Спорт • Бүгін, 17:57

Биыл ел спортында қандай тарихи жеңістер тіркелді?

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2025 жыл Қазақстан спортының қоржыны бірнеше тарихи, толайым жүлделермен толықты. Саладағы жетістіктерді нықтап, спорттағы саясатты реттеу мақсатында осы жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған құнды құжат негізінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беріліп отыр. Таңдаулылар тізімінен ұлттық спорт түрлері де тыс қалмады. Заңдағы легионерлерді мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру тетігіне салынған тыйым да көптің көкейіндегісін дөп басты. Сондай-ақ спорт федерацияларының мәртебесі айқындалып, саладағы анти-экстремизм мен қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Еліміздің спорттық жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру мен ел намысын дүбірлі додаларда қорғайтын азаматтарды қолдауға бағытталған заң жаһан жүзінде көк туымыздың жиі желбіреуіне септеспек, деп жазады Egemen.kz.

Биыл ел спортында қандай тарихи жеңістер тіркелді?

Фото: Ашық дереккөзден

Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей биыл ел спортшылары әлем және құрлықтық бәсекелерде ел бәсін биік етті. Намыс пен еңбекті егіз көрген спорт саңлақтары Қазақстанның беделін халықаралық аренада абыроймен қорғады. Мәселен ел құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарында, Алматыда өткен тоғызқмалақтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында, Ар-Рияд қаласында ұйымдастырылған Ислам ойындарында, Жапония астанасы Токиода жалауы желбіреген XXV жазғы Сурдлимпия ойындары, садақ атудан Азия чемпионаты мен күрес түрлері, бокстан өткен әлем біріншілігінде табысты өнер көрсетті. Жыл мәресіне жетер тұста осы және өзгеде спорттағы елеулі жетістіктерді еске түсірейік. 

Ел спортшылары тіркеген тарихи жетістіктер

Жерлестеріміз семсерлесуден алғашқы тарихи медальді жеңіп алды. Семсерлесушілер Тбилисиде өткен әлем чемпионатында алғаш рет жартылай финалға шығып, қазіргі әлем чемпионы Италия құрамасын жеңді.

Кирилл Проходов, Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов және Эльмир Әлімжанов финал жолдамасы үшін Токио Олимпиадасының чемпионы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Жапония спортшыларымен шеберлік байқасып, қарсыластарына аз ғана басымдықпен жол берді.

Қола жүлде үшін өткен тартысты кездесуде отандық спортшылар тоғыз дүркін Олимпиада чемпионы атанған Франция құрамасымен бақ сынасып, әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.

Спорттық гимнастика бойынша Азия чемпионатында 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов алтын медаль жеңіп алды. Ол ат снарядындағы жаттығулар бойынша ең үздік нәтиже көрсетті.

Бұдан бөлек, көркем гимнастикадан Ақмарал Ерекешова жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы атанды. 

Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған ХІХ жазғы Азия ойындарында дзюдошы Әбиба Әбужақынова тарихи күміс жүлдеге қол жеткізді. 

World Boxing ұйымы аясында өткен бокстан алғашқы әлем чемпионатында жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 1-орынға ие болды (7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль). 

Конькимен жүгіру спортында 100 метр қашықтықта бейресми әлемдік рекорд орнатылды.

Қазақстандық шорт-трекшілері қысқы Азия ойындарында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Бұл сында ел намысын эстафеталық жарысқа Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен қорғады.

Сондай-ақ Қазақстан парабиатлоннан маусым қорытындысы бойынша «Хрусталь глобусқа» қол жеткізді.

Биыл садақ атудан ел құрамасы тарихи медаль жеңіп алды. Садақ атудан Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен әлем чемпионатында компаунд бағдарламасы бойынша Адель Жексенбинова, Виктория Лян, Роксана Юнусова бастаған командамыз қола жүлде үшін таласта Ұлыбританияны 232:228 есебімен жеңіп кетті.

Бұған дейін ел тарихында 1993 жылы классикалық садақ атудан әйелдер сайысында Яна Туниянц қола жүлдегер атанған болатын.

Қазақстан XXI ғасырда грек-рим күресінен әлем чемпионатының алғашқы алтынын алды. Грек-рим күресінен 60 кг дейінгі салмақтың финалында Айдос Сұлтанғали Әлішер Ганиевті (Өзбекстан) жеңді. Осылайша, тарихи алтын медаль Қазақстан қоржынына түсті. Айдос 26 жылдан кейін ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтынын сыйлады.

Алматылық «Қайрат» клубы өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды. Бұған дейін қазақстандық клубтар арасынан бұл межені тек «Астана» 2015 жылы бағындырған еді.

Аталған турнир аясында 18 жастағы Шерхан Қалмырза Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас ТОП-3 қақпашының қатарына енді. 

«Қайрат» сапындағы жас талант Дастан Сәтбаев туралы да айта кеткеніміз жөн. Ол ақпан айында Англияның әйгілі клубы «Челсиге» рекордтық 4,3 млн еуроға сатылды. Осылайша Дастан Сәтбаев Қазақстаннан ТОП-5 чемпионатқа ауысқан бірінші футболшы ретінде тіркелді.

Римде өткен конгресте орта салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы және 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Ол халықаралық спорт ұйымына жетекшілік ететін алғашқы қазақстандық болмақ.

Қазақстанда өткен халықаралық жарыстар

Биыл Қазақстан үшін өте белсенді спорттық жыл болды. Елде халықаралық рейтингтік және әлемдік жарыстар мен ұлттық деңгейдегі ірі спорттық шаралар ұйымдастырылды.

World Basketball Championship шарасы маусымда өтті. Бәсекеге әлемнің әр түкпірінен команда келді.

World Tennis Championship сайысы Астанада ұйымдастырылды. Екі жарыс та халықаралық деңгейдегі чемпионаттар қатарына жатады және елдегі инклюзивті спортты дамытуға үлкен серпін берді. 

Kazakhstan Open 2025 – Таэквондо G-1 рейтингтік турнирі. Бұл бәсеке де Астанада 14–16 тамыз аралығында ұйымдастырылды. Турнирге әлемнің 20-дан астам елінен 750-ден аса спортшы қатысты. Турнир World Taekwondo ресми күнтізбесіне енгізілген. 

2025 CS Denis Ten Memorial Challenge – Алматы. 1–4 қазан аралығында ұйымдастырылған турнирде ISU Challenger Series қатарына кіретін фигуристер бақ сынады. Бұл – ISU рейтингіне есептелетін халықаралық турнир.

Елімізге келген мәртебелі меймандар

Биыл елімізде түрлі халықаралық федерация президенттері қонақ болды. Халықаралық футбол федерациясының президенті (FIFA) Джанни Инфантино Қазақстанға ат басын бұрып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. 

Қ.Тоқаев балалар футболын дамыту мен заманауи инфрақұрылым құруға бағытталған FIFA Arena бағдарламасын жүзеге асырып жатқаны үшін федерацияға ризашылық білдірді.

Президент Қазақстанның FIFA-мен ынтымақтаса отырып, аймақта футболды қарқынды дамытқан елге айналатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ елімізге алғаш рет Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) президенті Витольд Банька бастаған делегация келді. 

Қонақтарды Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстанның Ұлттық допингке қарсы орталығының директоры Майра Бақашева және министрлік өкілдері қарсы алды.

Сапар барысында делегация спорт федерацияларының, Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдерімен, спортшылармен және студенттермен кездесіп, елордадағы бірқатар спорт нысандарын аралады. Ресми жиында Қазақстандағы допингке қарсы саясат мәселелері талқыланды.

Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чоудың сапары да  еліміздің спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға болды. Құрметті қонақты Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады. 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00