Тарих • Кеше

Алаш қаласы қайда?

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ астаналарының тарихында айрықша орны бар қала – Алаш қаласы. Біздің бұл туралы алғашқы мағлұматымыз – көрнекті жазушы, алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлының 1927 жылы жазған әйгілі «Ақбілек» романындағы: «Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы...», деген сөзі еді.

Алаш қаласы қайда?

Алаш қаласының Семейден оқшау бол­ғаны жөнінде профессор, алаш­та­нушы-ғалым Ерлан Сыдықовтың «Алаш қаласының тарихы» атты кіта­бында көптеген құнды мәлімет кел­тіріл­ген. Сонымен қатар «Абай» журналын­да (№15, 2014) белгілі зерттеуші-жур­налист Мұрат Кенемолдиннің «Алаш қаласы болған» деген мақаласында да мол мағлұмат бар. Бұған қоса Алаш қаласына қатысты «План города Алаш утвержденный 28 ноября 1916 г.» деген қаланың сызба-картасы туралы да көптеген зерттеу жазылып, баспасөз беттерінде жарияланғаны есімізде. Тағы бір құнды дерек, Дина Қайымқызының «Ұстаз бен шәкірт» кітабында:
«...Сол маңда Алаш қайраткерлері бас қосатын, «Ес-Аймақ» жастардың театр үйірмесі ойын көрсететін, сондай-ақ Алаш полкінің 35 нұсқаушы офицерінің бірі штабс капитан Поповтың пәтерде тұрған Алаш қайраткері Мұқамедхан Сейітқұлұлының үйі бар. Астына Қайым Мұхамедханұлының өз қолы­мен «Менің туған үйімнің қалдығы (Бұрынғы Алтыбай көшесі)» деп жазған үйдің фотосуреті мен 1922 жылдың 22 мамырындағы үйді тәркілеу декретінде үйдің мекенжайы «Улица Пограничная, 107. г.Алаш», деп жазылған. Мұның құнды болатыны – Алашордаға қатысты маңызды стратегиялық нысандардың көбі осы Алаш қаласында болғаны айтылады.

Өткен ғасырдың басы 1917 жылғы 27 ақпанда Ресей империясында патша өкіметін құлатып, елде буржуазиялық-демократиялық республика орнатқан ақпан төңкерісінен кейін ел болудың қамына кіріскен қазақ қайраткерлері «Алаш» идеясы төңірегіне топтасты. Ең әуелі, оларға бас қосып, іс жүргізетін орталық қажет болды. Сөйтіп, Семей облыстық қазақ комитетінің басшысы Райымжан Мәрсекұлының ықпалымен қаланың «Заречная слободка» деп аталатын бөлігін «Алаш қаласы» деп атау туралы шешім шықты.

Бұл оқиғаға қатысты «Алаш қоз­ғалысы» (Алматы, 2008) еңбегінде: «Семей қаласының жанындағы Заречная слободканы Алаштың орталығы ре­тінде жариялап, оны «Алаш» қала­сы деп атаған. Бұл туралы 1917 жыл­дың 29 шілдесінде Заречная слободка тұрғындары жина­лысының «Алаш қаласы туралы» хаттамасынан оқимыз. Хаттама соңына төраға ретінде Райымжан Мәрсеков қол қойған. Оны Алашорда төрағасы Ә.Бөкейханның «Алашорда» үкіметінің іске кіріскендігі туралы Орынборға жіберген жедел хатынан да көреміз. Онда: «Екінші қазақ-қырғыз сиезінің қаулысы бо­йынша 24 маусымда Алашорда Алаш қаласында іске кірісті», деп жазылған. 1917 жылдың 19 қарашасында Алаш қаласының думасына депутаттар сайлауы өткізілген. 21–22 қарашада осы Думаның алғашқы отырысында оның төрағалығына Б.Сәрсенұлы сайланған», делінген.

Тарихи деректерге жүгінсек, 1918 жылдың 18–21 маусымында Алашорда, Түркістан мұхтариаты және Башқұрт автономияларының большевизмге қарсы бірлесіп күресу жөніндегі келіссөзі Алаш қаласында өтті. Бұл сол кезде Қазақ автономиясы ресми аста­насының қандай тарихи рөл атқар­ғанын аңғартатын тағы бір айғақ. Алайда қазір тәуелсіз Қазақстанның бұрынғы астаналары тізімінде Алаш қаласы ресми атала бер­мейтіні де белгілі.

«Туған қалам – Семейім» қорының төрағасы, өлкетанушы Серікбек Болат­бекұлы: «...Семейдің сол жағалауын «Алаш қаласы» деп атауға шешім қабыл­дан­ғанға дейін де дербес елді мекен болған. 1927 жылы Алаш қаласының атауын өзгерту жөнінде сөз болғанда халық қар­­сылық танытқан екен. Абыралы, Шың­ғыстау, Шұбартау көтерілістерінің соқ­қысы маңдайларына тиген кеңес билі­гі рухты халықтың райынан сескеніп, «Семейге қосылсаңыздар, көпір салынады» деп алдау сөздерін айтқан екен. Семей мен Алаш қалалары арасындағы қа­ты­нас халықты қажытқандықтан ел би­лік­­тің бұл сөзіне иланған», дейді.

Осылайша Алаш атауы XX ғасыр­дың аумалы-төкпелі кезеңінде Семей губер­ниялық атқару комитетінің шеші­мі­мен 1927 жылдың 7 қазан күні «Жаңа Семей» болып өзгертіледі.

Бұдан кейінгі сөз артық шығар. Абай еліндегі көзіқарақты зиялы қауымның ендігі үміт ететін салмақты тілегі – қала атауы қайтарылса, тарихи әділдік болар еді дейді. Бұл енді бүгінгі азат заманның, мейілінше бостан, еркіндік жағдайында ел басқарып отырған азаматтардың парасаты мен ерік-жігеріне байланысты шаруа деп топшылаймыз.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар