...1986 жылдың желтоқсан айы. Кеңес өкіметінің күшіне мініп тұрған кезі. Мәскеуден басқарылатын тоталитарлық тұрғыдағы әміршіл-әкімшіл жүйе Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында республика басшылығын ауыстыруды ойлады, сөйтіп, бәрі де бар болғаны он-он бес минутта шешіліп, қазақ халқының маңдайына біткен алып тұлға Дінмұхамед Қонаевты орнынан алды. Оның орнына Ресейден әкелінген ешкімге белгісіз Геннадий Колбинді бірінші хатшылыққа сайлап, ұлтымыздың намысына тиді...
Барлығы осыдан басталды да, отаншыл, ұлтшыл қазақ жастары батылдықпен бас көтеріп, бүкіл әлемді «шулатты». Негізінде бұл бергі жағында жатқан себеп еді. Ал арғы жағында бодандықтан бостандыққа ұмтылған жалын жүрек жастарымыздың болаттай суарылған арман-мүддесі жатқан болатын. Осылайша, олар дүниежүзі демей-ақ қояйық, бірақ, кеңес одағы кеңістігіндегі демократиялық дүмпудің алғашқы «жарылысын» жасап, арқырап теңдік сұрап алаңға атойлап шықты.
Иә, осы жерден тізгін тартып, енді мына суреттің жай-жапсарына келейік.
«1992 жылдың сәуір айы еді, – дейді белгілі жазушы-көсемсөзші, баспагер Талғат Айтбайұлы. – Димаш Ахметұлының үйіне арнайы бардық. Қасымда – заңгер Тойболды Зейнәбілов, қолымызда – жаңа ғана басылып шыққан «Алматы. 1986 жыл. Желтоқсан» атты жинақ (қазақша, орысша), мақсатымыз – осы айғаққа толы маңызды кітапты Димаш ағаның қолына құрметпен тапсыру. Атап айтарым, екеуміз бұл міндетті сол жолы сәтіменен оңтайлы орындадық».
Бұл тұста ескерте кетсек, Талғат мұндай игі істі жақсы жалғастырып, бүгінге дейін осы сериямен 12 кітап шығарып, ерлік деуге келерліктей еңбек етті.
Суретте: төменгі қатарда сол жақтан Тойболды Зейнәбілов, Талғат Айтбай, көзілдірікті кісі Түркиядан келген кәсіпкер. Жоғарғы жақта солдан оңға қарай Қазақстан діни басқармасы төрағасының орынбасары Асылхан (тегін білмей отырмыз), белгілі әдебиетші ғалым Мардан Байділдаев, Асылханның жүргізушісі және оң жақта ең шеткі академик Ешімбет Байбарақов (әрине, мұндай дәрежеге кейін жетті ғой). Бұл жерде барлығының басы кездейсоқ түйісіп қалған екен – басқалар да халқымыздың қадірлі перзентіне сәлем беруге барған ғой.
Бір ғажабы, бәрінің де жүздерінен ерекше бір жылылық төгіліп тұр. Бұл жан-жағына жылы шуақ шашқан жақсы адамның қолын алып, әсерлі әңгімесі мен ұлағатқа толы сөзін ұйып тыңдағаннан кейін ғана болатын керемет сәт-ау.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналистика ардагері
Алматы облысы,
Қарасай ауданы