Кездесуде Сырдария өзені бассейніндегі судың аздығы туралы қалыптасып отырған ахуал жайы сөз болды. Нарын-Сырдария каскадына келіп түсетін су көлемі айтарлықтай төмендеген. Бұл келесі жылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы қаупін тудырады.
Оның салдарын барынша азайту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі су қоймаларының жұмыс режімдеріне қатысты бірнеше болжамдық нұсқа әзірледі. Су тым аз келген жағдайда ресурстарды қайта бөлу мен лимиттерді түзету қажет болатын сценарийлер пысықталды.
Тұтынушылар судан тапшылық көрмеуі үшін әрі Сырдария өзенінің төменгі ағысында төтенше жағдай туындауына жол бермеу мақсатында Қызылорда облысында 2026 жылы күріш егістігінің алаңы 70 мың гектардан аспауға тиіс. Бір айта кететіні, егіс алқаптары жыл сайын оңтайландырылып жатқанына қарамастан, орташа өнімділік өсіп келеді (2024 жылы 85 мың га алқапта гектарынан 58 центнер, 2025 жылы 80 мың га алқапта гектарынан 58,1 центнер алынды). Бұған жаңа күріш сұрыптарын енгізу мен заманауи техниканы пайдалану себеп болып отыр.
Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологияларын қолданатын егістік көлемі артып келеді. Егін алқаптарында су ысырап болмау үшін лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл әдіс суды 20%-ға дейін үнемдеп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Биыл 60 мың гектар күріш алқабы тегістелді.
Заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу тәуекелдерді азайтып, АӨК-тің орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінде бұл технологиялар республика бойынша 500 мың гектардан астам жерде қолданылып жатыр. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін (суармалы жерлердің шамамен 70%-ы) жеткізу жоспарланып отыр. Аталған мақсаттарға жету үшін Үкімет кешенді шаралар қабылдауда, соның қатарында субсидиялау мәселелері де шешіледі.
2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің шеңберінде инвестициялық шығындарды өтеуге бағытталған жалпы трансферттер көзделген, ал қаржыландыру көлемі 215 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
«Алдағы вегетациялық маусымда жоғарыдан келетін су көлемі айтарлықтай азаюы мүмкін. Қызылорда облысының әкімдігі Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, инновациялық препараттарды қолдану үшін кемінде 100 гектар жер телімін анықтап, оларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржылық қолдауды қамтамасыз етуі қажет», деді Қ.Бозымбаев.
Кездесуде фермерлерге суды пайдалану ашықтығын қамтамасыз ету мен су ресурстарын есепке алуды одан әрі цифрландыру үшін енгізіліп жатқан биллинг жүйесі туралы да айтылды. Бұл – фермерлерді сумен қамтудың толық циклін біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа. Оның ішінде өтінім беру мен келісімшарт жасасудан бастап, нақты тұтынуды есепке алу және төлем жасауға дейінгі функциялардың барлығы бар. Жүйе үдерістерді оңтайландырады, суды бөлу мен есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ нақты көлемдерді дәл есепке алуға мүмкіндік береді.
Вегетациялық кезең басталғанға дейін Қызылорда облысының әкімдігіне диқандар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. «Қазсушар» РМК-ға ылғалды көп қажет ететін дақылдарға бекітілген лимиттерге қатаң сәйкес келетін су беру шарттарын жасасу, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алдағы вегетациялық кезеңде «қара су нарығымен» күресті күшейту жүктелді.
Су шаруашылығындағы ахуал өзгерген жағдайда Су ресурстары және ирригация министрлігіне 2026 жылғы вегетациялық кезеңге арналған өңірлер бойынша су тұтыну лимиттерін 2026 жылдың 1 ақпанына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдау жүктелді. Тиісті министрлікке 2026 жылдың 1 наурызына дейін ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егістік құрылымын нақты қолжетімді суару суының көлеміне сәйкес түзету тапсырылды.
Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Облыста 447 мыңға жуық тұрғын (53%) ауылдық жерлерде тұрады. Жоба басталғалы бері ауылдарда 782 жоба жүзеге асырылып, 1,1 мың жұмыс орны ашылды. Биыл 5,5 млрд теңге бөлінді. Әсіресе өнімді өндіруден бастап өткізуге дейін толық циклмен жұмыс істейтін қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдауға басымдық беріліп отыр.
Жиында кооперативтерді басым бағыт ретінде қолдау мәселесі де жеке қаралды.
«Мемлекет басшысы жақында өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында ауыл экономикасының тұрақты дамуы тікелей кооперативтердің тиімді жұмысына байланысты екенін атап өтті. Кооперативтерді құру үдерісі еліміз бойынша белсенді жүргізілуге тиіс, ал облыс әкімдіктерінің үйлестіру жұмысы қатаң бақылауда болуы қажет», деді Қ.Бозымбаев.
Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» қанатқақты жобасының жүзеге асырылуымен танысты. Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан іске қосылған.
«Әкімнің цифрлық жұмыс орны» жүйесі әлеуметтік-демографиялық өзекті деректер мен әрбір үй шаруашылығына қатысты ақпаратқа нақты уақыт режімінде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Платформа әкімдерге біріктірілген деректер негізінде жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға жол ашады, ақпараттың шашыраңқылығын азайтып, әкімшілік жүктемені төмендетеді.
Бүгінде жоба ел бойынша 34-тен астам ауылдық округте іске қосылып, әлеуметтік қолдау шараларының нақтылығын арттыруға, ашықтықты күшейтуге және қолмен жинақталатын есептерден аналитикалық басқару форматына көшуге мүмкіндік беріп отыр. Модуль «Цифрлық отбасы картасы» инфрақұрылымы негізінде жасалған және 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен ықпалдастырылған. Бұл әкімдерге халық, үй шаруашылықтары, қолдау шаралары, табыс, тұрғын үй және әлеуметтік осал топтар бойынша бірыңғай және нақты деректер көзіне қол жеткізуге жағдай жасайды.
Алдағы кезеңде жүйе жаңа мәліметтік блоктармен толықтырылмақ. Олардың қатарында салық деректері, субсидиялар мен әскери есепке алынғандар туралы ақпарат бар. Қазақстандағы барлық ауылдық округтерді жүйеге қосу 2026 жылдың І жартыжылдығына жоспарланған.