Саясат • 26 Желтоқсан, 2025

Экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында экономиканың өсуін қамтамасыз ету мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыс қаралды.

Экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі

Отырысқа Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министр­дің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Президент Әкімшілігі бас­шы­сы­ның орынбасары Ерболат Досаев, Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту, Стратегиялық жоспарлау және реформалар  агенттіктерінің басшылығы мен тағы басқалар қатысты.

Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсуі 6,4%-ды құрады. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен халықтың табысын арттыру мақсатында Президент тапсырмасына орай әзірленген Үкіметтің, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026–2028 жылдарға арналған халықтың әл-ауқатын тұрақтандыру мен арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жүргізіліп отырған бюджеттік-са­лықтық реформалар фискалдық сая­сат­ты жаңғыртуға әрі бизнес үшін әкім­шілік кедергілерді кешенді түрде төмен­детуге бағытталған.

Сондай-ақ жиында келесі жылдың негізгі сыртқы және ішкі сын-қатерлері қаралды, жаһандық экономикадағы өсімнің баяулауы туралы болжамдар бар трендтер ұсынылды.

Кеңес мүшелері экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету, өнімді жұмыс орындарын құру мен медиандық  жалақы мөлшерін арттыру бойынша алдағы шараларды талқылады. Нарықты отандық тауарлармен толықтыруға бағытталған импортты алмастыруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар, оның ішінде «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы халықтың табысын қолдауға ықпал етпекші.

Отандық өнімдердің сапасын жақ­сар­ту мен заманауи технологияларды енгізу арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығы атап өтілді. Бүгінде еліміздің экономикасы әлемдік нарықтарға дайын өнім экспортын ұлғайта отырып, шикізат экспортынан жоспарлы түрде бас тартып жатыр, бұл өз кезегінде әртараптандырылған құры­лым­ның қалыптасқанын айғақтайды.

Бұған қоса инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы жеке инвес­ти­циялардың үлесін арттыруға назар аударылды. Экономиканың нақты секторын қаржыландырудағы екінші деңгейлі банк­тердің рөлін арттыру мен шетелдік инвес­тицияларды мультипликативтік әсері бар ірі жобаларға бағдарлау қажет­тігі айтылды.

Премьер-министр инфляция дең­гейін төмендету міндетіне басымдық бері­летінін атап өтті. Бұл жерде мәселе азық-түлік пен азық-түлік емес тауар­лар­дың, қызметтер бағасының тұрақты төмендеуі туралы болып отыр.

«Күрделі сыртқы конъюнктураға қара­мастан, еліміздің экономикасы даму үстінде. Құрылымдары бойынша қа­расақ, өңдеу, құрылыс, сауда мен көлік саласы өсу үдерісінде. Яғни өсім тең жағ­дайда жүріп жатыр. Біз инфляция бойынша төмендеу үрдісін көріп отырмыз. Бағытымыз –  инфляцияны төмендету бойынша алдымызға қойылған міндеттерді сапалы орындау», деді Олжас Бектенов.

Отырыс қорытындысында Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен, Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктерімен бірлесіп, эко­но­ми­калық ахуалға мониторинг жүр­гізу мен ықтимал тәуекелдердің алдын алу жөнінде келісілген іс-қимыл­дарды жедел жүзеге асыру тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар