Саясат • Кеше

Педагог даярлау ісі байыпталды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлау мәселесіне арналған кеңес өтті.

Педагог даярлау ісі байыпталды

Кеңес жұмысына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұл­дыз Сүлейменова, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі­нің міндетін атқару­шы Асқарбек Ертаев, сондай-ақ болашақ педагогтерді даяр­лау­ға маманданған жоғары оқу орын­дарының басшылары қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы педагогикалық білім беру сапасы мен оған тікелей байланысты мектепке дейінгі және мектептегі оқытудағы өзекті мәсе­лелер болды. Вице-премьерге Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттары мен нәтижелері баяндалды. Бұған қоса ЭЫДҰ жүргізетін Халықаралық оқыту мен оқу зерттеуінің (TALIS) аясында дайындалған аналитикалық қорытындылар таныстырылды. Зерттеу кейінгі үш жылдағы педагогтерді даярлау жүйесін жаңғырту барысындағы оң өзгерістерді де, оның әлсіз тұс­тарын да көрсетті. Атап айтқанда, жоғары оқу орында­рындағы мұғалімдер мен тәрбие­шілерді сапасыз даярлау фактілері мен мектеп түлектерінің жеткіліксіз дайындық деңгейі өзара байланысты мәселелер ретінде аталып өтті.

Кеңес барысында функцио­налдық сауаттылықты арттыру, мұғалімдердің сыни ойлау мен цифр­лық дағдыларын дамыту әдістемелерінен бастап, жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізудің нақты тетіктеріне дейінгі бірқатар мәселе талқыланды.

Сондай-ақ бүгінде Қазақ­станда бакалавриат дең­гейінде педагог даярлау лицензиясы бар 52 жоғары оқу орны жұмыс істеп жатқанына қарамастан, кадр тапшылығының сақталып отырғаны ерекше айтылды. Қордаланған мәселелерді еңсеру жөнінде салалық ведомство басшыларының көзқарастарымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарының басшыларының пікірлері де тыңдалды.

Өз кезегінде Вице-премьер Аида Балаева қалыптасқан жағдайдың себептеріне назар аударды. Атап айтқанда, министр­лік, әкімдік, жоғары оқу орны арасындағы тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл­дың жоқтығын атады. Оның айтуынша, тек өзара үйлесімді әрі жүйелі жұмыс қана мектептерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуге, өңірлердегі кадр тапшылығын алдын ала, тиімді түрде шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл тапшылықтың негізгі факторы – еңбек нарығына жасалатын жан-жақты талдаудың болмауы.

«Кадр тапшылығына байланыс­ты өңірлер бойынша қабылдау саясатын қайта қарау қажет. Кей жерлерде факультеттерге қабылдау көлемін арттыру керек. Егер бізге пән мұғалімдері жетпесе, оларды даярлауға тиісті гранттар бөлу қажет. Жоғары оқу орындары еңбек нарығына бейімделуге тиіс. Жақын уақытта салада айтарлықтай өзгерістер болуы мүмкін. Айта­лық, жасанды интеллекттің дамуына байланысты бірқатар мамандық өзектілігін жоғалтады. Осыны ескере отырып, жоғары оқу орындары мен колледждер нарықтың нақты қажеттіліктеріне сай жұмыс істеуге тиіс», деді А.Балаева.

Бұған қоса ол педагогтерді даяр­лау сапасына тікелей әсер ететін практикаға бағдарланған оқытудың да маңызын атап өтті.

«Тәжірибесіз теорияның пай­дасы жоқ. Маманның білімі тек оны іс жүзінде қолданғанда ғана нәтижелі болады. Барлық жоғары оқу орны студенттерінің практикалық дайындығын ұйым­дастыруда тең мүмкіндігі болуға тиіс. Алайда бұл нақты әрі мұқият жоспарлауды талап етеді. Бүгінде біз болашақ мұғалімдерді дайындағанымызбен, жас мамандар диплом алған соң салада қалмайды. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығын арттыра береді. Бұл мәселені шешуге күш біріктіруіміз керек. Қазір ведомс­тволар арасындағы өзара іс-қимыл бұрынғыдан да маңызды. Ортақ мақсат пен міндеттеріміз бар екенін ұмытпауымыз қажет», деді А.Балаева.

Сөз соңында Үкімет басшы­сының орынбасары бірқатар нақты міндеттер мен хаттамалық тапсырмаларды атап өтіп, олар­дың мүм­кіндігінше қысқа мерзімде орын­далуының маңыз­дылығын баса айтты.

Біріншіден, салалық министр­ліктер жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, Педагогикалық білімді дамыту тұжырымдамасын толықтырып, жасанды интеллект тех­нологияларының қо­ғамдық өмірге белсенді еніп жатқанын ескеруі қажет. Екін­шіден, педа­гогтерді даяр­лау үдерісін практи­калық бағытта күшейтіп, студент­тердің өнді­рістік тәжірибесін республика көлемінде бір жүйеге келтіріп енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу керек.

Үшіншіден, мемлекеттік білім гранттарын қайта бөлу мәселесін қарастырып, оны міндетті түрде өңірлік қажеттіліктер мен тү­лек­тердің еңбекке орналасу нәти­желеріне сәйкестендіру қажет. Төртіншіден, мектепке арналған оқулықтарды даярлау жүйесін қайта талдап, оған жетекші педагогикалық университеттердің міндетті түрде қатысуы қамтамасыз етілуге тиіс.

Бұған қоса Вице-премьер жо­ғары оқу орындарын мем­лекеттік идеологиялық жұмысты ілгерілетуде белсенді болуға ша­қырып, оның болашақ педагогтерді, әсіресе бала­бақша жүйесіндегі мамандарды даяр­лаудағы ерекше маңыздылығын атап өтті. Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрлігіне еліміздің барлық ЖОО-ларында Мемлекет басшысы бекіткен ішкі саясатты жүзеге асырудың жаңа қағидаларын тәрбиелік жүйеге енгізу жұмысын ұйымдастыру жүктелді.

Соңғы жаңалықтар

Қарасай ауданында тартысты көкпар өтті

Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2025

Қобыз бен киіз үй ЮНЕСКО тізіміне енді

Мәдениет • 11 Желтоқсан, 2025

Иран Президенті Жүрек орталығына барды

Денсаулық • 11 Желтоқсан, 2025

Оралдан Ташкентке әуе рейсі ашылады

Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2025