Қоғам • Кеше

Автожол алыстан басқарылады

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір цифрлық жүйенің кеңеюі барлық салаға жеңілдік әкеліп отыр. Басқалар секілді, көлік-транзиттік бағытында да жасанды интеллект, нейрожелілер және «ақылды» логистикалық хабтар, дәліздер сәтті жүзеге асырылып жатыр.

Автожол алыстан басқарылады

Сурет: motor.ru

Жүргізушісі жоқ жүк көлігі

Енді бірер жылдан кейін көлік саласында бұрын-соңды болмаған ерек жоба іске қосылады. Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев екі жылдан кейін елде жүр­гізушісіз жүк көліктері пайда болатынын жеткізді. «Жаңа зерттеулер бойынша 2036–2040 жылдарға қарай жүк көліктері жанармайсыз, тоқпен жүруі мүмкін. Екіншіден, олар автопо­йыз сияқты пайдаланылады, яғни жүргізушісі болмайды және жүк тасымалдайтын жолы едәуір ұзарады. Әлемде жүргізушісі жоқ таксилер де бар. Енді жүк көліктерін де пилотсыз ре­жім­ге ауыстырудың ауылы алыс емес. Болашақта жол салғанда да осы жайтты ескеретін боламыз. Нақтырақ айтқанда, ел аумағын­да жүргізу­шісі жоқ көліктерді жүргізу үшін арнайы сенсор­лық құрылғылар орнатылатын болады», дейді министр.

Көлік министрлігі бұл жобаны ЕАЭО елдерімен бірлесе жүзеге асыру мәсе­лесін талқылап жатыр. «Қазір паспорт­тық бақылауға байланысты өткізу пункттерінде кезек болады. Егер ол жерде жүргізушісіз жүк көлігі болса, онда жұмыс үдерісі жылдамдайды. Егер сәтін салып, 2027 жылға қарай осы ірі қанатқақты жобаны іске қоссақ, онда Қазақстанның транзиттік әлеуетіне үлкен серпін ке­леді», дейді Н.Сау­ранбаев.

Жүргізушісіз жүк көлігі­нің артықшылығының бірі – жүк тасымалының құнын төмендетеді. Жүргізушінің жолақысына шығын шықпай­ды. Әрі пилотсыз жүк көлік­тері тәулік бойы тынымсыз жұмыс істей алады. Демек, жүк тасымалы да қазіргіден үш есе жылдамдай түседі деген сөз.

 

Көлікті қадағалау жеңілдейді

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, Digital Trade Corridor, электрондық декларациялау мен «Бірыңғай терезе» сияқты цифрлық бастамалар транзиттік жүк ағынын ұлғайтуға бағытталған. Бұл шешім кедергілерді азай­тып, халықаралық тасымал­даушылардың сенімін ны­ғайтады.

Теміржол саласында «Wabtec» компаниясымен бір­­лескен кешенді шешім­дер енгізіліп, жылжымалы құ­рамның жай-күйін қашық­тан бақылау мүмкін болды. Соның нәтижесінде диагнос­тика уақыты едәуір қысқарып отыр. Қазіргі таңда салада 250-ден ас­там ақпараттық жүйе жұмыс істейді, сондықтан халық­аралық тәжірибеге сүйенген бірыңғай мақсатты IT-архи­тектура қалыптастыру маңызды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен қазан айында «Smart Cargo» платформасы іске қосылды. Ол мемлекеттік органдардың 30 сервисін біріктірді, ал алда­ғы уақытта тағы 47 мем­лекеттік және жеке сервис­ті қосу жоспарланған. Плат­форма жүктің орналасуын онлайн бақылауға, жасанды интел­лект ассистенттерін пайда­лануға әрі қосымша қызмет­тер алуға мүмкіндік береді.

Цифрлық трансформация нәтижесінде автожолдардың өткізу қабілеті 20 пайыз артып, өткізу пункттерінен өту уақыты шамамен 10 минутқа дейін қысқарады. Ал жасанды интеллект пойыздарды жоспарлау уақытын 6 есеге, әуежайларда жүктерді өңдеу мерзімін бір сағатқа дейін азайтады.

«Қазір Smart Cargo» бірың­ғай платформасы іске қосыл­ды, автоматты тексеру, он­лайн-бақылау және құжат­тарды толық электрон­ды форматқа көшіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл өзге­ріс­тер жүк тасымалына қа­тысты рәсімдерді 80–85%-ға дейін жеңілдетуге мүм­кіндік береді. Бүгінде көлік-транзит саласында барлық 38 мемлекеттік қызмет онлайн форматта көрсетіледі. Былтыр қызметтердің 94%-ы электронды түрде ұсынылды», дейді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-ми­нистрі Ростислав Коняшкин.

 

Жаңашылдық жалғасады

Елімізде жол инфрақұры­лымын басқару жүйесі түбе­гейлі жаңарып келеді. «Қаз­жолҒЗИ» әзірлеген көлік ағымдарын есепке алудың жаңа ережелері келесі жыл­дың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Инфрақұрылым қауіпсіз­дігін арттыру бағытында кө­пір­лердің цифрлық трансформациясы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 100-ден астам көпірдің үшөлшемді цифрлық көшірмесі жасалып, биыл тағы 60 нысан қам­тылады. Бұл қашықтан мониторинг жүргізіп, тәуекелдерге дер кезінде әрекет етуге жол ашады.

«Жүйе реактивті қызмет көрсетуден проактивті бас­қаруға көшуге жол ашады. Ел аумағында бірыңғай цифрлық база құрып, тексеру нәтижелерін біріктіріп жатырмыз, сөйтіп бақылаудың автомат­тандырылған әдіс­терін енгізіп жатырмыз. Бұл көпірлердің қауіпсіздігі мен күтіміне деген көзқарас­ты түбегейлі өзгертеді», деді «Қаз­жолҒЗИ» Көпір және жол құрылысы басқарма­сы­ның басшысы Шалқар Қайсар.

Бұдан бөлек, Жол-құры­лыс материалдары мен тех­нологияларының бірыңғай базасы заңмен бекітілді. Ашық цифрлық платформа ма­териалдар мен өндіріс ны­сандары туралы толық мә­лімет ұсынып, жол құры­лы­сы­ның сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.