Тараз қаласы Жібек жолы ауданына қарасты Шөлдала тұрғын алабында салынған №70 мектептің ашылу салтанатына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қатысты. Өңір басшысы су жаңа оқу ордасының педагогтері саналы ұрпақ тәрбиелеуді талмай еңбек ететініне сенім білдірді.
- Билік тарапынан білім беру саласына ауыз толтырып айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Өңірде де ілкімді істер атқарылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында алты мектеп пайдалануға беріліп, мыңдаған оқушы қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуда. Бұл жобаның жүзеге асуы арқылы облыста үш ауысымда оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бүгін сол игі бастаманың жалғасы ретінде тағы бір еңселі мектеп өз есігін айқара ашып отыр. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына бағытталған маңызды қадам, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жаңа білім ошағы кең әрі жайлы, заманауи оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтылған. Үш қабатты ғимаратта 33 оқу кабинеті, мәжіліс залы, асхана, екі спорт залы, STEM және робототехника кабинеттері, екі компьютер сыныбы, кітапхана, үш зертхана, үш шеберхана және бес коворкинг орталығы бар. Қазіргі таңда мектепте 723 оқушы білім алып, 60-қа жуық педагог қызмет атқарады.
Жамбыл облысында білім беру саласында 25 млрд теңгеге 26 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін 11 жаңа мектеп пайдалануға берілді, соның ішінде бесеуі – «Келешек мектептері» жобасының талаптарына сай. Жыл соңына дейін тағы 2 нысанды аяқтау жоспарланып отыр.
Тараз