Руханият • Бүгін, 08:00

Азаттықты аңсаған жастар

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

1941 жылдың қараша айының ортасында кеңес одағын дүр сілкіндірген төтенше оқиға болды. КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы Михаил Иванович Калининнің атына жазылған бір парақ хат алып империяның шаңырағын шайқалтып жібере жаздады. Сол күннен бастап мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін орган – КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (атышулы НКВД) қызметкерлерінің ұйқысы қашып, қазақ даласында құрылған астыртын ұйымды шам алып іздеуге кірісті.

Азаттықты аңсаған жастар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

1941 жылдың қараша айы. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына небәрі бес ай уақыт өткен. Бұл күндері май­данда қан кешкен Қызыл армия Гер­мания әскеріне төтеп бере алмай кері шегі­ніп жатқан-ды. Майдан даласындағы өндіріс орындарын Қазақстанға көшіру жұмысы да қарқын алды. Сондай күр­де­лі кезеңде КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасына ультиматум қойып, алқы­мынан алған хаттың келуі империя басшыларын шошытты.

Хат қолмен жазылған. Астына «ГАКСИМ» деген лақап ат қойылған. Тағы бір таңғаларлығы, хат 1941 жылдың 7 қа­рашасы күні жолданған. Бұл ком­му­нистік қоғам үшін аса қасиетті күн, өйт­кені 1917 жылы осы 7 қарашада Санкт-Петер­бургте Уақытша үкімет құлатылып, билік басына  большевиктер келген еді.

Арада 24 жыл өткенде, дәл  7 қарашада атышулы ГАКСИМ атынан хат жазған кімдер? Хат мәтінінде не айтылады? Ол хат кеңес одағын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Сталин мен Калининді неге қорқытты?

Алдымен хат мәтінімен танысалық.

«КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы Михаил Иванович Калинин жолдасқа қазақ халқынан достық сәлем!

Біз «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының мүшелері қазақ ұлтының атынан осы хатты жолдай отырып, мынадай талап-тілектерімізді білдіреміз:

Қазақ халқы КСРО Конститутциясына сәйкес дербес қазақ мемлекеті болып бөлінгісі келеді. Оның себебі, орыстандыру саясатына байланысты қазақ тілі, қазақ халқының мәдениеті мен халықтың құқығы аяққа басылды. Қазақтар қазір құл сияқты тұ­рып жатыр. Күні-түні жұмыс жасайды. Өнім­ді (еңбектің қайтарымы) аз алады. Оны да мем­лекетке береді. Киінуге түк те қалмайды.

Қазақ халқының орыстардан бөлінуін сұраймыз. Егер бұл талаптарымыз орындалмаса, халық отанның дербестігін амалсыздан қолына мылтық алып қорғауға шығады.

Жауапты осы жылдың 1 желтоқсаны күні «Правда» газеті мен радиодан күтеміз.

ГАКСИМ 7\11 - 41 жыл».

тт

НКВД қызметкерлері хатты кімдердің жазғанын анықтап үлгермей жатып, Батыс Қазақстан облысының аудандарында мемлекетке қарсы үнпарақтардың таратылғаны туралы факті тіркелді. Үн­парақ­тағы мәтін де отарлаушы кеңес билі­гіне қарсы қарулы көтеріліс жасауға үндейді.

«Қазақтың ұлдарына «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атынан сөз арнаймыз. Біз «Қазақ халқын қорғаушылар ұйымы» қазақ жастарын, өзіміздің Отанымыз үшін, қазақтардың тәуелсіздігі үшін, оның тілі мен мәдениеті үшін қалың қазақ жұртын күресуге шақырып отырмыз. «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» осы мақсатта халықты бастауға бел буып отыр және бастай да бермек. Бірақ та қазақ халқын КСРО-дан бөлуге одақтың күші жеткіліксіз. Оның үстіне кеңес өкіметі және оның басшылары конституцияда көрсетілсе де, біздің кең байтақ даламыз бен бай республикамызды бөлек шығаруға қарсы және бөлмейді де. Сол үшін қазақ халқы өзінің Отаны, дербестігі, мәдениеті, тілі үшін қолдарына қару алып күреске шығуы керек. Тарих басқалай күрес жолын білмейді. Әрбір халыққа өз Отаны, дербестігі, өздеріне ыстық мәдениеті мен тілі керек. Ұлттық күрес осыдан туындайды. Қазіргі кездегі КСРО-дағы қазақ, өзбек, башқұрт, татар, қырғыз, армян және басқа аз ұлттар орыстандыру саясатына ұшырап, өздерінің ұлттық бет-бейнесін жоғалта бастады. Аталған  халықтардың өкілдері де өз отаны үшін күреске әзір. Біз, аз ұлттар, ұлы майданға қосылып қарсы тұруымыз керек. Ол үшін біз бастауға тиіспіз.

Қазақ Ұлдары! Өз Отаныңыз бен дербестігіңіз үшін бүгінгі күннен бастап қарулы күреске жұмылыңыздар!».

«Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы үнпарақтарды баспадан басып шығарған. Ұйым баспаханада әріп теруші болып қызмет ететін Мәззал Әлиевтің көмегімен өздерінің астыртын баспаларын жасақтаған. Жасырын баспадан үнпарақтарды ғана емес, ұйымның мүше­лік билеттерін де шығарып, ұйым мүше­лері­не таратып берген. Үнпарақ таратушылар мәтін соңында Кенесары мен Наурызбайдың, Исатай мен Махамбеттің, Амангелді мен Бекболаттардың аруағын шақырып, қазақ ұлтын рухтандырмақ болған. Әр үнпарақ соңында «Ұлттар­дың бостандығы жасасын», «Қазақ халқы жа­сасын», «Қазақтың жеңімпаз перзент­тері – батырлары жасасын», «Қазақ батыр­ларының Отаны жасасын», «Отан үшін алға! Күреске шық» деген сияқты ұрандар көтерілген.

Кеңес одағы басшыларына ГАКСИМ-нен келген хат пен Батыс Қазақстанда тараған үнпарақтар ауыр соққы болып тиді. Майдан даласында онсыз да жеңіліп жатқан мемлекет іштен бүлінсе, кеңес одағы біржола құлап, ыдырайтыны анық еді. Сондықтан да, Сталин мен Калинин бастаған КСРО басшылығы бұл ұрандардың батыл үні одақтас республикаларға тарамай тұрып, «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымын тез арада тауып, ұйым мүшелерін қатаң жазалауды тапсырды.

Арада бақандай бес ай өткеннен соң, 1942 жылдың 1 сәуірі күні Мемле­кеттік қауіпсіздік комитеті қарулы көте­ріліс жасамақ болған «Қазақ хал­қын қорғаушылар одағы» ұйымын анықтады. Көтерілісшілер соғысқа алынып, майданға аттанып бара жатқан қазақ жастарының күшін пайдаланып, жергілікті өкіметке соққы бермек болған.

Артынша, кеңес одағына қарсы астыртын ұйымның ұясы Батыс Қазақстан облысының Фурманов, яғни қазіргі Жалпақтал ауданында орналасқаны белгілі болды. «ГАКСИМ» дегеннің мәні екі адамның аты-жөндерінің бас әріптері (Ғұбайдулла Әнесұлы Көшеков, Сатқали Иманғалиұлы Молдағалиев) болып шықты. Астыртын ұйым мүшелері толықтай әшкере болғанша,  ауданнан соғысқа адам алу ісі тоқтатылды. Сол аралықта НКВД тергеушілері аталған астыртын ұйымға Құлбасов деген бүркеншік атпен  тыңшысын мүше етіп үлгерді. Ол «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы мүшелерінің сеніміне кіріп, тіпті Жымпиты ауданында қарулы көтерілісті ұйымдастыру жұмысына бекітілді. «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы Батыс Қазақстандағы коммунистік билікті құлатудың нақты жоспарын әзірлеген. Олар «Географиялық карта – көтеріліс бағдаршасы» атты құжат қабылдап, карта арқылы әр ауданға жауапты адамдарды бекіткен. Сол картада көрсетілген сызбамен көтерілістің қалай басталатыны, қай бағытқа қозғалып, өзге аудандағы күштермен қалай қосылатыны көрсе­тілген. Сондай-ақ ұйым басшысы көтеріліс басталатын күнді аудандарға «Менің үйлену тойым 05.04.1942 жылы болады» деген жеделхатпен хабарлайтыны, ал аудандардан да осындай өңі өзгертілген мағынада жауап келетіні белгіленген.

Астыртын ұйымның үлкен ауқымда көтеріліс жасап, коммунистік жүйені құлатуы үшін қаржы ауадай қажет еді. «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы Фурманов аудандық банк бөлімшесін тонауды дұрыс деп шешеді. Банк тонаудың да жоспары бекітіледі.

Ұйым мүшелері банк тонауға ұйым жетекшісі қатыспауы керек деген шешімге келген. Басшының өмірін қатерге тікпеу астыртын ұйымның ғұмырын ұзарту үшін керек болған. Яғни тонаушылар қолға түссе де,  «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы жұмысын тоқтатпауға тиіс деген шешім қабылданған. Банк тонаушылар алдымен телефон желісін үзіп, банктің сыртпен байланысын шектеп тас­тайды. Сосын, қолға түсірген қаржыны көтеріліс басталғанша жер астына көміп тастау ұйғарылады.

Құлбасов деген бүркеншік атпен «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымына мүше болған жансыз аз уақытта ұйымның мүшелерін мемлекеттік қауіпсіздік органы қызметкерлеріне анықтап берді. КСРО Ішкі істер халық комиссариаты қызметкерлері ұйым мүшелерін шетінен тұтқындауды бастады. Астыртын ұйымға мүше болған 14 азамат темір торға тоғытылды.

1941 жылдың 21 желтоқсаны күні НКВД қызметкерлері «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымының жетек­шісі Ғұбайдолла Әнесұлы Көшековті (кей құжаттарда Ғұбайдолла Әнесов) таң­ғы сағат бесте үйінде ұйықтап жатқан жерінен қолға түсірді. Кеңес одағы басшыларын күндіз күлкі, түнде ұйқысынан айырған астыртын ұйымды құрған адам бар болғаны 18 жастағы бозбала болатын.  Әрине, сену қиын. Жас жігіттің алып империяға қарсы майдан ашуға бекінуі көзсіз батырлық па, жоқ әлде басқа да астары бар ма?

Тергеу барысында Ғұбайдолла Көшеков қана емес, астыртын ұйымға мүше болғандардың көбінің жасы жиырмаға да толмаған бозбалалар екені анықталды. Бұл жасөспірімдер кімдер? Олардың артында кімдер тұр? Кеңес одағының басшыларына талап қою идеясы қайдан шықты? 1936–1937 жылдардағы репрессия кезінде қазақтың бас көтерер зиялыларының көзі түгелдей жойылған жоқ па еді? Жойылмапты. Тергеуге берілген жауап­тардан Ғұбайдолла Көшековтің саяси білігінің жетілуіне Фурманов аудандық атқару комитетінің іс жүргізушісі Сатымов атты туысының ықпал еткенін аңғаруға болады. Бірақ Сатымов құрт ауруына шалдығып, 1936 жылы Ғұбайдолланың 14 жасында көз жұмған. Тергеу кезінде Ғұбайдулла Көшеков өзінің саяси білімінің қаншалық терең екенін байқатты. Ол тергеушілерге қазақ халқының дербес ел ретінде азаттық алуы керегін дәлелдеумен болды. Өзінің ісін қылмыс деп танымайтынын, бұрынғы батыр бабалары секілді ұлты үшін күрес жүргізбек екенін айтты. 

Тергеу ісі өте қарқынды жүрді. Астыртын ұйымның мүшесі болған 14 адамның (Ғұбайдулла Көшеков бастаған Сейітқали Бажекенов, Сатқали Молдағалиев, Ғұмар Тұрымов, Сейдолла Шорабаев, Мұхамбетжан Нұралин, Иғали Мұхамбетқалиев, Мәззал Әлиев, Мәннап Ахметов, Қамал Мақұлбаев, Сүндетқали Қаражанов, Өтеген Аманов, Қайырғали Сапаралин, Иманғали Насыров) барлығы дерлік қамалды. Ғұбайдулла Көшеков ату жазасына кесіліп, Сатқали Молдағалиев пен Ғұмар Тұрымов – 10 жылға, қалғандары  – 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылай қазақ ұлтының азаттығы үшін күрес жолын таңдаған оғландардың армандары күйреді.

Бүгінгі бұқара «Қазақ халқын қор­ғаушылар одағы» ұйымы мен оның мүшелері хақында толық құлағдар емес. Бұл ұйым туралы осы мақалада дерек­терін пайдаланған Амангелді Шахиннің «Қорғаймын!» деп қазақты...» атты кітабы мен бірлі-жарым мақаладан өзге мардымды ақпарат та жоқ. Бізді жиыр­ма жасқа толмай жатып, ұлт-азаттығы жолында шейіт кеткен Ғұбайдулла Көшеков бастаған тәуекелшіл жастардың ерлігін халық жадында қалдыру ісі де кенжелеп келе жатқаны өкіндіреді. Әлі де болса, бұқараның бостандығы үшін күреске шыққан жастарды ұлықтап, ұлттың қаһармандары ретінде дәріптеуге кеш емес деп ойлаймыз.