өлкетану бағытында ковор­кинг аймағы бар интерактивті кітап­ха­на мен өлкетану клубы қызмет көрсетеді.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Бүгін, 20:35

Шаруашылығы шалқыған күн туар

Шаруашылық • Бүгін, 19:53