фото: Қанат Сайлыбаевтың жеке мұрағатынан
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында 2024 жылы Германияда қастандықпен өлтірілген судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесіне қатысты іздестіру хабарламалары жарияланды.
Іздеу жұмыстарының бастамашысы – Ішкі істер министрлігі. Істі Жетісу облысы, Талдықорған қаласының полиция қызметкерлері жүргізіп жатыр. Іздестіруге марқұмның күйеуі Александр Донцов және оның анасы, Сайлыбаеваның енесі Наталья Донцова жарияланған.

Еске салайық, 2024 жылғы 7 маусымда Айгүл Сайлыбаеваның бауыры Қанат Сайлыбаев Германиядағы қарындасының жоғалып кеткенін хабарлаған еді. Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева – Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотының бұрынғы судьясы және «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Кейін Сыртқы істер министрлігі жергілікті полицияға дереу хабар беріп, іздестіру жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Ал 16 маусымда жоғалған қазақстан азаматының мәйіті табылды.
Ал қараша айында Қазақстанда судьяның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Айгүл Сайлыбаеваның ағасы Қанат Сайлыбаевтың айтуынша, қарындасы 3 маусымнан бері байланысқа шықпаған. Сонымен қатар Айгүл Сайлыбаеваның құрбысы мен сіңлісі оның күйеуі мен енесі тарапынан қысым көргенін, сондай-ақ кішкентай қызын алып қоймақ болғанын айтқан еді.