1885 жылы Семейге келген америкалық журналист Джордж Кеннан қоғамдық кітапхананың ерекшелігіне тәнті болып, жергілікті қазақтардың да сол кітапханадан кітап алып оқитынына таңданады. Сонымен бірге Кеннан «Сібір және сүргін» атты кітабында Абайдың есімін ерекше атайды. Бұл дерек Абайдың әлемдік оқырман үшін де қызықты тұлға екенін айғақтайды. Джордж Кеннан жорамалмен емес, өз көзімен көргенін қағазға түсіргендіктен, оның кітабындағы хакім туралы дерекке ерекше назар аударуға тиіспіз.
«Онда он екі не он бес жер аударылған кісі болды, олардың арасында мырза Лобановский, Мадам Дическула, Др. Богомолец (әйелі шахталарға каторгалық еңбекке жегілген жас дәрігер), сондай-ақ мен бұрын «Орыс революционерлерінің түрмедегі өмірі» туралы «The Century Magazine»-де (1887 ж., желтоқсан) жариялаған мақаламда атап өткен Приседский әпкелі-сіңлілері де осында еді. Жиналған қауыммен болған жалпы әңгіме байсалды да бейресми түрде өтті. Леонтьев мырза менің сұрақтарыма жауап бере отырып, Семей кітапханасының тарихын айтып берді. Ол бұл кітапхана саяси жер аударылғандарға зор пайда әкеліп қана қоймай, қаланың зияткерлік өміріне де елеулі серпін бергенін атап өтті.
– Тіпті қырғыздар да, – деді ол, – кейде оның мүмкіндіктерін пайдаланады. Мен бұл жақта бір оқымысты қарт қырғызды білемін. Аты – Ибраһим Құнанбай. Ол кітапханаға барып қана қоймай, Бокль, Милль, Дрэпер секілді авторларды да оқиды.
– Семейде шынымен Милль мен Дрэперді оқитын қарт қырғыз бар дегеніңіз рас па? – деп таңдана сұрады жас университет студенті.
– Иә, бар, – деді Леонтьев мырза сабырмен. – Мен оны алғаш жолықтырғанымда, ол менен индукция мен дедукцияның айырмасын сұрап таңғалдырды. Кейінірек оның ағылшын философиясын тереңірек зерттеп жүргенін, жоғарыда аталған авторлардың барлығының орыс тіліне аударылған еңбектерін оқығанын білдім.
– Ол оқығандарын түсіне алды деп ойлайсыз ба? – деп сұрады университет студенті.
– Мен онымен Дрэпердің «Еуропадағы ақыл-ойдың дамуы» атты еңбегі бойынша екі кеш бойы сұхбаттастым, – деді Леонтьев мырза. – Айтарым, ол бұл еңбекті өте жақсы түсінген сияқты болды.
– Менің байқағаным, – дедім мен, – кітапханада ағылшын ғалымдарының еңбектері көп, бірақ олардың бәрі көпшілікке қолжетімді емес. Дегенмен цензурадан бір кездері өтіп кеткен сияқты. Бұл қалай болғаны?».
Саналы ғұмырын халқының руханиятына, дамуына, әдебиеті мен мәдениетіне арнаған тұлғалар аз емес. Әлемдік деңгейде өзін таныта білген қаламы қуатты ақын-жазушылардың санатында хакім Абайдың есімі жиі аталатынын жоғарыдағы деректен анық байқаймыз. Бұл – біздің халқымыз үшін үлкен мақтаныш һәм мерей. Артына қалдырған өлшеусіз еңбегімен өз ұлтының рухани паспортына айналған тұлғаның туғанына биыл 180 жыл толды. Шыңғыстауда туып, Шығыс даналарынан нәр алған Абай қазақтың ішкі жан дүниесін, мұңы мен сырын, үміті мен арманын терең түсініп қана қоймай, өзінің білімге деген ынтасымен әлемнің де назарына іліккен.
Абайдың көкейінен құйылып түскен әрбір сөз уақыттан оза шапқан шындықтың үнін қоғамға жеткізе алды. Сондықтан да «қалың елі қазағын» ерекше сезіммен сүйген Абайдың өмірі мен шығармашылығы жүрек пен ойдың, ақыл мен қайраттың, сенім мен ерік-жігердің тұтастығын бекемдеп, ақынның туған соны да ойлы жырлар дерті меңдеп бара жатқан қазақ қоғамына ем болуға арналды.
Абай оқырман болған Семейдегі кітапхана туралы америкалық журналист, зерттеуші Джордж Кеннан кітабында мынадай дерек келтіреді: «Губернатордың кеңесімен мен қала орталығында орналасқан көпшілік кітапханаға ат басын бұрдым. Қарапайым ғана бөренеден тұрғызылған бұл үйдің ішінен мен шағын антропологиялық музейді, барлық орыс газеті мен журналына жазылған жайлы да тыныш оқу залын және аса талғаммен іріктелген, саны мыңға жуық кітаптан тұратын бай қазынаны көрдім. Сол сәттегі таңданысым шексіз болды. Бұл шағын ғана дала кітапханасынан Спенсер, Бакль, Льюис, Милль, Тэн, Лаббок, Тайлор, Хаксли, Дарвин, Лайелл, Тиндалл, Альфред Рассел Уоллес, Маккензи Уоллес пен сэр Генри Мэйн секілді әлемге әйгілі ғалымдардың еңбектерін өз көзіммен көрдім. Оған қоса, мұнда Скотт, Диккенс, Маррият, Джордж Элиот, Джордж Макдональд, Энтони Троллоп, Джастин Маккарти, Эркман-Шатриан, Эдгар Аллан По мен Брет Гарттың көркем шығармалары мен хикаялары да бар екен. Кітапхана, әсіресе, ғылым мен саяси экономикаға терең бойлаған еңбектерге бай болып шықты. Жалпы алғанда, бұл кітапхана оны құрып, пайдаланып отырған халықтың білімге құштарлығы мен таным көкжиегінің кеңдігін паш ететін тірі дәлел еді. Осы сапарымда көрген, естіген дүниелердің ішінде дәл осы кітапхана менің Семей туралы ойымды айқындап, көңіл төріне жылы шуақ құйғандай болды. Кітапханадан шыққан соң, мен Ертіс өзенінің бойымен шығысқа қарай аяңдадым. Бұл өзеннің арғы бетінде қазақтардың қонысы орналасқан. Ал екі жақ арасындағы байланыс паром арқылы жүзеге асады екен. Паром өзен ортасындағы орман жамылған шағын аралдан қозғалып, қайықпен немесе жаяу көпірмен жетуге болатын қарсы жағаға өтпек».
Біз сүйеніп отырған деректерден Абайдың есімі мұхиттың ар жағындағы Америка сынды елге тым ертеде жеткенін аңғардық. Осылай білім алуды адамның өзін тануы деп білген данышпан озық ойымен-ақ әлемдік деңгейдегі ойшыл екенін дәлелдей алды. Біз әрқашан Абайдың адам болмысына терең бойлап, әр сөзін өткеннің ғана емес, келешектің де бағдары ретінде ұстансақ, құба-құп. Абайдың артына қалдырған мұраларындағы жүрек, қайрат, ақыл ұстанымы қазіргі қазақ қоғамында да өз рөлін жоғалтпақ емес. Ал оның басқан әр ізі де қазақ жұрты үшін қадірлі бола бермек. Жаһандану дәуірінде де Абай қозғаған асыл идеялар ойымызға қайыра оралады. Ендігі біздің міндетіміз – Абай идеяларын заман талабына сай жаңарту һәм жүзеге асыру.