Талбесік • Бүгін, 08:00

Ілбіске қарғыбау тағылды

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінде тағы бір ілбіске (қар барысы) GPS құрылғысы тағылды. Енді тағы екі қар барысына навигациялық құрылғы орнату жүзеге асырылмақшы. Бақылау құрылғысы орнатылған қарғыбау арқылы түз тағысының тыныс-тіршілігін бақылау жақсара түседі.

Ілбіске қарғыбау тағылды

Спутниктік қондырғылар арқылы мамандар жануар­лардың қозғалысын, күн­де­лікті тыныс-тіршілігі туралы мәлі­меттерді жинақтайды. Көші-қонын зерттеуге, қауіп-қатерге ұрын­дыр­мауға қарғыбаудың септігі мол дейді зерт­теушілер. Ілбіске қарғы­бау тағу шарасы ұлттық парктің қыз­меткерлері, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті және Зоология институтының жетекші ма­мандарының тығыз ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асырылды. Ма­мандардың дерегінше, бұл жолғы ілбіс бұған дейін GPS байланған түз тағыларының ішіндегі ең ірісі.

Елімізде қар барысын зерттеу қар­қынды жүргізіліп келеді. Жабайы аң Азия құрлығындағы зеңгір таулардың киесі ғана емес, табиғи мұраның символы іспетті. Даланың еркін тіршілік иесін аулауға қатаң тыйым салынған, 1978 жылдан «Қызыл кітапқа» енгізілген. Еліміз халықаралық агенттіктермен, үкіметтік емес сектормен, азаматтық қоғамдастықпен бірлесе климаттық өзгерістерге бейімделу шараларын енгізу, биоәртүрлілікті сақтау мен эко­жүйелерді орнықты басқару ба­ғытында бірқатар маңызды шараны жүйелі жүзеге асырып жатыр. 2021 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы аясында Жаһандық эко­логиялық қордың қолдауымен спут­никтік телеметрия қолданылып келеді.

Экология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Нұркен Шәрбиев ілбіс мекен ететін аумақтарда жалпы ауданы 3,6 млн гектарға жететін ерекше қорғаудағы табиғи аймақтар құрылғанын мәлім етті. Айрықша қорғалатын аңның алаңсыз өсіп-өнуіне Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Көлсай көлдері, Алтын-Емел, Сайрам-Өгем, Жоңғар Алатауы, Шарын, Тарбағатай, Катонқарағай, Қаратау мен Батыс Алтай мемлекеттік қорықтары таптырмас мекен саналады.

Вице-министр қар ілбістің мекендеу аумағының шамамен 70%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәр­тебесіне ие екенін жеткізді. Олардың санын қалпына келтіру мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып, 11 қар барысына спутниктік қоңырау тағылды. Алынған дерек негізінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру жоспарланып отыр. Қар барысын қорғап, мониторинг жүргізу бағытында жүзеге асырылған кешенді іс-шаралар нәтижесінде 90-жылдары саны жүзге де жетпейтін ілбіс бүгінде 189 басқа көбейген.

Жалпы, әлемде 4 мыңға жуық қана ілбіс бар екен. Елімізде табиғат қорғау мекемелері – ұлттық парктер мен қорықтарды құрудың нәтижесінде, сонымен қатар олардың аумағын кеңейту іс-шараларының арқасында жабайы аң популяциясының оң динамикасы байқалады.

2013 жылдан бері 23 қазан ілбістің халықаралық күні ретінде аталып өтеді. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) аңның сирек кездесетін түріне төнетін қауіп-қатерге қоғам назарын аударып, халықаралық ынты­мақтастықты нығайту мақсатында белгіленген күні түрлі іс-шара ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар

Абай және жас ұрпақ

Абай • Бүгін, 19:55

Жаңа жылдың тарихы қандай?

Қоғам • Бүгін, 18:30