Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, оқиға 19 желтоқсан күні болған.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, тұрғындарды эвакуациялады. Балалар қауіпсіз жерге шығарылды. Зардап шеккендер жоқ», деп хабарлады ТЖД-ның баспасөз қызметі.
Бүгін өрт шыққан үйге қала әкімі Марат Жүндібаев арнайы барып, тұрғындармен кездесті.
«Ең бастысы – адам шығыны жоқ. Төтенше жағдайлар қызметі шұғыл әрекет етті. Қазір 40 отбасы жарықсыз отыр. Жаңа жыл қарсаңы, мәселені бұлай қалдыруға болмайды. Жедел шешуіміз керек. Қазір тұрғындар жақын туыстарының үйінде тұруға немесе үйден тыс жерде тамақтануға мәжбүр болып отыр. Сондықтан созбаққа салмай, электр желісін шұғыл қалпына келтіруіміз керек», деді әкім.
Бірінші кезекте лифтінің жұмысын қалпына келтіріп, пәтерлерді электр энергиясымен қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін уақытша кабель тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Одан кейін өрттің шығу себебі анықталып, қақаған аязда осыншама пәтердің жарықсыз қалуына кінәлі адамдар сотқа тартылады.
Қала әкімінің айтуынша, Төтенше жағдай қызметі 2016 жылы жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі комиссия тізімінен шығарылған.
«2026 жылы өрт сөндіру қызметін бұл тізімге қайта енгізу жоспарланып отыр. Бұл – дұрыс шешім», деді Марат Жүндібаев.