Қарағандыда өткен баспасөз конференциясында клубты жекешелендіруден кейінгі негізгі міндеттер таныстырылды. Сондай-ақ жаңа маусымдағы «Шахтёрдің» бюджеті белгілі болды.
«Біздің басты мақсатымыз – футболды дамытудың берік негізін қалау. Қазір легионерлерге салынатын инвестиция көлемі бойынша бәсекеге түсу емес, Қарағанды облысындағы жас таланттарға бағытталған, шын мәнінде сапалы селекциялық қызметті қалыптастыру маңызды. Өңірде дарынды жастар көп. Біз қазірдің өзінде ауқымды жұмысты бастап, футбол пирамидасын балабақшадан бастап кәсіби клубқа дейін толық реформалауға қатысып жатырмыз. «Шахтёр» жергілікті жастар үшін мақтаныш пен бағдарға айналуы тиіс, Қарағанды облысының, тіпті бүкіл еліміздің әрбір баласы ойнауды армандайтын клуб болуы қажет», деді Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Оның айтуынша, 2026 маусымында «Шахтёрдің» бюджеті 4 млрд теңгені құрайды, ал бұл қаражаттың жартысынан астамы даму бағыттарына жұмсалады.
Сонымен қатар футбол академиясының құрылысына шамамен 12 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, компания өңірдегі балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуға 6,5 млрд теңге инвестиция салмақ.
Қарағандыда UEFA-ның 4-санатына сәйкес келетін жаңа футбол стадионы да салынатын болады.

«Мемлекеттің, нақтырақ айтқанда, әкімдіктің міндеті – кәсіби мамандармен келісілген заманауи инфрақұрылым қалыптастыру. Қазір біз 1956 жылы салынған ескі стадионды қайта жаңғыртып жатырмыз. Жұмыстар өткен жылы басталды: алаң жөнделді, енді трибуна астындағы орындар мен жалпы инфрақұрылымды жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс аудандарының арасында орналасатын спорттық кластер аясында жаңа, заманауи жабық стадионның жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда, қалалар мен аудандардағы спорттық инфрақұрылымды дамыту міндеттемесін өз мойнымызға аламыз», деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңір басшысы «Шахтёрді» сатудан түскен 55 млн теңгенің қайда жұмсалатыны жөніндегі сұраққа да жауап берді. Бұл қаражат бюджет кірісіне түсіп, спорт саласының қажеттіліктеріне бағытталады.

«Ең бастысы — бұрын әкімдік кәсіби футболға бюджеттен бөліп келген барлық қаражат енді балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалады. Бұл Қарағанды облысының климаттық ерекшеліктерін ескере отырып аса қажет жабық манеждер, толық өлшемді футбол алаңдары және басқа да нысандар болады», деп атап өтті Freedom QJ League президенті Рохус Шох.