Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2025

Қостанай облысында алғашқы күн электр станциясы іске қосылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бейімбет Майлин ауданында қуаты 22,6 МВт болатын алғашқы күн электр станциясы пайдалануға берілді. Жобаны  «Варваринское» АҚ жүзеге асырды. Заманауи нысан Мемлекет басшысының жаңартылатын энергия көздерін дамыту және Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі «жасыл» генерация үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында салынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында алғашқы күн электр станциясы іске қосылды

Станцияны іске қосу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, жаңа нысанның өңір үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Бұл электр станцияларының іске қосылуы энергия ресурстары тапшылығын айтарлықтай қысқартып, жаңа инвестициялар тартуға және ірі жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырады. Жасыл энергетика – жаңғырудың, инновациялардың және өңір болашағына деген жауапкершіліктің нышанына айналып келеді», деді облыс әкімі.

Жаңа күн электр станциясы заманауи жоғары тиімді күн панельдерімен жабдықталған және Қостанай облысындағы алғашқы нысан. Өңір экономикасы үшін маңызы зор нысан құрылысына 7,2 млрд теңге инвестиция салынған. Нәтижесінде 16 тұрақты жұмыс орны ашылып отыр.  

Күн энергиясын игеру электр қуатына жұмсалатын шығындарды едәуір азайтады. Сонымен қатар «таза» энергия өндіру дәстүрлі энергия жүйесіне түсетін жүктемені төмендетіп, көмірқышқыл газының шығарылуын азайтады.

«Solidcore Resources» компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несис жобаның компания стратегиясындағы орнын атап өтті:

«Біз өндірісіміздің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтып, оның энергия тиімділігін арттыруға ұмтыламыз. Жаңа күн электр станциясы бізге осы мүмкіндікті беріп отыр. Бұл нысан – Қостанай облысын дамытуға қосқан үлесіміз және жауапты әрі инновациялық өндірістің айқын мысалы», деді ол.

Жоба аясында жалпы ауданы 98 000 м² болатын 36 мыңнан астам күн панелі орнатылды. Күн станциясының жылдық өндірісі шамамен 28,5 млн кВт/сағатты құрайды.

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025