«Қытайдан қашпауымыз керек. Бүкіл әлем Қытай инвестициясына зәру, соған таласып жатыр. Олар біздің жолымызды салғалы отыр. Егер де олардың талабына сай жұмыс істей алатын болса, неге жергілікті мамандарды жұмысқа тартпасқа? Тартамыз. Өздеріңіз білесіздер, Омбы – Майқапшағай күре жолының Қалбатау – Майқапшағай жолын салған кезде 200-ге жуық жергілікті тұрғын сол жерде жұмыс істеді. Қарапайым халықты Қытайға қарсы қоюға болмайды. Қытай халқы әлемнің барлық елінде жұмыс істеп жүр. Сондықтан Қытайдан қорықпауымыз керек. Олар Аягөз – Бақты теміржолын салуға қатысып жатыр. Керісінше, сіздер қытайларға көмектесіңіздер. Олар жұмыс істеуге келді. Қонақ үйде тұрмағанда, қайда тұрады?! Олар қонақ үйдің иесіне ақшасын төлеп, заңды түрде тұрып жатыр. Алдағы 2 жыл ішінде теміржол салынады, теміржолдың бойына басқа да адамдар келеді. Оның бәрі ақша, оның бәрі біздің облысымыздың экономикасына құйылған қаржы. Үлкен инвестиция. Оларды біз қайта тарту керекпіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай елінің басшысы Си Цзиньпинге рахмет, екі елдің арасындағы барыс-келісті арттыру үшін визасыз режим жасады. Сіздер де Қытайға барып сауда жасаңыздар», деді өңір басшысы.
Ол жастарды Қытайдан келген жұмысшыларға қарсы қоймай, керісінше, олардың бізге еңбек етуге келіп жатқанын, біздің жолымызды салып берейін деп жатқанын түсіндіруіміз керек деді.
«Теміржол салынатын болса, ел экономикасына қаншама қаржы құйылады. Теміржол Аягөзге дейін келетін болса, оның келесі кезеңі бар. Аягөзден Қарағандыға жол тартылады. Аягөздің екінші, үшінші тынысы сонда ашылады», деді Берік Уәли.