Экономика • Бүгін, 09:05

Майдың сапалысы Өскеменде өндіріледі

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күзге салым шығыстың бел-белесінде күнбағыс гүлі ұшы-қиырсыз жайқалып тұрады. Шаруалар оның белгілі бір бөлігін экспортқа шығарса, енді бірі елде қалады. Облысымызда «Янтарь» ЖШС кәсіпорнында майын сығып, дәнін үгіп, халва жасайды, сұйық май тартады, бұл өнімге сұраныс та жоғары. Облысымыз өсімдік майын өндіру бойынша елімізде көш бастап тұрғанын да айта кету керек. Жалпы, май өнеркәсібінде өңдеу қуаты 959 мың тоннаға жуық, 13 кәсіпорын жұмыс істейді.

Майдың сапалысы Өскеменде өндіріледі

Басқа өңірлерді қайдам, өскемендіктер «Янтарь» өнімдерін іздеп жүріп алады. Елдің сұранысын тудырған сұйық май мен халва 2011 жылдан бері ғана өндіріліп келе жатқанымен, көпшілік­тің көңілінен шыққан. Біздің жақтың бренд өнімі қалай шығарылады деген сұрақпен цех ішін де аралап көрдік. Отан­дық өніммен мақтанғымыз келгені де рас.

Цехқа кірген бетте-ақ халваның хош иісі танауды жарды. Балалық шақты неге еске түсіреді десек, халва түр­лері әлі күнге дейін кеңестік кез­дегі құраммен дайындалады. Технологтер де тәжіри­белі. Мәселен, Елена Ищенко бұл салада ұзақ жыл қыз­мет етеді. Басты мақсат – халва дәмін бұрынғы қалпын­да сақтау. Ол бұл істі өзі үйре­ніп, кәсіпорындағы халва өндірі­сін жолға қойған. Қазір мұн­да табиғи қоспалармен, прес­теу және сұрыптау әдістері­мен түрлі тәжірибе жүргізі­ле­ді. Әсіресе конфет секілді халва мен үлпілдек түрі ерекше сұранысқа ие. 

– Жұмыс алдымен шикі­затты тазартудан басталады. Тазаланған күнбағыс дәні арнайы аппараттың ішінде жоғары температурада қуырылады. Содан кейін салқындатылады. Келесі құ­рылғыда қуырылған тұқым пастаға айналғанша ұнтақта­лады. Бұл тұтқыр, майлы масса, – дейді технолог Елена Ищенко.

Жасалу жолын мұқият қарап тұрдық. Әбден үгітілген күнбағыс дәніне қайнатылған қанттың сұйығын қосады. Ол шәрбат тұп-тура бір сағат, он минут қайнатылады екен. Содан соң көбіктенгенге аралас­тырады. Нәтижесінде созылмалы, ақшыл карамель алынады. Дайын болған карамельмен дәннен дайындалған массаға араластырады. Бұл рецепті сонау кеңес дәуірінен бері еш өзгеріссіз қолданып келеді. Сондықтан халық іздеп жүріп алады.

Айтқанымыздай, кәсіп­орында халваның түр-түрі өндіріледі. Әртүрлі қоспаның арқасында бір ғана халваны сан түрлі етіп өзгертуге болады. Мәселен, классикалық халваның консистенциясы 45/50 болса, үлпілдек түрін дайындау үшін карамель мен дән үгіндісін 50/50 етіп қосады. Бадам, марципан, карамель, тағы басқа өнімдерді қосқан сайын дәмі де өзгеріп сала береді. Түрлі өлшеміне сәйкес дайын өнімді кесіп, суытуға қояды. Әбден суыған соң, қаптауға жіберіледі.

продукт

– Дайын келген өнімдерді станоктың көмегімен қап­таймыз. Әр қораптың сал­мағы әртүрлі. Өзіміз де осы халва түрін аламыз. Дәмі керемет, – дейді кәсіпорын қызметкері Гүлмира Сүлейменова.

Бұдан бөлек, өндірісте күнбағыс дәнінің аршылған және қуырылған түрлері әр түрлі қаптамада шығарылады. Цех қызметкерлерінің айтуынша, бәсекеге төтеп беру үшін үнемі сапалы, аз сақталған өнімді нарыққа жібереміз. Сондықтан тапсырысқа қарай өндіріледі. Кәдімгі аршылған күнбағыс дәні де сұранысқа ие. Кәсіпорынның басты бағыты – рафинадталмаған күнбағыс майын әзірлеу. Айта кетсек, өсімдік майын өндіру процесі тұқымдарды қабылдаудан басталады. Күнбағыс дәні өңірдегі шаруа қожалықтарынан жеткізіледі. Жеткен шикізат алдымен бастапқы бақылаудан өтеді, зертхана мамандары оның сапасын тексереді. Мамандардың пікірінше, дәндерде май мөлшері жеткілікті болуы керек. Майлылығы неғұрлым жоғары болса, шығатын  көлемі соғұрлым көлемді болады. Барлық талапқа сәйкес келсе, дән қоймаларға орналастырылады. Кейін олар дайындық цехына жіберіледі. Күнбағыс майының сапалы болуы тікелей дәннің дұрыс сақталуына байланысты. Дән дұрыс сақтал­маса, май дәмінен, түсі мен қоректік қасиеттерінен айрылып қалады. Сондықтан күнбағыс дәнін сақтау – май өндірісіндегі ең маңызды кезең­дердің бірі. Ол үшін кәсіпорын биыл жаңа бөшкелер орнатқан.

– Өзіміздің алқап болма­ғандықтан, шикізатты сатып аламыз. Басым бөлігі жергілікті өндірушілер. Әр бөшкеге  2200 тонна сыяды. Сонымен қатар бізде көлемі кішілеу екі бөшке бар. Олардың әрқайсысына 280 тоннадан сақталады. Біз әрқайсысын бөлек сақтай­мыз. Кейбір күнбағысты, кей­бір өнімді біз астық ретінде қабыл­дап, қоймаға жинаймыз, енді бірі май өндіру үшін ұзақ мерзімді сақтауға жіберіледі, – дейді кәсіпорын маманы Елена Шульга.

Бақылаудан өткен әрі бөгде қоспалардан тазартылған дән­дер өңдеу цехына жіберіледі екен. Арнайы жабдықта дәндер сорғы қоспалардан тазартудан өтеді. Престеу құрылғысына түскен дән неғұрлым ұсақ болса, майдың шығымы соғұрлым жоғары. Бұдан соң күнбағыс майы сүзгіге жіберіледі. Сөйтіп, табиғи күйіне жақын рафинад­талмаған май алынады. Оның түсі, иісі, дәмі сақталады, құра­мындағы табиғи пайдалы заттар да қалады. Бірақ сақталу мерзімі түрлі өңдеуден өткен майға қарағанда қысқа.

Шығыс Қазақстанда өнді­рілген күнбағыс майы тек ішкі нарыққа емес, шетелге де жол тартады. Тазарту, сүзу, құюдың толық тізбегінен өткен сапалы өнім халықаралық талаптарға сай болуы – осы өндірістің басты ерекшелігі. Зауытта жасалған әр бөтелке, әр литр май зертханалық тексерістен өтіп, құрамындағы ылӨғал, қыш­қылдық, тұтқырлық сияқ­ты көрсеткіштері жіті қада­ғаланады. Сапа стандартынан өткен өнім ғана экс­порттық қоймаға жіберіледі. Соның нәтижесінде бүгін «Янтарь» кәсіпорны Шығыс Қазақ­стан­дағы күнбағыс ма­йын шет­елге шығаратын сенімді өндіру­шілердің біріне айналды. Әсіресе кейінгі жылдары экспорт бағыты айқындалып отыр. Өнімнің басым бөлігі Қытай нарығына жөнелтіледі. Бұл елде табиғи өсімдік майына деген сұраныс өте жоғары. Ал сапалы әрі дәмдік қасиеті тұрақты қазақстандық өнім сол нарықта өз орнын тауып үлгерген.

 

Шығыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Бүгін, 20:35

Шаруашылығы шалқыған күн туар

Шаруашылық • Бүгін, 19:53