Энергетика • Бүгін, 09:05

Өндірістік әлеуетті тиімді пайдалану тетігі

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Энергетика – ел эконо­микасының өзегі. Өнер­кәсіп, көлік, инфрақұ­рылым, сондай-ақ халық­тың тұрмыс сапасы­ның тұрақты дамуы энер­гетиканың тиімділігіне тікелей байланысты. Қазір аталған салада жү­йелі реформа қолға алы­­нып, қайта жаңғыр­ту, тариф сая­сатын қай­та қарау, энергия қауіп­сіз­ді­гін нығай­ту мәсе­лелері алдың­­ғы қатарға шықты.

Өндірістік әлеуетті тиімді пайдалану тетігі

Елімізде электр энергия­сы­ның негізгі бөлігі көмірден өндірілетіні белгілі, яғни біздегі электр энергиясы өн­дірісінің шамамен 60–65 па­йызы көмір генерациясына тиесілі. Десек те, газбен жұмыс істейтін стансалардың үлесі артып келеді, әсіресе батыс пен оңтүстік өңірлерде бұл сала жақсы жолға қойыл­ған. Су электр стансалары мен жаңартылатын энергия көздерінің (күн, жел) үлесі әзір­ге төмен болғанымен, жыл са­йын өсім байқалып келеді.

Энергетикалық теңгерім­нің осындай құрылымы бір жағы­­­нан елді электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етсе, екін­ші жағы­нан экологиялық тәуе­кел­дер мен тозған инфрақұ­рылым мә­селесін алға шығарып отыр. 

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, салада инвестиция көлемін 20 пайызға артып, 323 шақырым жылу желісі жөнделген. Энергожүйесі рекордтық 118 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіріп, Топар мен Текеліде жаңа қуат көздері іске қосылды. «Энергетикалық жүйе сұраныстан оза жұмыс істеп, рекордтық 118 млрд кВт.сағ электр энергиясын берді», дейді министр.

Әйтсе де сарапшылардың бағалауы өзгерек. Еліміздегі электр стансалары мен жылу желілерінің 65-70 пайызы тозған. Нысандардың басым бөлігі бүгінгі жүктемеге әрдайым төтеп бере бермейді. Әсіресе қыс мезгілінде апаттық жағдайлардың жиілеуі сондықтан. Осыған байланысты мемлекет энергетикаға инвестиция тартуды басым бағыттардың бірі ретінде айқындады. Генерацияны жаңарту, желілерді қайта жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу үшін тарифтік саясатты кезең-кезеңімен реформалау қолға алынды.

Энергетика мен коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасына қатысты пікір білдірген «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушевпен бұл бастаманы салаға көп жылдан бері алғаш рет жүйелі көзқараспен қараудың айқын көрінісі ретінде бағалады. Оның айтуынша, жоба жекелеген жөндеу немесе жеке агрегаттарды ауыстырумен шектелмейді. Генерациядан бастап электр желілеріне, жылумен қамту мен коммуналдық қызметтерге дейінгі базалық инфрақұрылымды кешенді түрде жаңарту көзделген.

Сарапшы жобаның басты ерекшелігі ретінде техникалық ахуал, тарифтік саясат пен инвестициялық тетіктердің өзара байланыстырылып отырғанын атап өтті. Бұған дейінгі тәжірибеде мұндай үйлесім болмағандықтан инвестициялар көбіне біржолғы сипат алып, ұзақмерзімді нәтиже бермей келген. Қазір жобаның іске асырылуы өңірлер бойынша біркелкі емес: кейбір аймақтарда нақты жұмыстар басталып, алғашқы тиімділік байқалса, басқа өңірлерде жобалау, қаржыландыру мен институционалдық шектеулер үдерісті баяулатып отыр.

ЖЭО-лардың тозу деңгейіне қатысты айтылған 61 пайыздық көрсеткішке тоқталған сарапшы бұл мәселе әртүрлі деректердің бағалау әдістемесіне байланысты екенін түсіндірді. Орташа тозу деңгейінің төмендеуі, негізінен, кейінгі жылдары жаңғыртудан немесе күрделі жөндеуден өткен негізгі агрегаттар мен тораптарды есепке алумен байланысты. Ал 65-70 пайыз деген деректер саладағы жағдайды кеңірек қамтып, ондаған жыл бойы жаңартылмаған қосалқы жүйелерді, инженерлік коммуникациялар мен инфрақұрылымды да ескереді. Осы тұрғыдан алғанда, көрсеткіштер бір-біріне қайшы емес, керісінше энергетикадағы проблеманың әр қырын көрсетеді. Дегенмен саланың басым бөлігі әлі де ресурсы сарқылған жабдықтарға сүйеніп отырғандықтан, түбегейлі өзгеріс туралы айтуға ерте. Қазіргі кезең – апаттық жағдайларға жауап беруден жоспарлы жаңғыртуға өтудің өтпелі сатысы.

Министрліктің дерегінше, энергетика саласы дағдарысқа қарсы басқару кезеңін артқа тастап, стратегиялық жаңғыруға бет алды. ЖЭО-лардағы тозу деңгейінің баяу болса да төмендей бастауы – соның алғашқы белгісі. Ал ұлттық жоба аясындағы жүйелі қадамдар бұл үдерісті уақытша науқан емес, ұзақмерзімді мемлекеттік саясат деңгейіне көтеруді көздейді. Ендігі басты міндет – басталған реформаларды тоқтатпай, оларды нақты нәтижеге жеткізу. Өйткені энергетикадағы тұрақтылық – экономиканың ғана емес, елдің әлеуметтік қауіпсіздігінің де берік тірегі.

Мемлекет басшысы еліміздің табиғи ресурстары мен өндірістік әлеуетін тиімді пайдалану керектігін үнемі айтып келеді. «Елімізде жылына 110 млн тоннадан астам көмір өндіріледі ал көмір қоры шамамен 33 млрд тоннаны құрайды. Мұндай ауқымды стратегиялық артықшылықты тиімді пайдалана білуіміз керек», дейді Президент. 

Соңғы жаңалықтар