Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Отандық фармацевтиканы ілгерілеткен
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысудан басталды. Кәсіпорын медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар өндіреді. Президентке медициналық препараттар мен дайын өнім түрлерін шығаратын негізгі цехтың жұмысы көрсетілді.
«Әмір және Д» ЖШС әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалауға арналған жедел тестілердің көптеген түрін шығарады. Бұл өнімдер В және С гепатитін, ВИЧ-инфекциясын, миокард талмасын, сондай-ақ есірткі және психотропты заттарды анықтай алады. Кәсіпорынға тиесілі медициналық бұйымдардың 200-ден аса атаулы түрі бар. Бүгінде серіктестікте 94 қызметкер еңбек етеді.

Мемлекет басшысына «Super-pharm» фармацевтикалық компаниясының жұмысы туралы ақпарат берілді. Бұл – елімізде медициналық бұйымдар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауытта 600-ден аса еңбеккер жұмыс істейді. Компания отандық нарықтағы бір реттік қолдануға арналған медициналық бұйымдарға сұраныстың 30 пайызын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, кәсіпорын түрлі операциялар үшін хирургиялық және процедуралық жиынтықтарды, медициналық бетперденің барлық түрін, бірреттік қорғаныш киімін, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдарды өндіреді. Сонымен қатар медициналық шприцтер, инфузионды және қанды қайта құюға арналған система құралдары, басқа да өнімдер дайындалады.
Президент отандық фармацевтика индустриясының дамуы импортқа тәуелділікті төмендетіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда маңызды екенін атап өтті.
Индустриялық аймақтың ілкімді істері
Бұдан соң Мемлекет басшысы «Тараз» шағын индустриялық аймағын аралап көрді. Алдымен Президентке Жамбыл облысына инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобалары таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы индустрияландыру, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалып, инвестициялық пул туралы мәлімет берілді.

Жыл басынан бері өңірге 599,2 млрд теңге инвестиция тартылған, өсім 33 пайызды құраған. Кейінгі екі жылда облыста жалпы құны 242 млрд теңге болатын 56 инвестициялық жоба іске асырылған.
Мемлекет басшысына облыстағы жетекші кәсіпорындардың жобалары көрсетілді. Олардың қатарында «Қазфосфат» серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіру және YONGGANG CENTRAL IRON and STEEL компаниясы салып жатқан металлургия зауыты жобалары бар.
Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ауқымды инвестициялық жобасының аралық қорытындысы ұсынылды. Қазір күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауытты іске қосу алдындағы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы өнім ішкі нарыққа жөнелтілді.
Алдағы уақытта пайдалануға берілетін Shengtai Biotech Co.Ltd жүгері өңдеу зауыты жөнінде де баяндалды. Шу ауданындағы бұл жобаға 1,5 млрд доллар инвестиция салынған. Сонымен қатар Байзақ ауданындағы Zhongkai Kazakhstan International Company қант зауыты құрылысы жайында мәлімет берілді.
Бұған қоса KAZ FMWORLD AGRICULTURAL MACHINERY компаниясының индустриялық аймақта шығарылатын ауылшаруашылық техникалары көрсетілді.
Сонымен қатар Президент Dala Glass әйнек өндіретін кәсіпорын қызметімен танысты. Зауыт биыл жазда іске қосылған. Жобаға салынған инвестиция 1 млрд теңгені құрайды. Жылына 500 мың шаршы метр әйнек шығару жоспарланып отыр. Бүгінде аталған нысанда 50 адам жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың еңбегіне табыс тіледі.
Президент тарихи портрет пен автобус сыйлады
Осы күні Мемлекет басшысы Тараздағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа барды. Қасым-Жомарт Тоқаев оқу кабинеттері мен спорт залын аралап көрді. Президентке мекемеде 180 бала білім алып, интернатта тұратыны жөнінде баяндалды.
Мектеп жас өскіндерге білім беріп, тегін тамақтандырады әрі тұрғынжаймен қамтамасыз етеді. Оқу бағдарламасы 7–11 сыныптарға арналған. Білім ошағының негізгі мақсаты – келешектегі Отан қорғаушыларды даярлау, оларға әскери-патриоттық тәрбие беру. Әскери интернатта курсанттар сабақтан тыс уақытта роботтехника, дронды басқару, жасанды интеллект үйірмелеріне қатысады. Болашақ әскери қызметшілерге ағылшын тілі тереңдетіп оқытылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқушылармен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан әскери білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
Іс-шара соңында Мемлекет басшысы білім ошағына Бауыржан Момышұлының портретін және елімізде құрастырылған мектеп автобусын сыйға тартты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Тараздағы аритмология клиникасының жұмысымен танысты. Бұл – жүрек соғысының бұзылуын жедел емдеуге маманданған медициналық мекеме.
Президентке клиниканың кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек, соның ішінде жоғары технологиялық араласу арқылы дәрігерлік жәрдемнің толық спектрін көрсете алатыны жөнінде баяндалды.
Өңірдегі бірегей орталық жүректі радиожиілік пен криоаблация тәсілдерімен емдейді. Мекеме бір ауысымда 150 адамға дейін қабылдай алады. Сондай-ақ 47 орындық стационар бар. Орталыққа құйылған жалпы инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрады.