Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2025

Тараз горнизонында бес егіз жұп қызмет етеді

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірлік «Оңтүстік» қолбасшылығына қарасты Тараз гарнизоны тек жауынгерлік даярлығы мен тәртібімен ғана емес, ерекше құрамымен де көзге түседі. Мұнда бірден бес жұп егіз ағайынды сарбаз мерзімді әскери қызмет атқарып жүр. Олардың әскердегі ортаға тезірек бейімделуі үшін егіздерді бір-бірінен бөлмеу туралы шешім қабылданған, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Тараз горнизонында бес егіз жұп қызмет етеді

Фото: 24kz

Алматы облысынан шыққан 22 жастағы егіздер Диас пен Ілияс Төлепбергендер мерзімді әскери қызметке шамамен бір жыл бұрын шақырылған. Тараздағы қызмет барысында сарбаздар жақсы нәтижелер көрсетті. Соның арқасында ағайындылардың бірі – Диас жоғары оқу орнында тегін білім алуға арналған білім грантын иеленетін болды.

«Біз әскери борышымызды абыроймен атқарып, тұрғындардың тыныштығын күзетіп жүрміз. Әскерде қызмет ету – әрбір ер азаматтың міндеті. Өскелең ұрпаққа үлгі боламыз деп ойлаймын», деді мерзімді әскери қызмет сарбазы Диас Төлепберген. 

Егізі Ілияс Төлепберген тек әскери қызмет атқарып қана қоймай, полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесетінін атап өтті. 

Түркістан облысынан келген Аман мен Есен Қонар, сондай-ақ Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Беркішовтер түзеу мекемесіндегі тәртіпке жауапты. Сырт келбеттері ұқсас болғанымен, мінездері әртүрлі бұл жігіттерді топтық рух пен қызметке деген жауапкершілік біріктіреді.

Олармен бір бөлімде Елхан мен Елшан Нұриевтер де қызмет етеді. Жігіттер қол күреске қызығады және жетістіктерін бірге қызмет атқаратын әріптестеріне көрсетіп жүр.

Ақтөбеден Таразға келген Ақниет пен Әділет Төремұратовтар жаңа әскери ортаға тез бейімделді. Қазір олар Тараз гарнизонының байланыс полкінде екінші ай қызмет атқарып жүр. Ақниет пен Әділет әрдайым бірге: бір сыныпта оқыған, бір партада отырған, енді әскерде де қатар жүр, тек мектеп дәптерлерінің орнын әскери конспектілер алмастырған.

«Әскери қызмет бізге ұнайды. Әр күніміз қызықты өтеді. Армияға өз еркімізбен келдік. Мінез бен тәртіп дәл осы жерде қалыптасады деп ойлаймын», деді мерзімді әскери қызмет сарбазы Әділет Төремұратов.

Батальон командирінің орынбасары Рахымжан Арынтаевтың айтуынша, ата-аналар көбіне ұлдарын әскерге жіберуге қорқады. Ал мұнда бір отбасыдан бірден екі бала қызмет етіп жүр. Олардың жауапкершілігі мол әрі ашық-жарқын.

«Егіз болғандықтан, оларды бөлмеу туралы шешім қабылданды. Өзара қолдаудың арқасында олар ұжымға тез сіңісті», деп жауап берді ол 24.kz бағдарламасына. 

2025 жылдың күзінде Өңірлік «Оңтүстік» қолбасшылығының әскери бөлімдеріне мерзімді әскери қызметті өтеу үшін шамамен 2 мың сарбаз келген. Қызмет қорытындысы бойынша үздік атанғандар елдегі 70 жоғары оқу орнынан тегін білім алуға арналған білім гранттарына ие болады.

Соңғы жаңалықтар