Экономика • Бүгін, 08:45

Көлеңкелі экономиканы қалай тоқтатамыз?

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көлеңкелі экономика салық түсімін азайтып, бюджет қаржысының тапшылығына, әлеуметтік бағ­дар­ламалардың қысқаруына әкеліп соғып, қай мемлекеттің болсын, эконо­микалық қауіпсіздігіне қатер төн­діретіні мәлім. Сондай-ақ ол нарық­тық бәсекені төмендетіп, сыбайлас жемқорлыққа жол ашады, елдің эконо­микалық жағдайын дәл бағалауды қиындатып, дамуын тежейді.

Көлеңкелі экономиканы қалай тоқтатамыз?

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Ernst & Young» (EY) аудиторлық және консалтингтік фирмалардың халықаралық желісінің «Көлеңкелі экономика туралы жаһандық есеп – 2025» зерттеуіне қарағанда, әлемдегі бақылаусыз экономиканың көлемі 2023 жылы орта есеппен ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 11,8 пайызы шамасында болған.

Бай және дамыған мемлекеттерде көлеңкелі экономика деңгейі айтарлықтай төмен. Олардың онды­ғына Біріккен Араб Әмірліктері (2,1 пайыз), Қатар (2,2 па­йыз), Бахрейн (2,5 пайыз), Сингапур (3,4 па­­­­йыз), Кувейт (4 пайыз), Канада (4,5 пайыз), Америка Құрама Штаттары (5 па­­йыз), Ирландия (5,1 пайыз), Швейцария, (5,1 пайыз), Сауд Арабиясы (5,2 па­йыз) кірген. Бақылаусыз экономика, әсіресе табысы мардымсыз, кедей елдерге тән. Олардың «онды­ғын­да» Сьерра-Леоне (64,5 пайыз), Нигер (56,3 пайыз), Непал (51 пайыз), Эфиопия (50,2 пайыз), Бурунди (49,2), Мали (46,8 пайыз), Танзания (44,7 пайыз), Буркина-Фасо (43,8), Конго Демо­кратиялық Республикасы (42,1 па­йыз) және Мозамбик (39,8 пайыз) бар.

Орталық Азия мен Еуразия­лық эконо­ми­калық одақ ел­дері ішінде көлеңкелі эко­но­мика көлемі ең аз мемлекет – Қазақстан. Еліміздегі бақы­лаусыз экономика үлесі 2023 жылы ІЖӨ-нің 11,2 пайызына тең болған. Бұл көрсеткіш Ресейде – 13,1, Беларусьте – 18,3, Арменияда – 18,9, Түрікменстанда – 19,7, Өзбекстанда – 24,4, Тәжікстанда 33,2 пайыз.

Көлеңкелі экономикамен күреске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп, пәрменді шаралар қол­данып келеді. Мәселен, 2019 жылы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетіне Экономикалық тергеу қызметі қосылғандығы ұтымды болды. Нақты айтсақ, 2020 жылы көлеңкелі экономикамен айна­лысқан ұйымдасқан қылмыстық топтардың (ҰҚТ) үстінен қозғалған істер саны бо­йынша рекордтық көрсеткішке қол жетті. Нәтижесінде, 73 ҰҚТ жойылды.

Мемлекет басшысы көлең­келі экономикамен күрестің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында 2021 жылы Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін Қаржылық мониторинг агенттігін құрды. Оның алдына Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, бақылаусыз экономика деңгейін 2025 жылға қарай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының орташа көрсеткішінен – ІЖӨ-нің 15 па­йызынан асырмау міндетін қойды. Осы міндет Президенттің 2022 жылғы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасына да енгізілді.

Биыл көлеңкелі экономикаға қарсы күресті одан әрі күшейту мақса­тын­да Үкімет тарапынан Қаржы министрлігі осы сала­дағы үйлес­ті­руші мем­ле­кет­тік орган болып бел­гіленді. Көптеген мемлекеттік органның ережелеріне бақылаусыз эконо­микаға қарсы іс-қимыл функциясы қосылды. Осы орайда Қаржы министрлігі қолға алған негізгі жоба – азаматтар мен бизнеске қатысты үлкен деректер көлемін талдау үшін жасан­ды интеллектіні пайдаланатын Smart Data Finance жүйесі. Бұл жүйе салық төлеушінің цифрлық бейнесін қалыптастырып, салық төлеуден жалтару схемаларын анықтайды. Салық­тық әкім­шілендіруді цифрландыру және деректерді талдаудың жаңа құрал­дарын енгізудің арқасында қазір­дің өзінде ішкі сауда, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларында заңсыз қаржы айналымы едәуір азайған.

л

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

EY-дің есебіне қарағанда, Қазақстан көлеңкелі экономиканы азайту міндетін ойда­ғыдай орындап тастаған сияқ­ты. Алайда Стратегиялық жос­­парлау және реформалар агент­тігі Ұлттық статис­ти­ка бюро­сының бағалауы бо­йын­ша жағдай басқаша. Оның мәлі­меті еліміздегі бақылаусыз экономиканың ІЖӨ-мен салыс­тырғандағы үлесі 2019 жылы – 23,69 пайыз, 2020 жылы – 20, 23, 2021 жылы – 19,75, 2022 жылы – 18,78, 2023 жылы – 17,58, 2024 жылы 16,71 па­йыз болғандығын көрсетті. Бұл – еліміздегі көлеңкелі экономика деңгейі жылдан-жылға төмендей түскенімен, әлі де жоғары деген сөз. Оның көлемі былтыр 22,8 трлн теңгеден асып жығылғандығы – соның айғағы. Өңірлердің ішінде Түркістан облысы «көш бастап», бақылаусыз экономикасының үлесі 27,97 па­йызға жеткен немесе 1,3 трлн теңгеден асқан. Жамбыл облысында бұл көр­сет­кіш 25,8 пайыз, яғни 812,8 млрд теңге болған. Қызылорда облысында тиісінше 21,9 пайыз және 673,2 млрд теңге шамасында. Алматы (20,3 пайыз немесе 1,2 трлн теңгеден астам), Ақтөбе (17,3 пайыз немесе 858 млрд теңгеден астам) облыстарындағы көлең­келі экономика үлесі де жоғары. Алынған табыс салыс­тырмалы түрде аз жасырылған өңірлер – Атырау (8,37 пайыз, немесе 1,25 трлн теңге), Ұлытау (10,75 пайыз немесе 267,4 млрд теңгеден астам) және Маңғыстау (13,01 пайыз немесе 651,2 млрд теңгеге жуық) облыстары.

Еліміздегі ІЖӨ-нің 22,9 па­йызын (31,29 трлн теңге) еншілеп отырған Алматы қаласындағы көлеңкелі экономика үлесі 16,7 пайыз немесе 5,2 трлн теңгеден астам. Республикамыздағы екінші экономика деңгейіне көтерілген (ІЖӨ-нің 11 па­йызы, немесе 15,05 трлн теңге) Астанада бұл көрсеткіш 19,3 пайыз, немесе 2,91 трлн теңге болған. Үшінші мегаполис – Шымкентте (ІЖӨ-дегі үлесі 3,5 пайыз немесе 4,73 трлн теңге) бақылаусыз экономика көлемі 22,5 пайызға тақау немесе 1,06 трлн теңге.

Қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси жағ­дай­да еліміздің экономикасы әртүрлі қиын­дыққа ұшырап, бюджет тап­шы­лығы сезі­ліп отырған­дық­тан көлеңкелі экономикамен күресті күшейтудің маңызы зор. Бұл бағытта Үкімет Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу негізінде эко­но­миканың барлық саласын жаңғырту, қолма-қол ақшамен төлем жасау­ды барын­ша азайту, қаржы операцияларын, соның ішінде қомақты ақша аударымдарын бақы­лауды күшей­ту шараларын іске асырып жатыр.

Дегенмен, әлі де ойланар­лық мәсе­лелер бар. Мысалы, Қаржы министр­лігі Мемле­кет­тік кірістер коми­тетінің (МКК) мәліметіне қара­ғанда, Орталық Азия елдерінен кел­ген еңбек мигранттары Қазақ­станда үш жыл ішінде, 136 млрд теңге табыс тапқан. Ал Ұлттық банктің ақпараты бо­йынша осы мерзім ішінде олар өз елдеріне 1 трлн теңге ақша аударған. Осы факт жосықсыз кәсіпкерлердің еңбек мигранттарына жалақыны көбінесе конвертпен төлеп, салық төлеуден жалтаратындығын айғақ­тай­ды. Демек, қолданыстағы заңнама талап­тарын қатайту қажет. Мысалы, «Ха­лық­тың көші-қоны туралы» заңда жеке тұлға өзінің үй шаруашылығында жұмыс істету үшін 5 еңбек мигрантын 12 ай мерзімге дейін қабылдауына рұқсат берілген. Алайда осы норманы заңды тұлға болып саналатын кәсіпкерлер де жиі пайда­ланып жүргені белгілі. Сондықтан да жеке тұлғалардың үй шаруа­шы­лы­ғында жұмыс істеу үшін шетелден келетін еңбек мигранттарының санын қысқартқан жөн.

Дүкеннен не базардан зат сатып алғанда сатушы­дан фис­калдық чек сұрау­ға «ұялып» тұратын әдетіміз де бар. Осы­лай­ша көлеңкелі эконо­микаға «көмектесіп» жүр­ге­ні­мізді ойланатын кез жетті. Бұл ретте МКК өткен жылы Абай облы­сының Семей қала­сын­да, Ақмола облысының Ақкөл ауданында фискалдық чек беруді ынталандырудың «Salyq кэшбэк» қанат­қақты жобасын іске асырды. Оның аясында азаматтар арнайы мобильді қосымшада фискал­дық чектің штрих-кодын сканерлеу арқы­лы сатып алған нәрсесінің сома­сының 2 пайызы мөлшерінде сыйақы алған. Нәтижесінде, сатып алушы­ларға берілген чектердің саны да, сомасы да әлдеқайда көбейген. Көр­шілес Қытайда енгізілген осы әдісті ал­дағы уақытта елімізде кеңінен қол­дану мәселесін жан-жақты зерделеп, оң­тайлы шешім қабылдау қажет сияқты.

Соңғы жаңалықтар

Бал ашып байығандар көп

Қоғам • Бүгін, 18:17