Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы салтанатты іс-шараға келіп, құттықтау сөзін айтты.
– Бұл іс-шара тек бір адамның ғұмырын ұлықтау емес, сол тұлғаның қаламына арқау болған тұтас өңірдің тарихына тағзым ету. Өткенді ұлықтап, келешекке ізгілікпен қадам басу – жақсылықтың нышаны. Сұлтан Кемелбаевтың өмірлік жолы – мамандығына адалдық пен кәсібиліктің озық үлгісі. Ол журналистикадағы еңбегімен, елге деген махаббатымен жас ұрпақтың жадында сақталмақ, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.
Соңынан өшпес із қалдырған қаламгердің жеке мұрағатындағы құжаттарды облыстық мемлекеттік архивке отбасы тапсырды. Жалпы 30-ға жуық құжат. Қызы Сәуле Кемелбаева бұл қадамды әкелерінің елге еткен еңбегі ел жадында сақталуы үшін аса маңызды деп отыр.
– Әкеміздің жеке құжаттарын түгел тапсырдық. Өмірбаяны, шығармашылық жолы, әкімшілік жұмыстағы құжаттары, барлығы дерлік архивке табысталды. Әкем өзінің саналы ғұмырын, күш-қайратын облыстың өркендеуіне арнады. Журналистика саласында тер төкті. Өңірдің барлық жетістігін, мәселелерін, күнделікті өмірін қаламына арқау етті. Өзі ұзақ жыл қызмет атқарған облыстық «Индустриальная Караганда» газеті де маңызды құжаттарын табыс етті. Мақалалар, очерктер енді жас ұрпақтың игілігіне жарайды деп ойлаймыз, – деді Сәуле Кемелбаева.
Сұлтан Кемелбаев облыстық «Индустриальная Караганда» газетінде 13 жыл бас редактор қызметін абыроймен атқарды. 1946 жылы 6 қыркүйекте Балқаш қаласында туған. Еңбек жолын Балқаштағы кен орындарының бірінде электрик болып бастаған. Лениниградтағы мемлекеттік университеттің журналистика кафедрасын тәмамдаған талапты журналист «Индустриальная Караганда» газетіне 1974 жылы тілші болып қызметке орналасқан. Алматыдғы жоғары партиялық мектептің де түлегі. «Труд», «Рабочая трибуна», «На гора» газеттерінде де қызмет атқарған. «Вечерняя Караганда» газетінің бас редакторы да болған. 1993–2006 жылдар аралығында «Индустриальная Караганда» газетінің ұжымын басқарды. 2006 жылы «Шахтерская неделя» газетін де тізгіндеді.
Ардагер журналист, Сұлтан Кемелбаевтың қаламгер досы Аман Жанғожин архивке тапсырылған құжаттар студенттердің дипломдық жұмысына арқау болатынын айтты.
– Сұлтан Кемелбаев – өте білімді, биік тұлғалы, еңбекқор азамат еді, кез келген тақырыпты жазатын өрелі журналист еді. Мұндай тұлғаның мұралары келешекте зерттелуге тиіс. Әсіресе болашақ журналистер оның еңбектерін дипломдық жұмыстарына арқау етіп, үлгі алуы маңызды, – деді Аман Жанғожин.
Сұлтан Кемелбаевтың жеке мұрағат құжаттарының облыстық архивке тапсырылуы – тұлғаның жарқын бейнесін құрметтеудің ғана емес, өңір тарихын байыта түсудің маңызды қадамы. Қаламгердің өмір жолы, журналистік еңбегі мен қоғамдық қызметі болашақ ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Архивке тапсырылған құжаттар жас зерттеушілер мен журналистика саласының мамандарына тәлімдік материал болумен қатар, өңірдің рухани қазынасын толықтыра түспек. Сұлтан Кемелбаевтың қалдырған мұрасы – оның елге деген адалдығы мен кәсіби биігінің мәңгілік дәлелі.
Қарағанды облысы