Экономика • Бүгін, 08:30

Мәдениет экономиканың драйверіне қалай айналады? Депутат Күлпаршын Айдархановамен сұхбат

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Актөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың бастамасымен өңірде «Сыбаға-2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтті. Ауқымды шара Қазақстанның әр аймағынан және шетелден келген шеберлердің, қолөнер мамандарының, мәдениет жанашырларының басын қосты. Облыстық мәслихат депутаты, қоғам қайраткері, кәсіпкерлерге тәлімгер Күлпаршын Айдархановамен осы оқиғаның мәні, маңызы төңірегін аз-кем әңгімелестік. Ол фестиваль жөніндегі әсерімен, дәстүр мен заманауи бизнестің байланысы туралы ойларымен бөлісіп, мәдени мұраны сақтау өңір экономикасының дамуымен қатар жүруі керектігін атап өтті.

Мәдениет экономиканың драйверіне қалай айналады? Депутат Күлпаршын Айдархановамен сұхбат

– Күлпаршын Алпысбайқызы, «Сыбаға-2025» ұлттық дәстүрлер фестивалі сізге қандай әсер қалдырды?

– Атмосфера керемет болды, шынайы, жанға жайлы, ұлттық рухқа толы болды десем де қателеспеймін. «Сыбаға» – тек мәдени шара емес, біздің болмысымыздың үлкен мерекесі. Мұнда ата-баба аманатына деген терең құрмет пен жаңғыруға деген ұмтылыс қатар сезіледі.

Ұйымдастыру жоғары деңгейде өтті, тақырыптық күндерден бастап әрбір алаңның безендірілуіне дейін ойластырылған. Әсіресе, Өнер орталығы маңындағы «Алтыбақан» бағдарламасы ерекше әсер қалдырды, ұлттық әуендер, халық ойындары, костюмдер, бәрі бір мезетте өткенге оралғандай әсер береді, бірақ бүгінгі заманға лайықталған форматта.

л

– Биылғы фестиваль шетелдік қонақтарды да көп жинады. Мұндай шаралардың өңір үшін маңызы неде?

– Өйткені дәстүр – өткеннің ғана емес, болашақтың да негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, тек өткенге сүйенген халық заманға ілесе алмайды. Бірақ өз құндылықтарын сақтап, оны жаңа буынға жеткізе алған қоғам ғана алға жылжиды.

Биыл «Сыбаға» мәдени шарадан бөлек халықаралық оқиғаға айналды. Ашылу салтанатына 20 елдің делегациялары, елшілер, бизнес өкілдері қатысты. Бұл өте маңызды басқосу, біз әлемге дәстүр мен дамуды қатар ұстанатын ел екенімізді көрсетіп отырмыз.

– Фестиваль аясында гастрофестиваль мен қолөнер бұйымдарының көрмесі де өтті. Мұндай жәрмеңкелерді өзіңіз ұнатасыз ба?

– Әрине, халық кәсіптері мен қолөнерге әрқашан қызығушылықпен қараймын. Қырғыз шеберлерінен бірнеше әсем әрі мағыналы естелік сыйлықтар сатып алдым.

Жалпы, мұндай алаңдар – шеберлер, дизайнерлер, өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік. Олар өнімдерін көрсетеді, өздерін танытады, клиент пен серіктес табады. Өйткені әрбір бұйымның артында жай еңбек емес, шебердің маңдай тері тұрады.

– Осындай этнофестивальдер жергілікті кәсіпкерлікке, әсіресе әйелдер кәсіпкерлігіне серпін бере ме?

– Әрине, береді. «Сыбаға» сияқты фестивальдер – мәдениеттің ғана емес, экономиканың да қозғаушы күші. Бұл шағын бизнеске, қолөнерге, фермерлерге жаңа нарыққа шығатын алаң. Мұнда жаңа байланыстар туып, сату географиясы кеңейеді.р

Әсіресе әйелдердің белсенділігі қуантады. Бүгін олар цехтар ашып, ұлттық тағамдар дайындап, этностильде киім тігеді, жүн, киіз, терімен жұмыс істейді. Бұл – бизнес қана емес, дәстүрді сақтау. Қазақ мәдениетінде әйел – отбасының, тілдің, өнердің сақтаушысы ғана емес, істің де ұйымдастырушысы, ұйытқысы. Қазір олар жаңа экономиканы қалыптастырушы күшке айналып отыр.

– Сіз ауыл кәсіпкерлігін қолдау қажеттігін жиі айтасыз. Фестивальде осы идеяңызбен үндес мысалдар болды ма?

– Иә, көп болды. Біздің ауылдарда орасан зор әлеует бар екеніне тағы көзім жетті. Әр аймақтың өзіне тән өнімдері мен ерекшеліктері бар. Мысалы, Ойыл ауданы – тарысымен, Ырғыз – сүт өнімдерімен, Әйтеке би – жүннен жасалған бұйымдарымен, Шалқар – киіз бұйымдарымен танымал.

Бұл – мен жиі айтатын «Бір ауыл – бір өнім» қағидасының айқын көрінісі. Бірақ мұндай бастамаларға қолдау керек, гранттар, оқыту, инфрақұрылым. Әкімдіктер әйелдермен жұмыс істеп, өнімді ілгерілетуге, онлайн-сатуды дамытуға, орау мен брендтеуге көмектесуі тиіс.

о

– Фестивальден қандай ой түйдіңіз?

– Ең бастысы – дәстүр адамдарды біріктіреді. Уақыт өзгеріп жатыр, бірақ рухани негіздер – қоғамның тірегі.

Осындай фестивальдер тек облыс орталықтарында ғана емес, әр аудан мен әр ауылда өтуі керек. Өйткені дәстүрді күнделікті тұрмысында сақтап отырған сол ауыл тұрғындары, ас дайындауда, әнде, үлкенге құрмет көрсетуде олар шынайылығымен ерекшеленеді.

Жастарды көбірек тарту қажет. Күшті ұлт қалыптастыру үшін оларға біліммен бірге құрмет, бірлік сезімін және мәдени мұраға деген мақтаныш ұялатып өсіруіміз керек.

– Соңында, облыс тұрғындары мен фестиваль қатысушыларына не айтқыңыз келеді?

– Ұйымдастырушыларға – облыс әкімдігіне, шеберлерге, педагогтарға, осы шараға еңбек сіңірген барша жанға шын жүректен алғыс айтамын. «Сыбаға» – өткен мен болашақты, дәстүр мен жаңашылдықты, мәдениет пен бизнесті тоғыстыра алған үлгі.

Актөбе облысы – бай да еңбекқор өңір. Егер біз мәдениетке дәл осы фестивальдегідей құрметпен қарай берсек, рухани мықты халықтың әрқашан табысты болатынына сенім мол.

– Әңгімеңізге рахмет!