Экономика • Кеше

Алкилат зауытының қазығы қағылды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі алкилат өндіретін алғашқы зауыт құрылысы Ертіс бойында бастау алды. Аталған өнім – Еуро-5, Еуро-6 санатындағы жоғары октанды бензиндерді өндіруге арналған ең құнды компоненттердің бірі.

Алкилат зауытының қазығы қағылды

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

Кәсіпорын жоғары октанды отын компоненті – алкилат өндіретін еліміздегі алғашқы зауыт. Оның бірқатар қасиеті заманауи отын индустриясында аса маңызды. Атап айтқанда, хош иісті көмірсутектер қол­данбай-ақ жоғары октанды көр­сеткішке ие әрі күкірт пен зиянды қоспалардың мөлшері төмен. Жаңа өнім бензиннің экологиялық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік беріп, сұйық отынның детонация­ға төзімділігін арттыра­ды. Сондай-ақ бензинді сақ­тау кезінде ауаға көп ұша қоймайтындығымен ерекше.

«InterTrans C.A.» компа­ния­сының бұл жобасы еліміз­дің мұ­най-газ саласындағы тех­но­ло­гиялық дамудың жаңа кезеңіне көш­кенін көрсе­те­ді. Бұл дегені­міз – дәс­түрлі көмір­сутек өңдеуден жо­ғары техно­логиялық, ішкі және жаһан­дық нарықта сұранысқа ие компоненттерді өндіруге өту. Зауыт құрылысының Ертіс – Баян өңірінде қолға алынуы кездейсоқ емес. Аймақ – елдің өнеркәсіптік орталықтарының бірі, мұнда негізгі мұнай-химия, энергетика кәсіпорындары шоғырланған.

«Бүгін біз Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмаларын орындау­да маңызды қадам жасап отырмыз. Елімізде алкилат өндіретін алғашқы зауыттың құрылысы сала үшін де, ел үшін де стратегиялық маңызға ие. Оның табысты жүзеге асырылуы – жаңа өндірістік құзы­реттерді қалыптастыру жолында мемлекет, бизнес, ғылыми қауым­дастық арасындағы өзара іс-қи­мылдың айқын көрінісі. Мұ­най-химия саласын әртараптан­дыру мен мұнай өңдеу тереңдігін арттыруға бағыт алған еліміз үшін бұл жоба қарапайым жаңа өнеркәсіп нысанының құрылысы ғана емес, әлдеқайда маңызды бастама болғалы отыр», деді өңір басшысы Асайын Байханов жаңа кәсіпорынның қазығын қағу рәсімінде.

Келешекте өндіріс орны жылына 97 мың тоннаға жуық алкилат шығарады. Бұл 110 мың тонна бутан-бутилен фракция­сынан жоғары сапалы бензин, оның ішінде авиациялық отын өндіруге мүмкіндік береді. Жоба иелерінің айтуынша, зауыт экологиялық жағынан қауіпсіз. Мұнда энергиялық тиімді технологиялар, автоматтандырылған басқару жүйелері, қоршаған ортаға әсерді барынша азайтатын инженерлік шешімдер қарастырылған. Кәсіпорында құрылыс кезеңінде шамамен 500 жұмыс орны, іске қосылған­нан кейін 180-нен астам тұрақ­ты жұмыс орны құрылады. Зауыттың өнімдері ішкі нарыққа, соның ішінде Павлодар мұнай-химия зауытына, сондай-ақ экспортқа да бағытталатын болады. Кешеннің толық іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған.

Мамандардың сөзінше, алкилатты октанды арттыратын компонент ретінде пайдалануға көшу – экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі міндеттерге ғана емес, сонымен бірге тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі оң­тайлы шешім. Отандық мұнай өңдеу зауыттары бүгінде N-метиланилин, метил-трет-бу­тил эфирі (МТБЭ) сияқты октанды арттыратын компоненттерді пай­даланады. Дегенмен олардың қолданылуында бірқатар шектеу бар. Мәселен, N-метиланилин улы, азот оксидтерінің шығарылуына ықпал етеді, отынның коррозия­сын арттырады әрі қозғалтқыштар­дың тозуын тездетеді. МТБЭ октан санын ұлғайтады, бірақ ол жану кезінде улы заттардың пай­да болуына ықпал етеді. Сон­дықтан алкилат заманауи, экологиялық таза шешім ретінде құпталып отыр. Нәтижесінде, көлік отыны өндірісі барысында көмірқышқыл газының, азот оксидтерінің, канцероген­дер­дің шығарындылары азайып, отынның сапасы қамтамасыз етіледі.

Атап өтейік, жаңа зауыт құ­рылысы Үкімет пен Энергетика министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» АҚ, Павлодар мұнай-химия зауыты, қаржылық серіктес – Қазақстан даму банкі деңгейінде қолдау көрсетіле отырып жүзеге асырылып жатыр.

 

Павлодар облысы