Саясат • Кеше

Өткізу пункттеріндегі заманауи цифрлық өзгерістер

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде қайта жаңғыртылған екі автомобиль өткізу пункті пайдалануға берілді. Оның бірі – Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қазығұрт» болса, екіншісі – Түрікменстанмен шекарада орналасқан «Темір баба» пункті.

Өткізу пункттеріндегі заманауи цифрлық өзгерістер

Сурет: inbusiness.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекара маңындағы инф­ра­құрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында пайдалануға берілген нысандардың ресми ашылуына Қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

Қаржы министрі жаңғырту бағ­дарламасы Қытай, Өзбекстан мен Түрікменстан шекараларында орна­лас­қан барлығы тоғыз өткізу пунктін қам­ты­ғанын атап өтті. Қазір «Қапланбек», «Атамекен», «Қалжат» пен «Алакөл» сияқты бірқатар нысандағы жұмыс­тар аяқталған. Ал жыл соңына дейін «Тәжен», «Майқапшағай» мен «Бақты» пункттері қайта жаңғыртылмақ.

Жөндеу жұмыстары көлік қозға­лысы мен жүк өткізу үдерісіне кедер­гі келтірмеуге тиіс. Осы мақсатта уақытша қозғалыс сызбасы жасалған, бұл кептелістің алдын алып, жүк пен жолаушылар тасымалы үздіксіз жүруіне мүмкіндік берген.

Жаңа технологияларды енгізу­дің нәтижесінде пункттерде шекарадан өту уақыты 30 минутқа де­йін қысқарып, өткізу қабілеті тәулі­гіне 1 мың көлікке дейін ұлғайтылды, кө­лік ағыны 2,5 есе артқан. Мысалы, 2022 жылы шекараны 640 мың көлік кесіп өтсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1,5 млн-ға жеткен.

«Қазығұрт» өткізу пункті – халық­аралық стандарттарға сай келетін заманауи технологиялық кешен. Мұнда көлікті тіркеудің автоматтандырылған жүйесі, озық сканерлеу жабдықтары, салмақ-габарит өлшеу жүйелері, сондай-ақ рентген-телевизиялық қондырғылар, «тепловизорлар» және радиациялық бақылау құралдары іске қосылған. Қозғалыс ағыны жаяу жүргінші­лер, жеңіл әрі жүк көліктері деп бөлін­ген. Бұл қауіпсіздікті арттырып, қозғалысты жылдамдатады. Жүк көліктері техникалық бақылау­дан кедергісіз өтуге арналған автомат­тандырылған жүйе де орнатылған.

Инфрақұрылымды жаңартумен қатар министрлік кеден рәсімдерін цифрландыруға да көңіл бөлген. Айталық, Keden ақпарат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Жүйе экспресс-жүктер мен тауарларды есепке алуды әрі виртуалды қоймаларды автоматтандырды.

Жасанды интеллект негізінде та­уарлар мен қызметтерді декларация­лау модулін іске қосу жұмысы да қолға алынған. Мақсат – электронды декларацияның толық циклін аяқтап, 2026 жылдан бастап тиімділікті бақылау, сараптау мен бағалау модульдерін енгізу. Бұл бизнестің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, қызмет көрсетуді жеделдете түседі.

Биылғы сәуірде Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Жібек жолы» өткізу пунктін ауқымды жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Жаңа кешен жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді алып жатқан екі заманауи жолаушылар терминалы мен автокөлікке арналған бірыңғай шатырды қамтиды. Тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін өткізу пункті тәулігіне 70 мың адамды қабылдай алатын деңгейге жетіп, екі мың жеңіл көлікті өткізе алады.

Тағы бір инновациялық бағыттар­дың бірі – Қытаймен бірлесе қолға алынған «Бақты-Покиту» жобасы. Қытай тарапы бұл жобаға шамамен 50 млн доллар көлемінде инвестиция жұмсамақ. Жоба аясында ұшқышсыз басқарылатын электр шатлдарын пайдалану, «ақылды» логистиканы, AGV-терминалдар мен зарядтау стансаларын енгізу сынды цифрлық жобалардың толыққанды интеграциясын жасау жоспарланып отыр.

«Жаңа өткізу пункттерін іске қосу – мемлекеттік органдар мен шекара қызметінің, инженер, құры­лысшы секілді мамандардың бір­лескен жұмысының жемісі. Біз экономиканы дамытуға үлес қосып, елімізді бәсекеге қабілетті транзитті хаб ретінде айқындайтын заманауи инфрақұрылымды құруға мән беріп келеміз. Өткізу пункттерін жаңғырту – Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған тапсырмасын іске асыру бағытындағы жүйелі қадам», деді М.Тәкиев. 

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025