Қоғам • Бүгін, 12:05

Мәжіліс депутаты «Руың кім» фильмін сынға алды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров соңғы кездері қоғамда бірлік пен тұтастықты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бейім үдеріс күшейіп жатқанын айтты. Депутат ру аты жазылып, сатылатын киімдер мен желідегі контент жастардың психологиясына әсер ететінін сынға алды, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс депутаты «Руың кім» фильмін сынға алды

Фото: 4vlastinfo.kz

Е.Саиров осы сипаттағы әрекеттер киноға да жетіп, үлкен экранға шыққан «Руың кім» фильмінің қажетсіз тақырыпты арқау еткеніне назар аударды. 

«Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанын көрдік. Бұл не деген бассыздық? Ол ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі бұл жақсылыққа әкелмейді», деді депутат. 

AMANAT Фракциясының мүшесі осы мәселеге байланысты Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдап, ұлт ішінде артықшылығымызды кемшілік етіп көрсететін, бір ұлт ішіндегі руларды бір-біріне айдап салатын, арандатушылық материалдарға тыйым салынуы тиіс екенін айтты. 

Мәжілісмен жасөспірімдер үшін кино және медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы жоғары екенін ескеріп, осыған қатысты біршама ұсынысын ортаға салды. 

«Бірінші, Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құруды іске асыру қажет. Екінші, «Ұлттық код» және «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақты тосқауыл қою керек. Үшінші, мәдени салада, әлеуметтік желіде, Қазақстан халқының бірлігін көрсететін, жалпыұлттық «Біз Қазақпыз» деген мағынадағы контентті көбейтуге кірісуіміз керек», деді Е.Саиров.

Соңғы жаңалықтар