Жол құрылысында аса маңызды аталған геодезиялық зерттеу жұмысы аясында жаңа жол түсетін жердің ерекшелігі, жер астындағы топырақ қыртысы, оның құрамы зерттеледі. Сондай-ақ күре жолдың топографиялық сұлбасы сызылып, қай тұста нені ескеру керек, жол бойында неше сай бар, неше көпір салынуы керек, жолды тасқын су шайып кетуі мүмкін жерлерде нендей қауіпсіздік шаралары қарастырылуы қажет деген тәрізді маңызды мәселелер бүге-шігесіне дейін зерттеліп, пысықталады.
«Мұны жобалық-іздестіру жұмыстары деп атаймыз. Жол түсетін аумақта жер астында мол қазба байлық қоры жатуы да мүмкін. Қараша айының соңына дейін жер қыртысындағы материалдарды алу жұмысы жүрді. Желтоқсан айында зертханалық-сынақ жұмыстары басталады. Қай жерде не бар, жол қай маңнан түсу керек, қай жерден айналып өтеді деген мәселелерді анықтап аламыз. Одан кейін осы жобалық-іздестіру жұмысы қорытындысының негізінде жолды жобалау жұмысы басталады», дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Серік Қарабеков.
Мамандардың айтуынша, келешекте «Орталық – Батыс» көлік дәлізінің үстімен тәулігіне шамамен 3 мыңдай автокөлік өтетін болады. Оның дені – салмағы ауыр жүк көліктері. Жол бойында жатқан 13 елді мекенде 70 мың халық тұрып жатыр. Ендеше, осы елді мекендердің өркендеуіне, тұйықта қалған өңірдің транзиттік әлеуетінің артуына ерекше серпін беретін жаңа жолдың құрылысы да ерекше мұқият болуды қажет ететіні түсінікті. Мұндай ауқымды әрі күрделі инфрақұрылымдық жобаның атүсті, асығыс салына салмайтыны да белгілі.
Торғай өңірінің халқы тағатсыздана күткен күре жолдың құрылысы алдымен Арқалық қаласының шығыс бөлігінен басталады. «ҚазАвтоЖол» филиалының мәліметінше, бұрыннан бар «Астана – Егіндікөл», «Арқалық – Торғай» жолы қайта жөндеуден өтеді. Бұл жолдар кеңейтіліп, су өткізетін, жұрттың малы, жабайы жануарлар өтетін құбырлар, жаңа көпірлер, жол айырықтары, айналма жолдар салынады. Жалпы құрылыс 21 учаскеге бөлініп, әр аумақтың мердігері анықталып, бекітіліп қойған. Ал тыңнан түрен салатын тақыр далаға түсетін жолдың ұзындығы 600 шақырым болады.
Көптің көзіне түсе қоймайтын кешенді дайындық жұмыстарының жүріп жатқанына қарамастан, біраз уақыт бұрын «Президент тапсырған «Орталық – Батыс» күре жолы Торғай емес, Ұлытау жақпен өтетін болыпты» деген жалған ақпарат шығып, ел ішін дүрбелеңге салғаны да рас. Қау еткен қауесет толастамаған соң, облыс әкімі Құмар Ақсақалов Арқалық, Торғай өңіріне арнайы барып, халықпен жүздесіп, мән-жайды түсіндірген.
«Әртүрлі әңгімені естіп отырмын. Бұл жол тек осы бағытпен салынатынын ресми түрде айтқым келеді. Сондықтан алаңдамаңыздар. Президенттің тапсырмасын ешкім өзгерте алмайды. Ол жағынан еш уайым болмасын. Үш апта бұрын мен Президент қабылдауында болып, атқарылған жұмыс туралы есеп бердім.

Қасым-Жомарт Кемелұлына сіздердің алғыстарыңызды жеткіздім. Мемлекет басшысы: «Бұл тапсырманы Торғай халқының тұрмысы жақсы болу үшін беріп отырмын. Жол міндетті түрде салынуы керек. Сондықтан облыс басшылығы менің тапсырмамды жіті бақылауда ұстауы керек» деп сіздерге де арнайы сәлем жолдады. Бұрын Арқалықтан Астанаға дейін ескі жолмен баратын болсақ, титықтап 600 шақырым жүретін едік. Жаңа жолмен 374 шақырым ғана болады. Бұл жол ең алдымен осы өңірдің экономикасының өсуіне негіз қалайды. Қазір де біраз қаражат бөліп жатырмыз. Арқалықтың биылғы бюджеті 32 млрд теңгеге жетіп қалды. Мұны 2022 жылмен салыстырсақ, қала бюджеті 60% көбейіп отыр. Президент Жолдауында Үкіметке Торғайды дамытуға айрықша назар бөлу туралы тапсырма бергені де баршаға аян. Өңір тынысы, дамып-жетілуі сапалы жолға тікелей байланысты. Облыста жол құрылысы саласына қыруар қаржы бөлініп отыр. Оның қомақты үлесі Торғай өңіріне бағытталды. Мәселен, биыл Торғай өңіріне 102 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы – былтырғыдан 40% көп. Нәтижесінде, 1 300 шақырым автожол, 103 елді мекенде 400 көше жөнделді. Айталық, Арқалықта 40, Жанкелдин ауданында 24 көше, Аманкелдіде 5 көше қалыпқа келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса береді», деді әкім.
«Орталық – Батыс» көлік дәлізі жобасына белсенді атсалысқан экономика ғылымдарының докторы, профессор Аяпберген Таубаевтың айтуынша, жаңа магистраль өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырумен қатар, Торғай өңірін дамытуға негіз болады.
«Жолдар – экономиканың күре тамыры деп тегін айтылмаған, олар ел ішіндегі және халықаралық экономикалық байланыстардың дамуына жоғары серпін береді. Әлемдік тәжірибеге, оның ішінде көлік-логистикалық тұрғыдан дамыған АҚШ тәжірибесіне сүйенсек, ел ішіндегі жолдардың дамуы экономикадағы еңбек өнімділігінің 25%-ға дейін өсуіне мүмкіндік береді. Қазақстанда кеңес дәуірінен бері негізгі көлік артериялары «Оңтүстік – Солтүстік» бағыттарында орналасқан. Бұл «Шығыс – Батыс», «Орталық – Батыс» бағыттарында жүк тасымалдаудың логистикалық шығынын едәуір арттырып отыр. Мұның сыртында, елімізде жолаушылар айналымының 97%-дан астамы, жүк айналымының 2,5%-дан астамы автокөліктің үлесінде. Осыны ескерсек, «Орталық – Батыс» бағытында көлденең көлік магистралдарын салу жүктерді жеткізу, халықтың қатынас маршруттары мен уақытын айтарлықтай оңтайландыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сол тұрғыда Президент ұсынған жаңа магистраль осы мәселелерді түпкілікті шешуге жол ашады», дейді А.Таубаев.
Ғалымның пайымынша, «Орталық – Батыс» автожолының тағы бір артықшылығы – еліміздің Орталық, Шығыс, Оңтүстік өңірлері арасындағы жүктерді екі бағытта да Ақтау қаласындағы теңіз порты арқылы неғұрлым үнемді тәсілмен тасымалдауға мүмкіндік туады. Бұл, сонымен қатар, көлік шығындарын үнемдеуге, елдің транзиттік әлеуетін дамытуға қосымша серпін береді. Жаңа магистраль еліміздің орталық, батыс өңірлерінің, бірінші кезекте Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарының өңіраралық байланысының нығаюына ықпал ететін болады. Сондай-ақ бүгінде логистикалық кедергілерге байланысты өнім өткізуде қиындыққа тап болып отырған жергілікті кәсіпкерлердің инвестициялық, іскерлік белсенділігі артады. Бұл жайт Орталық, Шығыс, Оңтүстік өңірлердің экономикасын дамытуға мультипликативті әсер етеді. Яғни аталған жобаға жұмсалған 1 теңге, бірнеше есе артық әлеуметтік-экономикалық пайда алып келуі мүмкін.
«Нақты айтсақ, аталған өңірлердің инвестициялық, іскерлік белсенділігі, салық төлемдері артады. Жаңа жұмыс орындары көптеп ашылады. Мәселен, тек Жангелдин ауданында ғана жол бойында қызмет көрсететін бизнес нысандарында 500-ден астам, жол-пайдалану бөлімдері мен осы салаға қатысты кәсіпорындарда 180 жұмыс орны ашылады. Сондықтан Мемлекет басшысының жаңа магистраль жобасы Торғай өңірінің дамуына жаңа леп әкелетін игі бастама екені даусыз», дейді экономист-ғалым.
Таяуда Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Торғай өңірін дамытуға, оның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілетін келешегі зор жобаларды қарауға арналған жиын өткізді. Оған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Райымбек Батталов, бірқатар вице-министр, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Торғай өңірін дамытудың сан тарау жолдары қарастырылған алқалы жиында жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де сөз болды. Атап айтқанда, «Астана – Ырғыз» тас жолында жанармай құю стансаларын салу мәселесі пысықталды. Қазір бұл учаскеде екі жанармай бекеті жұмыс істеп тұр. Алайда жолдың ұзақтығы ескеріліп, Егіндікөл мен Жангелдин аудандарында қосымша кешен салу қажет екені айтылды. Аталған бағытта жұмыс істеп жатқан «PetroRetail» компаниясы желіні дамыту, жанармай бекеттерін көбейту жөнінде ұсыныс айтты. Сонымен қатар компания басшысы Торғай өңірінде жол бойында қызмет көрсететін заманауи қонақүй салуға ниетті екенін жеткізді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, «Орталық – Батыс» көлік дәлізінің құрылысы 4 жыл ішінде толық аяқталуға тиіс. Құрылыс жұмыстарына шамамен 6 мыңдай адам, 4 мыңнан астам техника жұмылдырылады.
Қостанай облысы