Қоғам • Кеше

Әскерилерге білім грантын табыс етті

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ҰҚК-нің Қостанай облыстық шекара қызметі департаментінде Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп қайтқан сарбаздарға тегін білім грантын тапсыру рәсімі өтті.

Әскерилерге білім грантын табыс етті

Салтанатты жиында департамент бастығының орынбасары, полковник Мадияр Өтелбаев әскери міндетін адал атқарған, қызмет барысында бұлжымас тәртіп пен жоғары жауапкершіліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлерді қолдау шекара қызметінің маңызды міндетінің бірі екенін айтты.

«Шекара шебіндегі қызмет – адам мінезін шынықтыратын үлкен мектеп. Ал бүгінгі салтанатты іс-шарада сарбаздарға берілген мемлекеттік гранттар жастардың тегін білім алып, келешекте кәсіби маман, лайықты азамат болып қалыптасуына жолашар болады деген сенімдемін», деді М.Өтелбаев.

Мемлекеттік грантқа ие болған жауынгердің бірі, Лисаков қаласының тұрғыны Дәмір Нұрқанов әскер қатарына өткен жылы қыркүйек айында аттанған. Бір жыл Күршім, Зайсанда шекара шебін күзетіп, мерзімі аяқталған соң биыл қыркүйекте қайтып оралды. Әскерге дейін техник-бағдарламашы мамандығы бо­йынша арнайы орта білім алған Дәмір Отан алдындағы борышын мүлтіксіз атқарғаны үшін білім грантына лайық сарбаздардың қатарына да енген. Абырой болғанда, іріктеу конкурсынан сүрінбей өтіп, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне оқуға түсіп отыр. Амандық болса, 2026 жылдан бастап ЖОО студенті атанып, «Механика және металл өңдеу» мамандығының қыр-сырын игере бастайды.

па

«Жалпы, менің өмірімді әскерге дейінгі және әскерден кейінгі деп екі кезеңге бөлуге болады. Әскери қызметте жүріп бұрын өзім білмеген көп нәрсені көріп-білдім. Ауыртпалықта төзімді болуды, қиындықтан қорықпауды, жолдасыңа адал болып, айналаңдағы адамдармен тіл табыса білуді үйрендім. Бүгін оқу грантын алып ерекше қуанып тұрмын. Әрине, бұл – мен үшін үлкен мәртебе, жауапкершілік. Университетте жоғары білім алып әрі қарай еңбек етіп, осы елдің бір пайдалы, сапалы азаматы болғым келеді», дейді Дәмір.

Дәмірмен бірге білім грантын алған Алексей Козаченко да Күршім шекара басқармасының «Көкжота» застабында бір жыл көлік жүргізген. Алексей әскерге дейін Қостанай автомобиль транспорты колледжінде оқып, техникалық қызмет көрсетуші, автомобиль транспортын жөндеуші деген мамандық алып шыққан. Енді әскерден кейін мемлекеттік грант қолына тиіп, алдағы жылдан бастап Ақаң университетінде «Транспорттық техника және технология» мамандығы бойынша оқуын жалғастырмақ.

«Біржылдық қызмет көп нәрсеге үйретті. Шекара шебінде борышын өтеген жауынгер үшін жауапкершілік деген нәрсе күнделікті ереже-дағдыға айналады. Азын-аулақ еңбегімді бағалап жатқан мемлекетке, шекара қызметінде жүріп өзім тәлім алған офицерлерге, қарулас жолдастарыма алғыс айтамын», дейді А.Козаченко.

Департамент бастығының орынбасары грант иелерін құттықтап, студент атанған сарбаздарға сәттілік тіледі.

«Шекара шебінде ел тыныштығын қорғау – оңай қызмет емес. Сіздер міндетті абыроймен атқардыңыздар. Мемлекет еңбектеріңізді бағалап, сіздерге жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігін беріп отыр. Естеріңізде болсын, шекарашының қызметі әскерден босату туралы бұйрықпен аяқталмайды. Сіздердің бір жыл ішінде жинақтаған білім-тәжірибелеріңіз, әскери өмірлеріңіз қалыптастырған тәртіп пен мінез ертең ел игілігіне қызмет ету керек. Сіздердің университетте сапалы білім алып, келешекте білікті маман болып шығуларыңызға тілектеспін», деді полковник М.Өтелбаев.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар