Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастарға жан-жақты қолдау көрсету Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттағы басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – дарынды жастарды анықтауға бағытталған Президент бастамаларының бірі.
Комиссия құрамына Парламент депутаттары, көрнекті ғалымдар, мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, медиа-сарапшылар, бизнес өкілдері кірді. Аида Балаева комиссияның әділ шешім қабылдағанына сенім білдірді.
Комиссия қорытындысының нәтижесінде 6 бағыт бойынша ең жоғары балл жинаған 30 жоба іріктелді.
Жеңімпаздарға жобаларын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан 3 миллион теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетіледі.
Айта кетейік, биыл барлығы 1700 өтінім түсті. Оның ішінде 1622 өтінім қабылданды. Атап айтқанда, «Бизнес» бағыты бойынша – 796, «Ғылым» бағыты бойынша – 138, «Мәдениет» бағыты бойынша – 152, «Ақпараттық технология» бағыты бойынша – 211, «Медиа» бағыты бойынша – 154, «Волонтерлік» бағыты бойынша – 171 өтінім.