Жәдігер • Бүгін, 08:15

Бішкектен келген шақырту

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Ахмет Байтұр­сынұлының педагогика және ғылым мәселелері бойынша Біш­кекте өткен съезге шақырыл­ғанын растайтын құнды құжат сақтаулы тұр.

Бішкектен келген шақырту

Ұлт ұстазы съезге бара алды ма, бара алмады ма, ол жағы беймәлім. Бірнеше ғалымнан сұрап көріп едік, ол кісілер де білмейтін болып шықты. Анығы сол, музейде жатқан шақырту хат Ақаңның жиырмасыншы жылдардан кейінгі кезеңде жаңаша сипатта күш ала түскен халық ағарту ісі мен педагогика саласында бүтін түркі жұртына қадірі асқан дара ғалым болғанын тағы бір айқындай түседі.

Сол кездегі Қара-Қырғыз авто­номдық облыстың орталығы Пішпектен келген шақырту хаттың жылы көр­сетілмеген. Бірақ жиынның 25 мамырда өтетіні жазылған. Хат «Қазақстан. Ақмешіт. Халық ағарту комиссары жолдас Байтұрсыновқа» деп басталады. Ақаңның 1920 жылдың қазан айынан бас­тап тура бір жыл Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметін атқарғанын ескерсек, шақырту 1922 жылдың мамырында келген болу керек.

«Бұл құжаттың көшірмесін осыдан төрт жыл бұрын біздің мамандар Орталық мемлекеттік архивтен алып келді. Хат мазмұнына үңілсек, Ахмет Байтұрсынұлы Қазан, Баку сапарына дейін оқу-ағарту саласының, тіл білімінің білгірі ретінде Қырғыз Республикасында өткен үлкен жиынға шақырылған. Хатта съезді ұйымдастыру бюросы Ұлт ұстазының Қазақстандағы ағарту саласының мәселелерін жете білетіндігін даралап көрсетіп, Ақаңның бұл саладағы білім-тәжірибесі съезд жұмысына көп септігін тигізер еді деген емеурін танытады. Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің беймәлім беттері әлі де көп. Сондықтан аталған құжат ахметтанудағы жаңа бір ізденіске із салып, кәдеге жарап қалуы мүмкін», дейді музейдің ғылыми хатшысы Нәзима Оташева.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар