Қоғам • Кеше

«Аллажар» – замана аманаты

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматының бас алаңында азаттық алауын жаққан жастар­дың өшпес ерлігін таспалаған режиссер Қалдыбай Әбенов­тің еңбегі ұмытылмақ емес. «Аллажар» фильмі – тарихи кезең шындығын жеткізген туынды.

«Аллажар» – замана аманаты

Нар тәуекелге екінің бірі бара бермейтіні белгілі. Алаш қай­раткерлері азаттық жолын­да ат­тандаған Батпаққара (Қостанай облысы Амангелді ауданы) өңірінде режиссер­дің ата-анасының кіндік қаны тамған. Өзі оңтүстікте туып-өссе де Торғай елін атамеке­нім деп білетін ол: «Мен Арқа же­рінің азаматымын, Амангелді батыр елінің тумасымын», деп мақтанышпен айтып отыра­тын. Аяулы жеңгем Ұлтай Смағұ­л­қызының туған нағашысы Қал­дыбай Сейтбатталұлы Әбенов­тің ата-анасы Амангелді ауданы­нан ертеректе Оңтүстік өңіріне ­қоныс аударған екен.

…Қалдыбай да өзге балалардай киношыл еді. Осы бір өнерге деген ынтызарлығы Алматы­дағы дәрігерлік институтта оқып жүр­се де басылмай-ақ қойды. Ақыры ол оқуын тастап Мәскеуден бір-ақ шықты.

Небір кино жұлдыздарын қанат қақтырған әйгілі Кинема­тография институтының режис­серлер даярлайтын бөліміне қиналыссыз-ақ түскен. Өзі тек экраннан ғана көріп, талантына табынған өнер тарландарынан дәріс алды. Қиындығынан қуа­ны­шы мол студенттік күндер, инсти­тут пен киностудия ара­сын жол қылған қызықты кештер­дің бірінде көгілдір көзді мәскеу­лік арумен кездескен. Өнер, өмір туралы әңгімелері жарасқан жас­тардың танысуының соңы табысуға әкелді. Олар көп ұзамай шаңырақ көтерді. Институт­ты үздік тәмамдаған Қалды­бай еңбек жолын «Мосфильм» кино­с­ту­диясында бастады. Алып ­астана тұрғынына айналып, жай­лы пәтер, жақсы қызметке де ие бол­ды. Әке атанды.

Алайда әлемді дүр сілкіндір­ген Алматыдағы Желтоқсан жаң­ғырығы мен жалынының ұш­қы­ны Әбеновтер шаңырағын да шар­пып өткен еді. Сол сағатта сан жыл­дар бойы қылбұраумен үн­сіз қыл­ғындырып, ақыры тіліміз ­бен дінімізден айыруға жақында­ған өктем саясатқа, отарлаушы озбыр күшке қарсы шыққан қазақ­тың алмастай жастарын «бұзақы, бүлікші топ» деп орталық жамы­рай жамандап жатқан-ды.

Шетелден іссапардан орал­ған Қалдыбайға «сен еліңдегі жаңа­лықты естімеген боларсың? Жерлестерің желігіп, жаңа сай­ланған орыс басшыға қар­сылық жасап жатыр дейді. Бұл деген ба­рып тұрған ұлтшылдық қой», деп әйелі соңғы хабарды жақ­тырмаған үнмен жеткізген. Оның сөзінің байыбына бара алмаған Қалдыбай бұл жайын­да қайталай сұраған. Әйелінің жүзінде бұрын байқалмаған ызғар бардай. Жаңа басшыға наразылық білдіріп қазақтар көтеріліске шығыпты, орыс­тарды соққыға жығып жат­қан көрінеді. «Сендердің сауат­тарыңды аш­қаннан басқа біздің халық не жамандық жа­сады?» деп қазы­мырлана сөй­леген жарының жанарында бүкіл қазақ атаулыға деген жеккө­рушілік, үнінде өзімшіл өктемдік бар секілді.

Қасиетті халқына жазықсыз жала жауып, кесірлене сөйлеген келіншегіне жабыға қараған Қалдыбай өзін-өзі ұстай алмаған. Шарт еткен шапалақ үнімен қа­баттаса шар етіп шыққан кіш­кентай ұлының даусына да құлақ түрмей далаға атып шық­ты. Мұның өзін жар етсе де, ұл­тын сыйлағысы келмеген келін­шекпен қоштасуды жөн көрген намысқой жігіт сол күні ұшақпен Алматысына аттанып кетті.

Қалдыбай Алматыға келген­де қала үстін қара бұлт торлаған, қар үсті қан жоса еді. Оның көз ал­дында бейкүнә бауырлары – қа­ракөз қарындастары мен жау­қазын жас жігіттер аяу­сыз жаза­­ланып жатқан-ды. Әділ­дік із­деп шырылдаған қыршын­дар­дың әлсіз даусының озбыр­лық пен өктемдіктің астында көмі­ліп қалғанының куәсі болды. Осы бір сұмдық сойқанды көре тұра, қолұшын бере алмаға­ны­на жаны күйзеліп, жүрегі шан­шы­ды. Тоталитарлық жүйе­ні тітір­кендірген Желтоқсан көте­рілі­сінің куәсі болған Қалды­бай Сейтбатталұлы: «Бұл ұлы қоз­ға­лыс. Таяқ жеген, қорланған, зорланған біздің қазақ жастары. Олардың ерлігі туралы ақиқат­ты болашақ ұрпаққа біздің жет­кізуіміз парыз», деген еді сол сәтте.

Көп ұзамай қуғын-сүргін құр­бандары ақтала бастады. Тәуел­сіздік үшін тар қапаста қама­лып, ауыр үкім шығарылған қаһар­ман қыз-жігіттерді араша­лау­шы топ арасында Қалды­бай Әбенов те бар еді. Азамат ақын Мұх­тар Шахановтың ара­ла­суымен қай­та құрылған «Жел­тоқсан қоғам­дық бірлестігі» құрамына Қал­ды­бай Әбенов те кірді. Осы ұйым мүше­лерінің араласып, талап етуімен әді­летсіз жаламен сотталған көп­те­ген желтоқсандық кейін ақталды да.

Жалаң қол, жалынды жү­рек­­пен алаңға шыққан Алаш жас­тарының ерлігін мәңгі есте қал­дырып, кейінгі ұрпақ­қа әй­гілеу мақ­сатында ол «Алла­жар» филь­мін түсіруге кірісті. Мәс­кеу­ден әріптесі А.Лапшинді шақы­рып, қудаланған жастарды із­деп тапқан режиссер 1988 жыл­дың аяғында фильм түсіруді бас­таған. Сценарист әрі режис­сер Қал­дыбай Әбенов тікелей Жел­тоқ­сан көтерілісіне қатысып, жан­түр­шігерлік көріністердің куәсі бо­луы, көркемсуретті-деректі фильм­нің сәтті шығуына көп сеп­тігін тигізді. Ол туынды­сына керек­ті құжаттарды, мұрағат мате­риал­дарын қажымай-талмай іздеп, желтоқсандықтармен тіке­лей тілдесіп, фильмде шебер­лікпен пайдалана білді.

2000 жылы ұйымдастырыл­ған Халықаралық ғылыми-кон­фе­рен­ция аясында елімізде тү­сі­­рілген фильмдер үш апта бойы көрсетіліп, үш күн бойы тал­­қы­ланды. Осы талқылауда фран­­цуз кинозерттеушісі Клое Дриё: «Маған «Аллажар» филь­мі ғана ұнады. Қазақстанда демо­кратиялық құрылымның ор­науы­на жол ашқан, қазақ тарихы­на керек шығарма», деп бұл фильм­ге жоғары баға берген екен.

Егемендік жолында жазала­нып, жапа шеккен қазақ жас­та­­рына арналған фильм авто­ры Қал­дыбай Әбеновтің жеке басы­на да Желтоқсан ызғарының әкел­ген қасіреті аз емес. Ол Мәс­кеу­дегі түрі қазақ, тілі орыс­ша болып өсіп жатқан ұлы Ілиястың да болашағына алаң­дап өтті. Өкі­нішке қарай, Жел­тоқ­сан қаһар­мандарына баға жетпес «Алла­жардай» көркем-деректі туын­ды арнаған режиссер бүгінде ара­мызда жоқ. Желтоқсан көтерілісін өнерімен кестелеп, мәңгі ескерт­кіш қалдырған Қалдыбай Әбенов есімі ел есінде қалары сөзсіз.

 

Базаркүл АХМЕТ,

Ақпарат саласының үздігі

Соңғы жаңалықтар