Экономика • 10 Желтоқсан, 2025

Транзиттік серпін: Қазақстан көлік жүйесінің жаңа кезеңі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің темір жол саласында соңғы айларда қабылданған шешімдер елдің транзиттік әлеуетін арттыруға әрі аймақтық логистикалық байланыстарды күшейтуге бағытталғанын айқын көрсетеді. ҚТЖ мен Өзбекстан темір жолдары арасындағы кооперация, Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша транзиттің өсуі мен теміржол инфрақұрылымын жаңғырту – осы стратегиялық бағыттың негізгі тіректері, деп хабарлайды Egemen.kz.

Транзиттік серпін: Қазақстан көлік жүйесінің жаңа кезеңі

Фото: Ашық дереккөз

Агрологистикадағы жаңа мүмкіндік

ҚТЖ басшылығы мен Қазақстанның Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі бастаған делегацияның Сарыағаш мемлекетаралық теміржол түйісу пункті мен Ташкент қаласында өткізген көпжақты кездесулері екі ел арасындағы жүк тасымалын жаңа деңгейге шығарды. Нәтижесінде, Сарыағаш МТТП арқылы астық өнімдерін Орталық Азия мен Ауғанстан бағытына үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде нақты келісімдер жасалды.

Маңызды шешімдердің бірі – тәулігіне пойыз алмасу көлемін 35 жұпқа дейін арттыру. Сонымен бірге, өзбек тарапы күн сайын кемінде 10 астық тиелген құрам мен 5 жабық вагондағы азық-түлік тауарларын қабылдап отыруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл шаралар вагон айналымын жеделдетіп, логистикалық «тар жерлерді» азайтуға мүмкіндік береді. Тараптардың жүк түсіру, кірме жолдар қызметі мен уәкілетті органдардың демалыс пен мереке күндерін қоса алғанда тәулік бойы жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтуі – тасымал тұрақтылығының негізгі факторы.

Осының нәтижесі статистикадан да көрінеді. Биылғы 11 айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жүк тасымалы 28,5 млн тоннаға жетіп, бір жылда 16 пайызға артты. Ал астық тасымалының 32 пайызға өсіп, 5,6 млн тоннаны құрауы Қазақстанның агроэкспорттағы рөлін айқындай түсті.

Транскаспий – Қытай-Еуропа бағытындағы балама

Аймақтық кооперациямен қатар, Қазақстанның жаһандық транзиттегі орны да нығайып жатыр. Биылғы 10 айда Қытайдан Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы 292 контейнерлік пойыз жөнелтіліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артты. «Самұрық-Қазына» қоры бұл серпінді Қытаймен тиімді ұйымдастырылған логистика мен терминалдар жүйесінің іске қосылуымен байланыстырады.

Атап айтқанда, Сиань қаласындағы құрғақ портта ашылған Қазақстан-Қытай терминалы шешуші рөл атқарды. Өткен жылы оның іске қосылуы Қытайдан ТХКБ арқылы өтетін транзит көлемін 33 есеге дейін ұлғайтуға жол ашты. Ақтау портындағы контейнерлік хаб пен Алматыдағы «ZHETYSU» логистикалық терминалы да еліміздегі бұл бағыттағы позициясын күшейтіп отыр. Бұл нысандар елді Қытай-Еуропа арасындағы сенімді транзиттік көпірге айналдыруға бағытталған.

Инфрақұрылымсыз даму жоқ

Көлік әлеуетінің артуы инфрақұрылымды жаңғыртусыз мүмкін емес. Биылғы жылға арналған теміржолды жөндеу жоспары асыра орындалды. Жоспарланған 1480 км орнына 1499 км жол жөнделді. Оның қатарында 512 км күрделі жөндеуден өтіп, барлық өңірлерде рельс-шпал торы толық ауыстырылды. Сонымен қатар, 278 км құрамдас жөндеу, 709 км жоспарлы-алдын алу жұмыстары жүргізілді.

2029 жылға дейін 11 мың км темір жолды жаңарту көзделсе, 2023-2025 жылдары оның 40 пайызы немесе 4372 км жол жөнделіп үлгерді. Ал 2026 жылға жоспарланған 1577 км жөндеу көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық.

ҚТЖ мен Өзбекстан темір жолдары арасындағы ынтымақтастық, Транскаспий дәлізіндегі транзиттің өсуі мен инфрақұрылымды жүйелі жаңғырту – Қазақстанның көлік-логистика саласында ұзақ мерзімді стратегия ұстанып отырғанын көрсетеді. Бұл қадамдар ел экономикасының экспорттық әрі транзиттік кірістерін арттырып қана қоймай, елімізді өңірлік және халықаралық деңгейдегі маңызды көлік хабына айналдыруға нақты негіз қалайды.