Кино • Кеше

Сынға қалған «Руың кім» фильмі прокаттан алынды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

10 желтоқсан күні үлкен экранға шыққан «Руың кім» фильмі енді кинотеатрлардан көрсетілмейді. Күні кеше Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сынға алған фильм прокаттан алынып тасталды. Бұл туралы фильмді түсірген Tiger Films продюссерлік орталығы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Сынға қалған «Руың кім» фильмі прокаттан алынды

Фото: «Руың кім» фильмінің постері

Фильм прокатқа шыққан уақыт аралығында 208 миллион теңге касса жинаған. Tiger Films продюссерлік орталығы фильмді талқылау барысында қоғамдық шиеленістің алдын алу үшін кинотеатрлардың репертуарынан алып тастау туралы шешім қабылдаған. 

«Біз фильмді ең ізгі, оң ниетпен түсірдік. Басты мақсатымыз – Қазақстан халқын бірлік пен татулыққа үндеу. Сатира мен юмор тілі арқылы руларға бөліну, бір руды екіншісінен жоғары қоюға ұмтылу қате түсінік екенін көрсеткіміз келді. Біздің тарапымыздан заңбұзушылық болған жоқ. Алайда фильмге қатысты екіұшты пікірлер туындап, оны талқылау барысында қоғамдық шиеленістің болмауы үшін, біз фильмді Қазақстандағы барлық кинотеатрлардың репертуарынан өз еркімізбен алып тастау туралы шешім қабылдадық», делінген продюссерлік орталықтың мәлімдемесінде. 

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Е.Саиров Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында «Руың кім» фильмінің қажетсіз тақырыпты арқау еткеніне назар аударған болатын. 

«Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экспозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанын көрдік. Бұл не деген бассыздық? Ол ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі бұл жақсылыққа әкелмейді», деген еді депутат. 

Мәжілісмен жасөспірімдер үшін кино және медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы жоғары екенін ескеріп, осыған қатысты біршама ұсынысын ортаға салған еді. 

Соңғы жаңалықтар