Саясат • Бүгін, 08:50

Медициналық көмек толықтай автоматтандырылады

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының медициналық қызметтердің сапасын арттыруға қатысты қойған міндеттері шеңберінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселесі бойынша кеңес өткізді.

Медициналық көмек толықтай автоматтандырылады

Кеңесте Денсаулық сақтау министр­лігінің Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қорының қызметін жетілдіру мен цифрлық трансформациясына қатысты тәсілдері қаралды. Халыққа МӘМС шең­берінде көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударылды.

Елімізде міндетті әлеуметтік медици­налық сақтандыру жүйесімен шамамен 17 млн адам қамтылған, оның 12 млн-ға жуығы жеңілдікке ие санаттарға жатады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС қаражатының жиынтық көлемі 6 жыл ішінде 6,8 трлн теңгеден асқанын баяндады, оның 2 трлн теңгесі – азаматтардың жеңілдікке ие санаттары үшін берілген мемлекеттік жарналар. Тек биылдың өзінде ғана осы мақсаттарға 1,4 трлн теңге аударылған.

Жиынға қатысушылар міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңейтілеті­ніне байланысты цифрлық тетіктерді енгізу арқылы қадағалауды күшейте түсу мен жүйенің ашықтығы мәселелерін талқылады. Келер жылдан бастап халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту айтарлықтай кеңейеді. Тиісті заңнамалық өзгерістер жаңа жылдан бастап күшіне енеді.

Бүгінде елімізде медициналық көмектің 92%-ы автоматты түрде жүзеге асырылады. Келесі жылдың соңына дейін оны 100%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл адами факторды толығымен алып тастауға мүмкіндік береді.

Одан бөлек, сатып алу, медициналық қызметтерге ақы төлеу сияқты басқа да негізгі бизнес-үдерістер цифрландырылды. Қордың ақпараттық жүйесін Денсау­лық сақтау, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрліктері әрі eGov жүйе­лерімен интеграциялау жеңілдікке ие са­наттарға қатысты деректердің автоматты түрде жаңартылуын қамтамасыз етті, ме­дициналық сақтандыру жүйесі жарна­ларын есепке алудың дәлдігін арттырды.

Биыл халықтың медициналық қызмет­тер көлеміне нақты қажеттілігін есептеу­ді ескере отырып, жоспарлау қағида­ларын, әдістері мен тәсілдерін бекіту маңыз­ды қадам болды. Келесі жылы жоспар­лаудың барлық үдерісін цифрландыру аяқталады, бұл есептеулерді тек бұрынғы деректер негізінде ғана емес, сонымен қатар көрсетілген медициналық көмектің нақты көлемін әрі болжамдарды ескере отырып жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Биылғы 1 шілдеден бері медициналық қызметтердің сапасына мониторинг жасау мен ақы төлеу бірыңғай цифрлық контурға біріктірілген. Жаңа модуль төлем құжаттарының санын 9-дан 3-ке дейін қыс­қартты, 1С бухгалтериямен үздіксіз инте­грацияны қамтамасыз етті. Бұған қоса жүйенің «әлсіз тұстары» да анықталды. Ықти­мал тәуекелдер Денсаулық сақтау ми­ни­стр­лігінің бақылауында, олар цифр­лық құралдарды енгізу арқылы жойылады.

Медициналық ұйымдарда Face ID жүйесі енгізіліп жатыр, бұл бүгінде медициналық мекемелер тарапынан тіркеулер санын 7%-ға төмендетуге, бюджет қаражатының шамамен 10,5 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді.

Келесі жылы медициналық қызмет­терді бөлуге рейтингтік бағаны есептеу индика­тор­ларын толық цифрландыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде медициналық көмектің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамта­масыз ете алған жеткізушілер қаржы­ландыру мүмкін­дігіне ие болады. Келесі жылы медици­налық деректердің бірың­ғай қойма­сын қалып­тастыру жөніндегі жұмыстың аяқ­талуы көрсетілетін медици­налық көмекті жос­парлау мен сапасын жақсартуға әсер етеді.

Халыққа арналған дәрі-дәрмектерді жоспарлау мен беру тиімділігі мәселе­леріне де назар аударылды. Клиникалық хаттамаларды цифрландыру мен бірлесіп төлеу тетіктерін енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді, бұл ем алушыларды қажетті препараттармен қамтамасыз ету үдерістерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

– Мақсат – көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын үнемі жақсарта отырып, қолжетімділігін арттыру. Цифрландырудың алғашқы нәтижелерін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Озық технологияларды қарқынды енгізуді жалғастыру қажет. Үдерістерді автоматтандыру медициналық құрамды бюрократиялық рәсімдерден босатып қана қоймай, емдеу мен дәрі-дәрмекке бөлінген қаражаттың жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сол кезде азаматтар да, дәрігерлер де, мемлекет те реформалардың нәтижелерін айқын көретін болады, – деді Олжас Бектенов.

Жиын қорытындысында Премьер-министр Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне үдерістерді цифрландыру жұмысын жандандыруды тапсырды. Қаржы министрлігі денсаулық сақтау жүйесінде қаржылық тәртіпті күшейтуге қатысты шаралар қабылдайды. 

Соңғы жаңалықтар

2026 жылы бізді не күтіп тұр?

Қоғам • Бүгін, 11:02