Өндіріс • Бүгін, 08:50

Өңдеу өнеркәсібін өркендетудің нәтижесі

20 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елдің экономика саласында өңдеу өнеркәсібін жаңғырту мен цифрландыру ісі ерекше басымдыққа ие. Бүгінде өңдеуші өнеркәсіп пен шағын бизнес дамудың жаңа кезеңі­не қадам басты.

Өңдеу өнеркәсібін өркендетудің нәтижесі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Өндіріс саласындағы жүйелі өзгеріс

Өңдеу өнеркәсібін дамытудағы кейінгі жылдары байқалған оң динамика биыл да жалғасты. Он айдағы өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемі 24 трлн теңгеден асып, өсім 5,8%-ды құрады. Тегеурінді серпін металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісіндегі оң нәтижелер есебінен қамтамасыз етілді.

«Соңғы үш жылда мемлекеттік даму инс­титуттары жаңа өндіріс орындарын ашуда шешуші рөл атқарып жүр. 2022 жылдан бері жеңілдетілген несие арқылы 116 жоба қаржыландырылып, бұл мақсатқа 500 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы бағытталған. Нарықтан тартылған қаражатты қосқанда, жалпы қолдау көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайды», деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Биыл жыл басынан бері жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба­­ның 147-сі іске қосылды. Нәтижесінде, 18 мың­нан астам жаңа жұмыс орны құрыл­­ды. Оның қатарында Chery, Changan, Haval, Tank маркасындағы автокөлік шы­ғара­тын зауыттар, алюминий қаптама­лары мен тұрмыстық техника өндірісі, болат құбырлар, тоқыма материалдары өн­дірісі сияқты ірі жобалар бар.

Министр атап көрсеткен жобалар толық қуатына шыққанда өңдеу өнер­кәсі­бінің жылдық көлеміне қосымша 2,3 трлн теңге қосылады.

Саланы дамытудың төрт негізгі ба­ғыты бар. Олар – қолжетімді қаржылан­дыру, шикізатпен жеңілдетілген қамту, индустриялық инфрақұрылым тарту мен өнім өткізу нарығын қолдау. Шикізатқа жеңілдік – ірі өндірушілер әуелі ішкі нарықты қамтамасыз ет­пейін­ше экспортқа лицензия ала алмайды. Бұған қоса, жеңілдік деңгейі өңдеу тереңдігіне қарай белгіленеді. Бұл механизм мыс, алюминий мен мырышқа қолданылып отыр. Жеңілдік мөлшері дайын өнім үшін – 5%, аралық өнімге – 1%. Механизм енгізіл­гелі 30 келісім жасалды. Жыл соңына дейін мыс өңдеу – 40%, алюминий – 20%, мырыш 25% өседі деп күтіледі. «Бұл – елімізді тек шикізат экспорттаушы ел ретіндегі бейнесінен арылтып, жо­ғары қосыл­ған құны бар өнімдер өндірісін күшей­ту­дің нақты қадамы болады», деді эко­но­микалық сарапшы Алпамыс Сегізбайұлы.

Республикада индустриялық саясат жүйелі түрде іске асырылып келеді. 16 арнайы экономикалық аймаққа 10,4 трлн теңге инвестиция шоғырланған. 66 индустриялық аймақта жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 305 жоба жүзеге асырылған. Шағын және орта бизнеске арналған шағын өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесі жыл сайын кеңейіп жатыр. Индустриялық аймақтарды басқарудың жаңа тетігін енгізіп, инфрақұрылымды әртараптандырылған қаржыландыру арқылы дамыту жоспарланды. Бұл – өңірлерде жаңа өндірістің ашылуына әрі кәсіпкерліктің серпінді дамуына мүмкіндік тудырады.

«Кейінгі жылдары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйесінде отандық өндірушілерді қол­дау бағыты күшейе түсті. Мемлекеттік сатып алуда отандық өнім тізімі 4805 позицияға дейін кеңейді. Нәтижесін­де, елдегі өндірушілермен келісімшарт көлемі 1,5 есеге өсіп, 418 млрд теңгеге жетті. Ал «Самұрық-Қазына» қоры сатып алуларында ұзақ мерзімді шарттар бойынша басымдық тетігі күшейді. Он айда отандық компаниялармен 1,9 трлн теңгеге оффтейк пен ұзақ мерзімді келісім жасалды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп. Бұған қоса, жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты 1 шілдеден бастап биржа арқылы стандартталмаған тауарлар сатып алу тоқтады. Сатып алу «Tizilim» платформасы жаңғыртылып, отандық өндірушілердің қатысуына қолайлы жағдай жасалды. Анығында «Tizilim» жүйесі арқылы 1 трлн теңгеге оффтейк-келісімшарттар жасалды – өсім 7,7 есе көп», деді Ерсайын Нағаспаев.

Цифрландыру өнеркәсіп саласының негізгі драйверіне айналып келеді. Министрлік дерегінше, цифрлық технологияларды енгізген кәсіпорындар үлесі 12,9%-дан 19%-ға өскен. Бүгінде 246 кәсіпорында – киберқауіпсіздік құралдары, 142 кәсіпорында – бұлттық технология, 72 өндірісте жасанды интеллект, 48 кәсіпорында өнеркәсіптік роботтар бар.

Салалық негізде тау-кен металлургиясында – виртуалды көшірмелер, «Big Data» талдау, компьютерлік көру, химия­да – ресурстарды жоспарлау мен еңбек қауіпсіздігі жүйелері, машина жасауда – виртуалды оқыту, 3D-сканерлеу, AI-технологиялары енгізіліп жатыр. Жасанды интеллектіні енгізудің Жол картасы әзірленіп, «СарыарқаАвтоПром», «Қазцинк», ERG, «Қазфосфат» секілді компаниялар 41 жобаны жүзеге асырды.

Цифрландырудың екінші бағыты – реттеу мен қолдау шараларын автоматтандыру екені мәлім. Қазір өнеркәсіптің ұлттық цифрлық экожүйесі құрылып, «Tizilim» платформасы 6000 тапсырыс беруші мен 900 өндірушіні қамтыды. Бұған қоса биылдан бастап отандық өндірушілер реестрі іске қосылады.  

өндеу

 

Мұнай өңдеу 40 млн тоннаға жетеді

Энергетика министрі Ерлан Ақкен­женов мұнай өңдеу саласын дамыту жос­парын таныстыру барысында еліміз 2040 жыл­ға қарай мұнай өңдеу қуатын қа­зіргі 30 млн тоннадан 40 млн тоннаға жет­кізуді көздеп отырғанын айтты. Бұл мақ­сатқа жету үшін 10 млн тонна мұнай өң­дейтін жаңа ірі зауыт салу жоспарланған. Был­тыр мұнай өңдеу көлемі 17,9 млн тоннаны құрады, биыл да осы деңгей сақталады. Мұнай өнімдері өндірісі өткен жылы 14,52 млн тонна болды, ал 2040 жылға дейін бұл көрсеткішті 29,2 млн тоннаға дейін арттыру жоспарда тұр. Бұған қоса, отын сапасы экологиялық K4 деңгейінен K5+ стандартына дейін көтеріледі.

Мұнай-химия өндірісі де өсім көрсетіп отыр. Былтыр 540 мың тонна өнім өндіріліп, биыл 589,7 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Алкилат, бутадиен, карбамид пен полиэтилен өндірісіне қатысты жаңа жобалар іске асырылды. Бүгінде саланы дамыту мақсатында «Мұнай-химия өнеркәсібі туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Министрліктің айтуынша, бұл құжат саланың ұзақмерзімді әрі тиімді дамуына жол ашады.

 

Агроөнімдерді өңдеу саласында да өсім бар

Тамақ өнімдері өндірісі де елімізде тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биылғы он айда өндіріс көлемі 3,1 трлн теңгеге же­тіп, былтырмен салыстырғанда 9,1% арт­қан. Жыл соңына жоспар – 9,3%. Негізгі капи­талға салынған инвестиция 60% өсіп, 225 млрд теңгені құрады. Қайта өң­дел­ген өнім экспорты да ұлғайған. 9 айда экспорт 2,5 млрд долларға жетіп, 32,4% өсті. Ұн, өсімдік майы, сүт, жарма мен шұ­жық өнімдері бойынша едәуір өсім бар.

Саланы жеңілдетілген несиелеу арқылы қолдау жалғасып жатыр. Биыл 44,3 млрд теңге бөлініп, шамамен 100 кәсіпорын қаржыландырылды. Келесі жылы қаржыландыру 1,5 есеге артады. Астықты терең өңдеу бағытында 2028 жылға дейін қуаттылығы 4,8 млн тон­на болатын 5 ірі жоба іске қосылады. 2,6 млрд доллар инвестиция тартылып, 3,3 мың жұмыс орны ашылмақшы. Бұған қоса, биыл 29 жоба іске қосылды, келер жылы 50 жоба жүзеге асырылып, 2,5 мың жұ­мыс орны құрылады. 2027 жылы жалпы құны 874 млрд теңге болатын 26 жоба іске асы­рылып, 3,5 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады.

«Елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін үш негізгі бағытты күшейту маңызды. Бірінші – өнім өндірісін әртараптандыру. Бидай егісін азайтып, майлы дақылдар, жем-шөп, бақша өнімі мен мал шаруашылығы өнімдерінің үлесін арттыру қажет. Екінші – суармалы егіншілікті кеңейту. Климат­тық тәуекелдер күшейген кезеңде су ресурстарын тиімді пайдалану, жаңа суқой­малары мен заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу – негізгі міндет. Үшінші – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Шикізат күйінде экспортты қысқартып, ет-сүт, ұн-тарту, көкөніс-жеміс, тері-жүн өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар санын көбейту арқылы қосылған құнды арттыру керек. Қысқа қайырғанда, агроөнеркәсіпті дамытудың басты бағыты – әртараптандыру, су ресурстарын тиімді басқару мен терең өңдеуді күшейту», деді «Ауыл» партиясы, Ақпараттық-сараптама жұмысы департаментінің басшысы Қуаныш Үсенов.

 

Фармацевтика өндірісі өркен жайды

Денсаулық сақтау министрлігі отандық дәрі-дәрмек өндірісін қолдау мақсатымен импортталатын субстанциялар мен шикізатты ҚҚС-дан босатуды ұсынды. Бұл шара жергілікті кәсіпорындардың шығындарын азайтып, дәрі бағасын төмендетуге бағытталған. Қазір елімізде 200-ден астам отандық өндіруші бар, оның 43-і дәрі-дәрмек шығарады. Биылғы он айда өндіріс көлемі 11,7%-ға өсіп, 156,6 млрд теңгеге жетті. Өсім жаңа өндірістік желілердің іске қосылуына байланысты. Отандық препараттарды сатып алу көлемі де артты. Жыл басынан бері 16%-ға өсіп, 170 млрд теңгені құрады.

Есте болса, өткен айда Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға баға белгілеу тәртібін жаңартты. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде 2,9 мың атаудағы дәрі-дәрмек пен 4,9 мың позицияның бағасы қайта қаралды. Нәтижесінде, 453 позиция бойынша баға төмендеп, 38-і қымбаттады. 1,4 мың медициналық бұйымның техникалық сипаттамасы мен 1,1 мың дәрілік зат атауы түзетілді. Бірыңғай дистрибьютор халықаралық ұйымдармен келісімдерді де жаңартты.

Келесі жылдан бастап елімізде өн­дірісті локализациялау мен технология трансферін күшейтуге бағытталған ұзақмерзімді шарттардың жаңа тәртібі енгізіледі. Саладағы бәсекелестікті арттыру үшін бір тауарды кемінде екі отандық кәсіпорын өндірген жағдайда ұлттық режімнен алу тетігі қолданылады. Баға реттеу тетіктерін өзгерту нәтижесінде дәрілердің едәуір арзандауы байқалды. Үкімет енгізген жаңа модель есебінен 36 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Иматиниб бағасы 9450 теңгеден 2348 теңгеге, Бевацизумаб 360 мыңнан 77 мың теңгеге дейін түсті. Антибиотиктер мен иммунобиологиялық препараттардың бағасы да төмендеді.

 

Өнеркәсіптегі цифрлық жаңғыру жеделдейді

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елдегі өңдеуші өнеркәсіпті Industry 4.0 стандартына көшіру басталғанын мәлім­деді. 2028 жылға дейін кәсіпорындарда IoT-платформалар, цифрлық егіздер, болжамды қызмет көрсету жүйелері мен интеграцияланған өндіріс басқару шешімдері кеңінен енгізілмекші. Осы арқылы еңбек өнімділігі 10–15%-ға, нақты өсім 6,5%-ға артып, өнеркәсіптік IoT қолдану үлесі 10–20%-ға дейін жоғарылайды.

«Қазір саладағы 9 мемлекеттік қыз­мет толық цифрланды. «Модельді цифр­лық фабрикалар» жобасына тартыл­ған 6 кәсіпорында 45 цифрлық бас­тама сыналып, соның 31-і іске сәтті асты. Нәтижесінде, еңбек өнімділігі 15–30%-ға өсті, операциялардың 60%-ы автоматтандырылды, жөндеу шығындары 20%-ға қысқарды. Astana Hub-та өндіріс бағытындағы 29 стартап жұмыс істеп, технологиялық автоматтандыру, қауіпсіздік, жабдық мониторингі мен «ақылды» құрылғылар бойынша шешімдер ұсынып отыр. Экожүйе 280 жұмыс орнын құрып, 21 млрд теңге кіріс берген. Отандық KazTWIN (цифрлық егіздер және Smart Factory) мен CUBA IoT платформалары кәсіпорындарға 3D модельдеу, ақауларды болжау, энергия тиімділігін бақылау, мыңдаған датчиктерді біріктіру сияқты заманауи мүмкіндіктер береді», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, әлемде өнер­кә­сіп­тегі жасанды интеллект нарығы қарқынды дамып жатыр, ал «ақылды фабрикалар» тиімді­лікті айтарлықтай арттыр­ған. Осы трендке сай елдерде өндіріс үдерісін реинжинирингтеу, роботтандыру тұжырымдамасын қабылдау мен цифрлық фабрика желісін кеңейту ісі жоспарланған.

Өңдеу өнеркәсібі – экономика­ның бәсекеге қабілеттігін айқындай­тын басты сектордың бірі. Іске қосыл­ған жобалар, цифрлық трансформация, инфрақұрылымдық қолдау мен мемлекеттік сатып алудағы басымдық – саланы жаңа даму деңгейіне көтере­тін фактор. Инновациялық шешімді өндіріске батыл енгізу арқылы өңдеу өнеркәсібін сапалы жаңа кезеңге шығарамыз. Бұл үрдіс жалғасса, еліміз халықаралық өнеркәсіптік тізбекке тиімді кірігіп, жоғары технологиялы өнім экспортын арттыра алады.