Қоғам • Бүгін, 08:05

Жүзжылдық дауыс жаңғырығы

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропаның қақ төрінде тамылжытып ән салған Әміре Қашаубаевтың өмірі мен өнері – бар қазаққа ортақ рухани қазына, өшпес өнеге. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында өткен «Ән атасы – Әміре» атты музыкалық кеш әншінің Париждегі дүниежүзілік ЭКСПО көрмесінде өнер көрсеткеніне 100 жыл толуына арналды.

Жүзжылдық дауыс жаңғырығы

Иә, 1925 жыл – қазақ өне­­рінің тарихындағы ұлы бетбұрыс кезең. Бүкіләлемдік жәрмеңкенің сахнасына домбыра күмбірімен қатар көтерілген Әміре Қашау­баевтың қайта­ланбас үні Еу­ропа тыңдарманын ғана емес, бүкіл әлемді таңдай қақ­тыр­­ған еді. Оның шырқаған «Балқадишасы», «Ағаш аяқ», «Үш досы» мен сан түрлі ха­лық әуені – қазақ даласының тәкаппар мінезін, кең жүрегін, ұланғайыр рухын әйгіледі. Енді, міне, сол тарихи сәттің құрметіне ұйымдастырылатын кеш – тұлға тағылымын ұлық­таудың айқын үлгісі.

«Ән атасы – Әміре» музы­калық кеші – тек концерт емес, көркем қойылымға айналған театрлық туынды. Көрермен Әміренің өмір жолынан сыр шертер сахналық көріністерді тамашалап, әншінің тұлғалық табиғаты мен заман тынысын сезінді. Заманауи музыкалық өңдеулер мен дәстүрлі нақыш бір сахнада тоғысып, қазақ руханиятының үзілмес сабақ­тастығын көрсетті.

«Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері көрермен назарына дәстүр мен заманауи сахна өнері үйлесім тапқан мазмұнды концерт ұсынды. Атап айт­сақ, кеш бағдарламасына «Құ­лагер», «Қарқаралы», «Ду­дарай», «Балқадиша» сынды халқымыздың жүрегінде сақ­талған әндермен қатар Тәт­тімбет, Құрманғазы, Қазан­ғап күйлері енгізілген. Ұлттық музыкаға тән қайталанбас үн, домбыраның терең күмбірі мен дәстүрлі вокалдың асқақ әуені көрерменді бір сәтте ғасырлар арнасына тартып әкеткедей әсер сыйлады.

Әнші рухы асқақтаған айтулы кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Құмарбек Қалқатай, Ерлан Рысқали, Ерболат Шалдыбеков, Айгүл Елшібаева, Ардақ Ба­лажанова, Нұрболат Ар­замас­ұлы, Қайрат Айтбаев, Елмұра Жаңаберген сынды майталмандар Әміре салған ән мектебінің биік үлгісін әйгіледі. Сонымен қатар сахна төрінде өнер көрсеткен «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары – Асқар Мұқият, Перизат Тұрарова, Күнсұлу Түрікпен, Аяулым Қамажан, ұлттық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Еділ Басығара, Әлихан Дүйсенбай, Бауыржан Мұхаметбай, Венера Табыс, Ақерке Тәжібаева, Дәрия Бек­пенбет бастаған өнерлі жас­тар да тағылымды кештің көр­кін қыздырды. Бір сахнада түрлі буын, түрлі мектеп, түрлі орындаушының бас қосуы – ұлттық өнердің үзілмес жалғастығының айғағы.

«Ән атасы – Әміре» – бүгінгі ұрпақтың кешегіні құр­меттеуіне, өнердің ұлы мектебіне тағзым етуіне ар­налған кеш. Бұл – ұлттық сананы серпілтетін, тамырымызды танытатын, халық әнінің биік болмысын дәріптейтін рухани мереке. Қазақ әнін алғаш рет әлемдік деңгейде мойындатқан Әміре Қашаубаевтың өнері – тек тарих емес, бүгінгі күннің де тынысы. Елорда төріндегі айтулы кеш сол асыл өнердің қайта жаңғыруына, жас ұрпақтың жүрегінде ұлттық әуеннің мәңгі қалуына үлес қосқаны сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00