Оқушы кезінде аудандық, облыстық және республикалық газеттерге қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты жаңалықтар, сын мақалалар мен өлеңдер жариялап тұрды. Онда жас автор проблемалық сұрақтарға жауап іздеп, кемшіліктерді дөп басқандықтан ол мәселелер мазмұнына қарай ұжымшар басқармасы мен партия ұйымының жиналыстарында, Қазақстан жазушылар одағының пленумында қаралған көрінеді. Оқушы кезінде республикалық орталық комсомол комитетінің Мақтау қағазымен марапатталып, мектептің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, көптеген үйірменің жетекшісі, қабырға газетіне редактор болып, өз маңайында шығармашылық орта қалыптастыра білген. Сегізінші сыныпта өлең жаза бастаған. Сын айтқанда да, біреуді жақтағанда да әділдіктен ауытқымағанына орай беделге ие болып, мұғалімдермен де жақсы қарым-қатынас орнатты. Мектепті аяқтайтын тұста талапкер Әбіш топ жарып еркін сөйлейтін, «мына бала болайын деп тұр екен» деп айтатындай деңгейге жетеді.
Алматыға білім іздеп келген талапкер Әбекең М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, М.Балақаев, Т.Амандосов, Б.Шалабаев, З.Қабдолов сияқты ұстаздарынан тәлім-тәрбие алған. Әбішпен қатар оқып, аралас-құралас жүрген жастардың көбі кейін елге танымал азаматтар болды. Сол студенттік шағындағы жазған өлеңдері республикалық басылымдарда жарық көріп, ол айтулы ақын атанып, әдебиет сыншысына айналады. Сонымен бірге оның зерттеу мақалалары да шыға бастады. Аудармашылық, эссеші және прозашылық қырынан да көрінді. Студент Әбіш – ұстазынан озған шәкірт. Академик Зейнолла Қабдолов шәкірті өзінен озған ең бақытты ұстаз санап, ол бақытты Әбіш сияқты шәкіртінің сыйлағанын мақтан тұтқан.
Өткен ғасырдың 60-жылдары кеңес одағындағы «жылымық» тұсында елде күрделі үдеріс орнады. Қоғамның жаңаруына Әбіш Кекілбайұлы сияқты терең білімді және дарынды жастар керек еді. Сөйтіп, ол бар болғаны 19 жасында ұлы Мұхтар Әуезовтің назарына ілігеді. Бірде студент Әбіштің мазмұнды баяндамасын тыңдаған Мұхаң оны «аса талантты жігіт екен» деп, әбден риза болған. Кейін М.Әуезов бата бергендей болып, «осы қара баладан үміт күтіңдер» депті. Ал төртінші курста оқып жүрген Әбіш Кекілбайұлының Жазушылар одағының жыл қорытындысында «қызғаншақтықтың қызыл иті» туралы айтқан сөзі М.Әуезовке ерекше әсер етіпті. Әбекең сол ит «алыстан үрсе – құлағыңды, жақыннан үрсе – балағыңды тістейді, бәрісі бір жүрегіңді жаралайды» десе керек.
Өкінішке қарай сол қызғаныш туралы сөзі оның өз алдынан шығады. «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмысқа шақырылғанда қалалық партия комитетіндегілер жас студент жазушыны бұзады десіпті. Мұны естіген ректор партиялық «тәртіпке» бағынып, танымал ақын, сыншы Әбіш Кекілбайұлын ауылға, Маңғыстау облысына жібермек болады. Суреткердің шығармаларына шүйіліп қарайтын, қисынсыз пікірлерге жол беретін «жанашырлар» да табыла бастайды. «Обалар» өлеңіндегі туған даласындағы тарихи ескерткіштерге деген ілтипатын өткенді көксеуге теңеп, Ә.Кекілбайұлы Компартияның Орталық комитеті хатшысының баяндамасында аяусыз сыналады. Ал жас ақынның соғыс туралы жазған өлеңдері «пацифизм» деп қабылданса, оның «Алтын шуақ» атты алғашқы өлеңдер жинағы үш жылдан астам уақыт шықпай жатып қалады. Сөйтсе, онда «Ленин, партия туралы бір сөз жоқ» болып шығыпты. Өршіл рухты «Махамбет» дастаны да тыйымға ұшырайды.
24 жасында КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, «Лениншіл жаста» жұмыс істеп, Мәдениет министрлігіне қызметке шақырылғанына, отбасында жас балаларының болғанына қарамастан ол әскер қатарына шақырылып, Қытаймен шекарадағы Жалаңашкөлден бір-ақ шығады. Осының барлығы қазақ әдебиетіне келген жаңа леп жат пиғыл деп танылып, оның ортасындағы Ә.Кекілбайұлын әдеби ортадан аластаудың амалы болатын-ды.
Бірақ Әбекең осыдан кейін де өмірден күдер үзбеген, адамға деген жылылығынан айырылмаған. Әділетсіздікті көре тұра, ешкімге көз алартпай, көкірегін кермей, жақсылықты бағалай отырып, жүрегі таза адам және тұтас бір ұрпақтың серкесі болып қала берді. Бастысы, ол өзінің адами бет-бейнесін жоғалтпай, өзін өзгертіп дамытумен болды. Қай қызметте болса да, ол адал еңбек етті. Мансап қуған емес.
Кемеңгер Әбіш қандай адам болғанын терең түсіну үшін кезінде оған берілген ресми мінездемелер мен белгілі замандастары тарапынан айтылған пікірлерге көңіл аударса, көптеген мәліметті табуға болады. Талантты жазушы, сыншы және кәсіби аудармашы. Ал мінездемелерге жүгінсек, терең ойлы, жан-жақты білімді, моральдық тұрғыдан тұрақты және саяси сауатты азамат. Сонымен бірге стилистикалық сауаттылығы мен шығармашылық сараптамаға қабілеттілігі, кез келген мәселені қарап, бағалаудағы принципшілдігі, объективтілігі, ымырасыздығы мен талапшылдығы атап көрсетіледі. Осылайша, Әбекең турашыл тарлан тұлғаға айналды. Қоғам қайраткері ретінде сол кездегі қыруар шаруаның басы-қасында жүрді. Шығармашылық жастармен жұмыс істеп, кеңесін ұйымдастырды. Фариза, Оралхан, Ақселеу, Қалдарбек, Сағат және тағы басқа тұлғалар шоғырында Әбекеңнің орны бөлек. Сондықтан шығар, Ш.Мұртаза Ә.Кекілбайұлына «тұңғиық терең ойлы, тым ерте есейген, жастайынан көсемдікке жаралған, қарттың даналығын бала бастан бойына жинаған, бай қазыналы жігіт» деген баға бергені. Қазақ әдебиеті әлемінде үлкен биікке көтерілген Әбіш өзгелер байқамаған, айта алмаған сөзді айтып, қазақ рухын асқақтатып өзінің азаматтық тұғырын айғақтап, қоғамдық өмірдегі болып жатқан үдерістерге шынайы баға беруге, жаңашылдық пен ақиқатқа деген ұмтылыстың бел ортасында болғаны да замандас ағаларының назарынан тыс қалмапты.
1985 жылғы КСРО-да басталған «қайта құру» саясаты алып империяны дүр сілкіндіргені белгілі. Азаттықтың елесі сезіле бастаған осы кезеңде жазушы көп нәрсені қайта қарап, пайымдауға тура келетінін жақсы түсінді. Ол сол тұсты «бізде тым ұзағырақ созылған ел басқарудың беделге табынатын берекесіз стилі бел алған кез» деп бағалады.
Жариялылық пен демократиялық өзгеріс тұсында тарих ақтаңдақтарын ашу, ұлттық мұраларымызды түгендеу мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Халықты қоғамның әлеуметтік және рухани проблемалары толғандырды. Сондықтан 1989 жылдың аяқ кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде қайта құрылған ұлтаралық қатынастар бөлімінің меңгерушілігіне қазақ тілінде еркін сөйлеп-жазатын, ұлттар тарихын, тұрмыс-салтын жақсы білетін, саяси тәжірибесі жеткілікті, ысылған маман керек болып, оған Әбіш Кекілбайұлының кандидатурасы ұсынылды. Осы қызметке тағайындалуына байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне жіберілген мінездемеде Ә.Кекілбайұлының тарих, мәдениет, ұлтаралық қарым-қатынас мәселелерін терең білетініне көңіл аударылған. Сонымен қатар оның шығармашыл зиялы қауым арасындағы беделі, өз ойын тиянақты айтып, диалог жүргізіп, халықты сендіре білетін қабілеті де ескеріледі. Әбекең жаңа саланың міндетін айқындау барысында ең алдымен ұлтаралық қарым-қатынастардың жарасымды түрде қойылмағанына көңіл аударып, ынтымақ ұстанымына ерекше басымдық береді. Қазақ халқының ұлттық дамуындағы көптеген кешеуілдеушіліктің себебі ретінде Ә.Кекілбайұлы ұлт саясатының бұрмалануы мен әлеуметтік әділетсіздіктің күш алуын атап өтіп, ұлттық санамыз да, тарихымыз бен тіліміз де кенжелеп қалды деген қорытынды жасаған.
Ол тек Қазақстан шеңберінде, халықтың өткені мен ұлттық психологиясы және менталитетінің білгірі болумен шектеліп қалмаған. Ойшыл саясаткер әлемдік саясаттану ғылымының небір озық үлгілерін зерделеп, әлемдік мемлекеттер құрылысы және сан алуан билік институтының табиғаты мен қыр-сырын жете меңгереді. Сондықтан Тәуелсіздіктің таңы атып, жаңа билік институттары дүниеге келіп, мемлекеттіліктің негізін қалауға кіріскен шақта жаңашыл бағыттардың қыр-сырын ажыратып, тиісті пайымдаулар жасауға қабілетті болды. «Саясат» деген ұғымға «кез келген тарихи ситуацияда ел басын қатерге тікпей, ел мүддесіне жете алу» деген анықтама береді. Барлық істе әлеуметтік әділет пен шынайы ақиқат басым түсуі шарт және көлеңкелі экономика көлеңкелі саясат туғызатынын ескерткен.
Тәуелсіздік Әбіш Кекілбайұлының суреткерлігін ғана емес, оның саясаткер ретіндегі тынысын да ашты. Саясатта ішкі ынтымақ пен сыртқы ықпалдастықтың үйлесімділігін қолдады. Жоғары деңгейлі қызметтерді атқара жүріп, сол кездегі ең басты мәселе – тәуелсіздікті нығайту деп түсінген. Қай мәселемен айналысса да, ең алдымен тәуелсіздікке нұқсан келтірмеудің қамын ойлаумен, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі күрделі міндеттерді шеше алатындай тиімді саяси жүйе құруға белсенді түрде атсалысып, өз үлесін қоса білді. Қаламгерлікке суарылған қайраткерлігін халықтың, елінің игілігіне жаратқан. Әбекең халық бостандыққа жетпей тұрып, қоғам бостандыққа жете алмайды деген ұстанымға берік еді. Ойшылдың түсінігінде «бостандыққа негізделген тәуелсіздік – ешкім тіл тигізе алмас қасиетті ұғым, қазіргі адамзаттың ең басты мұраты, ең асыл игілігі».
Қоғамды гуманистік тұрғыда жаңартудың саяси-рухани мәселелерін халқымыздың тарихына, рухани-мәдени мұрасына құрмет сезімін қалыптастырумен тығыз байланыста қарастырған. Ол рухани кемелденудің бірден-бір кепілі мәдениетті орнықтыру деп есептеген. Ұлт ретінде өзіндік бет-бейнемізден айырылып қалмаудың маңыздылығына ерекше мән берген. Өйткені күрделі үдерістер жүріп жатқан кезеңде халықтың бойындағы белгісіздікке негізделген үрейді сейілтіп, еңсесін көтеріп: «Бұл бақ түгендейтін, тақ түгендейтін уақыт емес, беліңді бекем буып, қауымның жоталы шаруасына жан пида ететін заман», деп жігерлендірген. «Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел» деген өсиет қалдырып, көзінің тірісінде аңызға айналған адам. Ізгілікті игілікке әкелетін адал еңбекке балап, әділет бар жерде ғана ынтымақтың болатынын ескерткен. Ұлт татулығы – игіліктің кепілі деп білген. Себебі ең алдымен ел абыройын ойламай, ешкім де жағдайын түзей алмайды.
Дана Әбекең рухани дүниелермен қатар саяси ұстамдылық мәселесін де көтеріп, оның мемлекет өміршеңдігінің кепілі екеніне назар аударған. Бұл үдерісте өзгеру, жетілу және кемелденудің алатын орны бөлек. Яғни тәуелсіз елдің ұзақ болашағының кепілі заман келбетін дұрыс бағамдап, қоғам бағдарын нақты айқындап отыруда жатса керек. Демек, бұл – елдіктің белгісі. Ендеше, елдікті сақтай білу халқымыздың ең асыл мұраты екен.
Көріп отырғанымыздай, Әбіш өмірінің әр сәті дегдарлықтың үлгісі. Ол ұлтымыздың беткеұстар мақтанышына, қайталанбас кемеңгер тұлғасына айналды. Осы тектілігі оны тарлан тұлға, дарабоз дарын етті. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлын қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістің басы-қасында болған, оның бітім-болмысына әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі ретінде бағалап, тәуелсіздікті тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік деп тұжырымдаған аса көрнекті суреткер деп атады. Демек, уақыт өткен сайын Әбіш Кекілбайұлының қадірі артып, алып тұлғасы аспандай бермек.
Жапсарбай Қуанышев,
қоғам қайраткері