Қоғам • Бүгін, 15:41

Депутат: Құлыбаевтар бизнес-орталықты не сүріп тастауы керек, не университет балансына беруі керек

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Тимур Құлыбаевқа тиесілі компаниялар салған бизнес-орталықтың тағдыры қайтадан күн тәртібіне шықты. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскесіндегі ғимаратты сүру мәселесі көтерілетінін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Депутат: Құлыбаевтар бизнес-орталықты не сүріп тастауы керек, не университет балансына беруі керек

Коллаж: Ulysmedia

Депутаттың айтуынша, Жоғарғы сот бірінші сатыдағы және апелляциялық алқаның шешімдерін өзгеріссіз қалдырған. Осылайша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі болған жер ресми түрде мемлекет меншігіне өтті.

«Енді Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі «Omirex» пен «Atlas Development» серіктестіктері екі жолдың бірін таңдауы керек. Заңға сәйкес, бизнес-орталықты өздері сүріп тастайды немесе оны ҚазҰУ-дың балансына береді. Мен бұл мәселені Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтердім. Ғимарат студенттерге қызмет етсе деген ұсыныс айтылды. Алайда компаниялар университетке беруден бас тартып отыр. Керісінше, жергілікті атқарушы органнан шығынды өтеуді талап етіп, жер қатынастары басқармасына арыз түсірген», деді Бақытжан Базарбек Мәжілістің Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде.

Оның сөзінше, егер жер телімі босатылмаса, нысан мемлекетке қайтарылмаса немесе өз еркімен сүрілмесе, Мәжілісте сот шешімі арқылы мәжбүрлеп сүру мәселесін көтеруге ниетті.

«Заң бәріне ортақ», деді депутат.

Еске салсақ, 2022 жылдың қазан айында Алматы қаласы бойынша Жер ресурстарын басқару комитетінің департаменті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағының бір бөлігін иеліктен шығару заңдылығына тексеру жүргізген. Нәтижесінде қала әкімдігі тиісті қаулыны заңсыз қабылдағаны анықталған.

Бұған дейін Бақытжан Базарбек Тимур Құлыбаевқа тиесілі компаниялар Алматы әкімдігінен бизнес-орталық құрылысына жұмсалған 34 млрд теңгені өндіріп алуды көздеп отырғанын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00